Ұстаз болу – ұлы іс
Ғасырлар бойы шәкірт жүрегіне жол тауып, сол жүректі жарық сәулесімен нұрландырып келе жатқан тұлға – ұстаз екенін әрқайсымыз мойындаймыз. Ұстаз дегенде сырт сымбаты мен шәкіртіне деген ішкі жан дүниесінің сұлулығы үйлесім тауып тұрған үлгі-өнеге иесі көзімізге елестейтіні рас.
Осы тұста көзге көп елене бермейтін, тынымсыз да жауапты ісі бастан асатын, білім берудің алғашқы сатысында еңбек етіп жүрген және бүгінде «мамандығым – мақтанышым» деп өз ісінің майталманы болып жүрген мектепке дейінгі мекеме, яғни балабақша педагогтарының еңбегінің де бала тәрбиесінде маңызды орынға ие екендігін айта кеткен жөн.
Мектепке дейінгі білім мен тәрбие беруді бір қарағанда, әйтеуір, ата-анасының жұмыста болған уақытында баласын бағып-қағып, қарап беретін ұйым деп қабылдайтындар әлі де аз емес. Қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп, атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келер ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуге тырысқан. Атасы немересіне жеті атасын үйретіп, батырлардың ерлік хикаяларын әңгімелеп, адамды жақсы ететін де, жаман ететін де тәрбие екенін жастайынан баланың бойына сіңіріп отырған. Жас ұрпақты тәрбиелеуді мектепке дейінгі кезеңнен бастаудың маңыздылығын қазақ халқы ерте түсінген. Міне, осы тәрбиенің негізін өз қолына алып, ата мен әже тәрбиесін толықтырушы мектепалды білім беру ордасы – балабақша, балабақша педагогтары.
Еліміздің тәуелсіздік алған уақытымен тұспа-тұс ашылып, мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру ісін үздіксіз жалғастырып келе жатқан Өскемен қаласы әкімдігінің №106 «Қарлығаш» балабақша-бөбекжайы –қаламыздағы өз жұмысын мемлекеттік тілде жүзеге асырып келе жатқан мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру мекемелерінің бірі. Ашылғанына отыз жылға жуықтап қалған балабақшаның алғашқы түлектері – бүгінде еліміздің әр саласында орнын тауып, кірпіш болып қаланған беделді азаматтар. Ел болып, етек жеңімізді жинай бастағанда ашылған тұңғыш қазақ балабақшасының алатын орны ерекше. Балабақша беделінің артып, төл тәрбиеміздің бала үшін де, ата-ана үшін де тиімді тұстарын таңдап, ғылымдағы озық үлгілерді балабақшадағы тәрбие жұмысына енгізу ісін зор құлшыныспен атқарған, бүгінде бәріміздің үлгі тұтар құрметті ұстазымыз Айгүл Сүртүкенова болды. Қол астындағы жас мамандардың бала тәрбиесінің бағбанына айналуына мейлінше тер төгіп, әрбір баланың еліміздің елеулі азаматы болып өсуіне негіз болатын ұлттық тәрбиеміздің алдыңғы орынға шығуына өте көп көңіл бөле білді. Айгүл Бірғалиқызы тәрбиелеген сол кездегі жас мамандар – бүгінде беделді балабақша меңгерушілері, әдіскерлері, ата-аналардың және балалардың сүйікті тәрбиешілеріне айналған үлгілі де жоғары санатты педагогтар. Мекемеміздің озық педагогикалық үлгілер негізінде жұмыс істеуіне зор үлес қосып, педагогтарымыздың заманға лайық білім мен біліктерді игеруіне жағдай жасаған нағыз ұстаздардың қатарына дарынды балаларға арналған «Восток» ғылыми-зерттеу дамыта оқыту орталығын басқарған Галина Протасова мен Гүлбараш Маткаримованың да есімдерін мақтанышпен атауға болады. Сондай-ақ бүгінде халықтың ыстық ықыласына бөленіп, еліміздің ертеңі үшін еңбек етіп жатқан қаламыздағы мектепке дейінгі білім ордаларын басқарып отырған Сара Қапезова, Тілеукеш Жәнібекова, Наталья Гальцер, Айгүл Қырықбаева сынды тәлімгер ұстаздардың да еңбегін мереке қарсаңында ерекше атамасқа болмайды.
Қаламызда бүгінде ата-аналар игілігі үшін жағдай жасап отырған балабақшалар саны күннен-күнге артып келеді. Балабақша педагогтары үшін еліміздің жас ұрпағын тәрбиелеу ісіне мемлекет тарапынан да жағдай жасалуда. Педагог мамандарымыздың талапқа сай еңбек етіп, педагогикалық-психологиялық білімдерін жетілдіруіне мейлінше мүмкіндік берілуде. «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы ұстаздық етемін, өз ісімнің білімді маманы боламын деген шын ниеттегі әрбір дипломы бар адамға кеңінен жол ашты. Ендігі кезекте соған лайық еңбек етіп, еліміздің болашақ азаматтарын тәрбиелейтін педагогтар өте қажет екені шындық. Дұрыс ұстаз таба білген білім ордаларында өз мамандығын сүйетін, ісіне адал, баланы шын жүрегімен қабыл ала білетін өнегелі ұстаздардың өсіп келе жатқанына еш күмән келтіруге болмайды. Оларға да педагогикалық еңбек жолында сәттілік тілей отырып, барша ұстаздар қауымын төл мерекелерімен құттықтаймын!
Қарғаш Атыманова,
«Қарлығаш» балабақша-бөбекжайының директоры