Сүт өндірісіне бет бұрғандар көп
Сүтті мал шаруашылығын дамытуға арналған өңірлік бағдарлама бойынша әуелі тоғыз тауарлы-сүт фермасы жаңадан салынып, 28 ферма қайта жарақталуы қажет болатын. Мамыр айының басында түскен мәліметтерге сенсек, бүгінде салынуы тиіс тоғыз ферманың барлығында құрылыс жұмысы аяқталған. Соның екеуі қолданысқа беріліп те қойды.
Ал қайта жарақталуы тиіс 28 ферманың 12-сінде жұмыс біткен. Қазір аталған фермалардың иелігінде 4150 бас сауын сиыр ұсталуда. Бородулиха ауданынан үш, Бесқарағай ауданынан екі, Глубокое ауданынан үш, Шемонайха ауданынан екі, Зырян және Ұлан аудандарынан бір-бір ферма жарақталып, жаңа бағытқа жұмыс істеуге кірісіп кеткен.
Ендігі жоспар қосымша жеті ферманы жаңадан салып, 16 кешенді тауарлы-сүт фермасына бейімдеу болып отыр. Бұлардың барлығында жалпы жиыны 8500-ге тарта сауын сиыр ұсталады деп күтілуде. Алайда, уақыт өткен сайын бағдарламаға қатысушылардың саны артып, қосымша жобалар пайда болып жатыр. Мысалы, биылғы жылдың өзінде жаңадан бес ферма салынып, 17 кешен қайта жарақталуы тиіс. Ал 2017 жылға қазірдің өзінде екі тауарлы-сүт фермасын салып, екі ферманы қайта жарақтандыру жоспарланып отыр.
Бүгінде өңірлік бағдарламаға қатысуға ниетті шаруалардың алдында жалғыз мәселе тұр. Ол – жобаны қаржыландыру. Бұл іске «Қазагроқаржы» инвестиция құюға дайын. Қаржылық ұйымның деректері бойынша жыл басынан бері шаруалар тарапынан 1,09 млрд. теңгенің несиесіне тапсырыс түскен. Биыл салынады деп жоспарлаған бес ферманың екеуінде, қайта жарақталуы тиіс 17 кешеннің үшеуінде жұмыс кәсіпкерлердің өз қаржысына жүргізілуде.
Өндіріске қажет қондырғылар көбінесе швециялық «Deleval», италияндық «Agral», германиялық «Vestval» компанияларынан әкелінетін болады. Қазірдің өзінде аталған өндірушілермен келісімдер толық жасалған.
Аталмыш фермаларға тартылатын мал азығын қамтамасыз ету үшін жергілікті әкімдіктер бағдарлама шартына сәйкес қосымша жерлер бөлуге міндетті. Семей, Риддер қалалары мен Ұлан, Зайсан, Үржар аудандарында жаңадан құрылған тауарлы-сүт фермалары үшін төрт мың гектарға жуық жер бөлінген. Оның ішінде ферма құрылысына 36,8 гектар, егіске 2330 гектар, жайылымға 1586 гектар алқап берілді.
Мемлекет бюджетінен тауарлы-сүт фермасын құрушыларға инфрақұрылымдық шығындарды жеңілдету бойынша да көмек беріліп жатыр. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жеті қожалыққа осы тұрғыда көмек көрсетілді. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне сенсек, Үржар ауданындағы «Сағади» және «Юбилейный» шаруа қожалықтары ұсынған жобалардың инфрақұрылым тарту жұмыстарына облыстық бюджеттен, Глубокое ауданындағы «ОХМК» ЖШС-нің жобасына республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Бұдан бөлек Риддер қаласындағы «Достар» шаруа қожалығының жобасына электр желісін тартуға конкурс жарияланған.
Ал Ұлан ауданындағы «Борсақ» және «Тоғанас» шаруа қожалықтарының, Бесқарағай ауданындағы «Балке» шаруа қожалығының жобаларына инфрақұрылымдық көмек көрсету үшін 122,4 млн. теңгенің жобалық-сметалық құжаты мемлекеттік сарапамаға тапсырылып, қолдау тапты. Бұл қаржы облыс бюджетінен бөлінуі тиіс.
Осындай қолдаулардың арқасында жыл аяғында қолданысқа берілетін фермалардың нақты тізімі де белгілі болып отыр. «Багратион-2» шаруа қожалығы мен «ОХМК» ЖШС-ның 600 басқа арналған фермалары, «Камышинское» шаруа қожалығының 650 басқа арналған фермасы, Зайсан ауданындағы «Мұрагер» шаруа қожалығының 100 басқа арналған фермасы жаңадан салынып, 2016 жылдың күзіне дейін іске қосылмақ.
Бұған қоса Семей қаласындағы 200 бастық, Бесқарағай ауданындағы 500 бастық, Бородулиха, Глубокое, Шемонайха аудандарындағы 600 бастық, Ұлан ауданындағы 400 бастық тауарлы-сүт фермалары мамыр-қазан аралығында қайта жарақталып, қолданысқа берілмек.
Есімжан Нақтыбайұлы