Спорт

Спорт нысандарының саны артады

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Риддер қаласында да бұқаралық спортты дамыту бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер спортына ерекше көңіл бөлінуде.

Белгілі болғандай, бүгінде кеншілер шаһарындағы спорт ғимараттарының желісі 73 нысаннан тұрады екен. Олардың арасында «Сокол» стадионы, спорт модулі, денешынықтыру-сауықтыру кешені, екі жүзу бассейні, 17 спорт залы мен ашық спорт алаңдары бар.

Сондай-ақ қалада балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, қысқы спорт түрлері бойынша олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің филиалы, республикалық спорт мектеп-интернаты мен олимпиада резервінің колледжі жұмыс істеп тұр.

Жастар үшін жер-жерде 14 «Street-workout» алаңы орнатылған. Шаһарда мұндай нысандардың санын арттыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғаспақ. Бұл туралы қала әкімі Дмитрий Горьковой айтуда.

– 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында үшінші және төртінші шағын аудандарда футбол мен хоккей алаңдары салынған болатын. Ал биыл Ботаника шағын ауданында тағы бір нысан – шағын футбол алаңы бой көтерді. Скейт-алаңдар жетінші аудандағы және мәдениет сарайының артындағы скверлерде бар. Қыс мезгілінде қаланың барлық 15 мектебінде хоккей қораптары жұмыс істейді, – деп мәлім етті шаһар басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін болашақта Риддер қаласында бірегей туристік нысан салынатыны туралы айтылған болатын.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button