Қоғам

Спорт нысандары шағын ауылдарда да салынады

Ержан Әбіш

Қараша айында Ұлан ауданының орталығы – Қасым Қайсенов кентінде 40 пәтерлік екі үй пайдалануға беріледі. Қазір әрлеу және абаттандыру жұмыстары аяқталуда. Аулаларға балалар ойын алаңдары, автотұрақтар салынады. Бұл туралы осы ауданға іссапармен барып, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлім етті.

Осы кентте 320 орындық жаңа мектептің де құрылысы жүруде. Нысан желтоқсанда тапсырылуы тиіс. Өкінішке қарай, құрылысшылар жұмысты созуда, сондықтан облыс әкімі құрылыс басқармасына және аудан әкіміне осы нысанды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

– Нысанды тапсыру мерзімін бұзбау үшін қосымша мамандарды тарту қажет. Сондай-ақ қазірдің өзінде аудан әкімдігі үйлер мен басқа да нысандардың құрылысын ескере отырып, қазандықтың мүмкіндігін есептеуі тиіс, – деді Даниал Ахметов.

Айыртау ауылында денешынықтыру-спорт кешенінің құрылысы аяқталуда. Жұмыс кесте бойынша жүруде. Аулада балалар және спорт алаңдары орнатылады. Бұл жоба негізге алынып, дәл осындай спорт нысандары шағын ауылдарда да салынатын болады. Таврия ауылында да денешынықтыру-спорт кешенінің құрылысы аяқталып қалды. Ол мектеп пен стадионның жанында орналасқан, бұл ауыл тұрғындарына спортпен шұғылдануға ғана емес, сонымен қатар спорттық іс-шаралар өткізуге де мүмкіндік береді.

– Стадионның өзі мектеп балансында. Қазір оның жабынын жөндеуге смета дайындалуда. Алайда мектеп әкімшілігі стадионның спорттық ғимараттарын қадағалап, оларды тиісті түрде ұстауы керек, – деп ескертті облыс әкімі.

Аймақ басшысы аудан әкімдігіне жергілікті мәдениет үйін, мектеп пен аурухананы жылытатын қазандықтың қуатын арттыру бойынша жоба дайындауды тапсырды. Қазір бұл нысандар электрмен жылытылуда.

Осы айдарда

Back to top button