Спорт

Спорт мектебінің шәкірттерін киіндірді

Бір адамдар үлкен іс тындырып жатса да, онысын ешқайда да жария етпей үнсіз қалуды мақұл санайды.  Кейде тіпті, осындай туған жерін жан-тәнімен сүйетін адамдардың бар-жоғын да аңдамай қаласың. Мәселен, жуырда ғана шыққан тегі аягөздік Серікқайша Түгелбаева  Аягөз жасөспірімдер мен балалардың спорт мектебі шәкірттеріне спорттық киімдер табыстады.

Ол  1965 жылы Аягөз қаласында дүниеге келген. Осындағы  №2 орта мектепте оқып, спорттың әлденеше түрімен айналысқан жан. Кейін мұның ата-аналары  Алматы қаласына  қоныс аударуына байланысты сүйікті ісін Алматы қаласында,  №86 мектепте  жалғастырып, оны үздік бітіреді. Сөйтіп, аягөздік қаршадай қыз 1978 жылдан бері Алматының тұрғыны атанды. Конькимен жүгіру, шаңғы спорт түрлерінен арнайы разрядтары бар Серікқайша Түгелбаева  мектепті бітірісімен, Алматы малдәрігерлік және Алматы халық шаруашылығы институттарын бітірді. Алған бетінен қайтпайтын табанды қыз мұнай компаниясында бас бухгалтер,  энергетика саласындағы компанияда 11 жыл қызмет етті. Экономист, экономика бөлімінің бастығы, департамент директоры бастығының орынбасары болды. Заман ағысына сай  2008 жылдан  бастап, бүгінгі күні өз алдына энергетика саласында компания ашып, жеке жұмыс істеп келеді. Еңбегі елеусіз қалмады.  Бүгінгі күнге дейін көптеген, медаль, ордендермен марапатталды.  2014 жылы Астана қаласында Қазақстан Ұлттық бизнес рейтингінің  Қазақстан кәсіпорындары арасында «Сала көшбасшысы» атанды. «Еңбегі мен жетістіктері үшін» медалінің иегері. «Қазақстан экономикасының Даңқ жұлдызы»  орденімен марапатталды.   2016 жылы Москва қаласында «Еуразиялық Мемлекеттер Одағының Құрметті азаматы» атанып, мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Құрмет грамотасымен марапатталды.  Бір сөзбен айтқанда, Серікқайша  Түгелбаева тек Аягөз ауданының ғана емес облыс, республикамыздың мақтанышына айналды.  Әрине, тақыр жерге шөп шықпайтыны тәрізді Серікқайшаның әкесі Түгелбаев Берікқали  да Аягөз өңіріне еңбегі сіңген, теміржол саласында 50 жылдан астам тер төккен ардагер болды.  Мәселен, 2021 жылдың 27 желтоқсанында, Аягөз аудандық мәслихатының шешімімен қала орталығындағы бұрынғы “Пролетарская” көшесіне Ұлы Отан соғысының, теміржол саласының ардагері Түгелбаев Берікқали Айтқалиұлының есімі берілді.

– Біздің Аягөзден осындай жаны ізгі, туған жеріне емірене қарайтын, оның әр жақсылығына сүйінетін, әр жамандығына күйінетін жандар баршылық, – дейді Аягөз спорт мектебінің директоры Еркін Юсупов. – Серікқайша да сондай жандардың бірі. Өзі де спортты жанына серік еткен Серікқайша Берікқалиқызы біздің спорт мектебінің әр қимылына жіті назар аударып отырады.  Міне, осы жолы берген спорттық киімдерін киіп шыққан біздің ұландар әр қадамдарын жеңіспен бастады.

         Берікхан Тайжігіт

                                                                             Аягөз ауданы.

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button