Спектакль көретіндей тұр қарап…

Облыстық драма театрда режиссер, ақын, актер, қазақтың талантты перзенті Рүстем Есдәулетті еске алу кеші өтті. Шара барысында марқұмға арналған ескерткіш мүйіс ашылды. Міне, енді театр фойесінде ойға шомған Рүстем, өз сөзімен айтсақ, «…спектакль көретіндей» қарап тұр…
Ескерткіштің екі қапталына кең жайылған құс қанаты бейнеленіп, онда естелік суреттер мен марапат қағаздар шегеленіпті. Ал әйнек сөреге марқұм туралы мақала, естеліктер мен өзінің қолжазбалары қойылған. Енді байқадық, ойлы бейне әрі қырандай шүйліге қарайды…
Айтпақшы, ескерткіш мүйістің лентасын жазушы, драматург Әлібек Қаңтарбаев пен марқұмның апайы Бағдат Оразбайқызы қиды.
– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарлама-мақаласында «Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деп жазылған. Ендеше біз Рүстем Есдәулеттей дарынымызды ұмыт қалдыра алмаймыз. Рүстем бауырымыздың театр өнерінің дамуына қосқан үлесі зор. Жас та болса бас бола білген оның спектакльдері республикалық қана емес, халықаралық додалардан сан жүлде алып келді, – деді ашылу салтанатында сөз сөйлеген театр директоры Дінмұхамет Ұябай.
«Өскеменнің театрын өзгелерге мойындатып алайын…»
Осы күні Рүстем Есдәулеттің «Атымды адам қойған соң…» атты тәжірибелік қойылымы сахналанды. Ол Абайдың философиялық өлеңдерінен құралған және Құран сүрелерімен толықтырылған.
Бұл спектакль бірнеше додада жүлде алған. Атап айтсақ, Біржан сал Қожағұлұлының 175 жылдығына арналған ХVІІ республикалық фестивальде үшінші орынды жеңіп алса, Татарстан Республикасындағы «Наурыз» фестивалінің лауреаты атанды. Сондай-ақ Түркияда өткен «Мың тыныс және бір дауыс» атты фестивальде «Ең үздік спектакль», Башқұртстанда өткен халықаралық түрік тілдес театрлар фестивалінде «Ұлттық классиканың бірегей және көркем шешімі» аталымына иелік етіпті.
Көрермендер қойылымнан күбір-күбір сөйлесіп шықты. Кейбірінің өзара дауласқан жайы бар – спектакльді талқылауда.
– Мұнда адамның ібіліспен күресі айтылады. Күнәдан тазарып, әділ жолға түскендер жұмаққа бет алды. Ал қылдан тайғандар қияметтің көпірінен өте алмады. Адам баласы бойындағы бар сенім, сезім және иманын жоғалтпауы керек. Бүгінгі түйсінгенім сол, – деді студент-көрермен Тоғжан Әбдіхани спектакльден алған әсерімен бөлісіп.
«Өскеменнің театрын өзгелерге мойындатып алайын, арғы жағын көреміз ғой», – депті Рүстем Есдәулетов көзі тірісінде. Сіз қалай ойлайсыз?
Тасқын Болатұлы