ҚоғамҚұқық

Сот шешімін орындамаған орган

Жарма ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі кәсіпкер Едіге Ибраимовқа қатысты сот шешімін төрт ай бойы орындамаған.Кәсіпкерге иеліктен алынған жер учаскесі үшін  төленуге тиісті өтемақы облыстық кәсіпкерлер палатасының араласуынан кейін барып қана  берілген.

Екі жыл бұрын «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Жарма ауданын басып өтетін «Омбы-Майқапшағай» автокөлік жолын түбегейлі жөндеу басталған болатын. Алайда тапсырыс беруші жол бойындағы «Едіге» сервистік  кемпингі орналасқан  алты гектар жердің дәмхана иесі Едіге Ибраимовқа, яғни, жекеменшікке  тиесілі екенін ескермейді.

1 қыркүйекте облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың мемлекет қажеттілігі үшін белгіленген мөлшердегі өтемақысын төлей отырып кәсіпкерден жер учаскесін  мемлекетке күштеп қайтарып алу жөнінде Жарма ауданы әкімінің талап арызын қанағаттандыру туралы шешімі күшіне еніп, кәсіпкердің бизнес субъектісі орналасқан  жер учаскесі мемлекетке қайтарылған.

«Жер учаскесін кәсіпкердің иелігінен  қайтарып алу рәсімін сотпен шешуге тура келді. Өйткені кәсіпкер жергілікті атқарушы органның нысанды және бизнесті бар-жоғы 15 миллион теңгеге бағалауымен келіспеген. Сот тәуелсіз бағалау тағайындап, нәтижесінде нысан бағасы бастапқыдан әлдеқайда артық, 70 миллион теңге   деп бағаланды»,-дейді облыс кәсіпкерлері палатасы директорының  құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Әлия Мұқашева.

Алайда  кәсіпкерлік нысаны бағаланып, жер учаскесі әлдеқашан қайтарылып алынса да, мемлекеттік орган кәсіпкерге өтемақы төлеуге асықпайды. Төзімі таусылған кәсіпкер өз мәселесімен облыс кәсіпкерлері палатасының Жарма ауданындағы филиалына барып жүгінген.

«19 қазанда жармалық кәсіпкердің арызы облыс кәсіпкерлері палатасы жанындағы кәсіпкерлерді қорғау және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің қарауына ұсынылды. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Виктория Барсукова кәсіпкерге бюджеттік тапсырыстың  Қаржы министрлігінде қыркүйек айында тіркелгендігін, бюджеттік комиссия өтінімді қарап, ақша жібергенше   шыдап, күту керектігін түсіндіреді.

«Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның 68 бабының 4 пунктіне сай  өтемақы сот шешімі күшіне енген күннен бастап бір айдан аспайтын уақытта   толық төленуі тиіс. Ол заң орындалмаған. Сондықтан облыс кәсіпкерлері палатасы сот шешіміне байланысты материалдарды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолдады. Жармалық кәсіпкердің мәселесін палатаның құқықтық қорғау департаментінің жетекшісі Шыңғыс Темір өз бақылауына алып, істі Қаржы министрлігінің және Автокөлік жолдары комитетінің қарауына ұсынды» деп хабарлайды  өтемақысын ала алмай жүрген жармалық кәсіпкердің мәселесі бірнеше күнде қалай, қайтіп шешілгендігін     облыс кәсіпкерлері палатасының баспасөз қызметі.   Республикалық кәсіпкерлер палатасының араласуынан кейін барып қана  мәселе осылай шұғыл шешіліп, бірнеше ай күткен  өтемақы  кәсіпкердің қолына тиген.

-Қадірлі кәсіпкерлер! Мемлекеттік органдар тарапынан өз бизнесіңізге, кәсібіңізге қатысты заңсыздықтарға жол беріліп жатса, қиындықпен бетпе-бет қалмай, облыс кәсіпкерлері палатасына жүгініңіздер, 8 (7232) 742-108, 742-103 телефон нөмірлерімен хабарласыңызар,-дейді  облыс кәсіпкерлері палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Әлия Мұқашева.

Жамал Ермен

Осы айдарда

Back to top button