Мәдениет

«Солақай ақын» Семей жұртын бір серпілтті

«Солақай ақын» Семей жұртын бір серпілтті

Семейдің Мәдениет сарайында арқалы айтыскер ақын Серік Құсанбаевтың шығармашылық кеші өтті. Халық қарасы аз болмады. Мұндай рухани ләззат алатын кештерді қапы жібермейтін семейліктердің біразын осы жерден байқадық.
Алайда, Серік ақынның жөні бөлек. Сонау 90-шы жылдары айтыс аламанына атойлатып келіп, жиырма жыл бойы аттан түспей, «айтыстың ақтаңгері» атанған сүйікті «солақайымен» кездесуге халықтың асыққаны ақиқат.

«Солақай ақын» Семей жұртын бір серпілтті

Сырт көз – сыншы. Бүгінгі кештің иесі – жай ғана ақын емес, келелі сөзі, қайсар мінезі, қауқарлы қарекеті арқылы қайраткерлік дәрежесіне көтерілген мінезді азамат. Содан да болар, әңгімесінің әлқиссасын Семей қаласының бүгінгі ахуалын:
– «Болса да көшелері ойдым-ойдым,
Бұл Семей – Ордасы ғой думан-тойдың.
Жыл сайын құр сөзбенен
қарық қылған,
Әркімнің уәдесіне әбден тойдың.
«Семейім, болашағың жарқын болсын!» – деп мен де өлеңіме нүкте қойдым, – деп жырға қосумен бастап еді, көрермені ду ете қалды.
Бұл қала – кешегі алаш арыстарының ізі қалған қасиетті шаһар. Әлихан, Ахмет, Міржақып секілді ұлт көсемдерінің есімдерін бір атап өтіп, «Шіркін-ай, осылардың әрбіреуі бір-бір мемлекетті басқаруға ерік-жігері еркін жететін ерлер еді-ау! Қазағым бір ғасырдың ішінде соншама тозақтан өтпегенде, біздің ел бүгінде азуын айға білеген Америкаңның өзіне сәлем бермей отыратын еді ғой! Қаншама болашақ Әлихандар алтын құрсақта кетті!», – деген ащы өкінішін айтып өткенде, кешегі сәнді бейнесін жоғалтып, солғын тартып бара жатқан қалаға жаны ашыған ақынның жанайқайын жақсы түсіндік.
Өксік-налаға толы «Бір бала» өлеңін оқығанда, ақынның өзі де өксіп жіберердей, дауысы булыға шығып, жиналған жұртты да өксітіп жібергендей болды. Көк түтін басқан «тұманды» қалада туған нәрестенің аянышты тағдыры. Сол аянышты халге назаланған ақынның жанайқайы. Жас баланың басындағы осы бір азапты хәлді бүкіл халықтың басындағы азап деп түсінсеңіз де мейліңіз!

«Солақай ақын» Семей жұртын бір серпілтті

Кештің қадірлі қонағы болған ғалым-философ, академик Ғарифолла Есім сөз алып сахнаға шыққанда, ақын деген өз заманының жоғын жоқтайтын жыршы екендігін, қай заманда да ақын деген халықтың көтерер жүгі ауыр болғандығын, ал бүгінгі Серіктің жырларында сол бір шырылдаған шындықты күлбілтелемей айтатын кешегі Бұқар жыраумен үндес жыраулық сарын бар деген ойды дөп айтты.
Тағы бір ұлтжанды азамат, Семей медициналық академиясының ректоры Төлебай Рақыпбеков арнайы сапары кезінде өзі куә болған жапон елінің ұлт ұстыны – ата дәстүрді алдыңғы кезекке қоятынын, тап осы жәйт ел дамуының алғышарты болғандығын айтты. Бұл сөз де Серік ақынның елдік қасиетті қастерлей білейік деген сарынымен үндес айтылды.
Қазақтың танымал ақыны Тыныштықбек Әбдікәкім де сахнадан сөз алып, «Серіктің әрбір күрсінісінде қазақтың мұңы жатқандығын» атап өтті. Біздіңше, Тықаң тыныштау айтқан сияқты. Жай мұң емес, біз Секеңнің өлеңінен қатқыл үн, өзгеше өксік естіп қаламыз кейде. Біздіңше, осы бір қияқ мұртты, қыр мінезді жігіттің кеудесі-
нен құйылған кесек жырларында көкіректі жарып шыққан ащы айғай басым. Ол – еңіреген экологияның жайы, тілдің тағдыры, ауылдағы ағайынның ахуалы, асқынып кеткен жемқорлық, ұрлық-қарлық, т.т. «Бәрі жақсымен»
де біраз жылдар өтіп кетіпті. Жақсымыз ешқайда қашпайды. Жоғымызды түгендеуіміз керек, – дегенге саяды.
Талантты адам қай жағынан да талантты. Дәл осы сөз Серік ақынға арналғандай. Өзі ақын, өзі әңгімеші адамға сөз болып па?! Сан тарау жолдарда көрген-түйгені көп, өмірдің сан қырлы сынақтарынан сүрінбей өтіп келе жатқан ел ардақтысы өткен өмір жолдарынан қызықты жайларды қиыстыра өре отырып, семейлік көрермен-
дерге Болат Сыбановтың «Ғашықтар термесі», Райымбек Құрмановтың «Ағаны аңсау», «Құлындарым», Есенқұл Жақыпбековтің «Біздің елдің жігіттері», «Көзкөргендер» және т.б. әндерді тарту етті.
Өзі айтыскер ақын болғасын, сахнада сөз қағысу өтпесе, кеш сәні де толығымен кірмес еді. Орайы келген сәтте сахнаға Серік ағасымен біраз сөз қағыстырмақ болып, бір жағынан ақын ағасынан бата дәметіп дегендей, жас ақын шықты. Ол – анау алыс Баянөлгейдің тумасы, бүгінде Шәкерім университетінің 4 курсында оқып жатқан Серік Қуанған деген жігіт екен.

«Солақай ақын» Семей жұртын бір серпілтті

Секең де әлі бабында екендігін, шын ақын айтысарда күй талғамай, кез келген жерде өлең-жырын төгілтіп қоя беретінін дәлелдеді. Кіші Серік аттас ағасынан ә дегеннен бата сұрады. Соған орай Секең:

Жырыңды күркіреп айт күбірлемей,
Ертең бай ақын деген, бүгін кедей.
Өлсем де «Көккептерге» бір басайын,
Жыртылып кетсе-дағы бүгін көмей.
Алайын жұртымменен амандасып,
Қоя тұр «бата бер!» деп дігірлемей.

Қазақта ақын аз ба тілге берен,
Айтпай жүр сахнадан кімдер өлең.
Айдынға ақ кемесін салғаннан соң,
Ақын ба жыр желкенін үрлемеген.
Атың да, затың-дағы аумай қалған,
Батамды саған бермей, кімге берем?!

…Дүние өтер-кетер қас қағымда,
Жарасар ойнап-күлген жас шағыңда.
Толғанып тоғыз ауыз өлең айтсаң,
Оймақтай ойы болсын астарында.
Сіздердей інілерге бағыт беріп,
Біздердей аға жүрсін қастарыңда.
Қазақтың алтын баулы қыраны бол,
Алаштың самғап ұшар аспанында, – деп төгілтіп-төгілтіп жіберді. «Пай-пай, шіркін» дестік.
Осы шараның басы-қасында жүрген ақын, журналист Қайрат Сабырбай да кештің ағымы мен барысын шебер қиюластыра білді.

«Солақай ақын» Семей жұртын бір серпілтті

Сахнадан әзіл ретінде айтылған мына бір мысалдың салмағы білген кісіге байқалып тұр еді: осыдан екі-үш жыл бұрын Секеңнің «Жырлаумен өткен жиырма жыл» деп аталатын жинағы шығып, жаңа кітаптың ыстық-суығы басылмай тұрған бір шақтарда ақын келіншегі Дидарға әредік-әредікте:
– Тегінде, өзі бұл кітап жаман шықпаған секілді, ә?! – деп қайталай беретін көрінеді. Сондай сәттердің бірінде келіншегі:
– Е, е, жігітім! Сен өйтіп бөсе берме. Егер мен «Жылаумен өткен жиырма жыл» деп кітап жазатын болсам, мына кітабың далада қалар еді, – депті. Дәл осы сөздің астарында ақын өмірінің шылғи бір шаттықта өте бермегендігін меңзеу жатыр деп білдік өзіміз. Расымен де, турашыл мінезімен талай-талай өткір пікір, па-йым-парасат сайыстарына қатысудан тартынбайтын, әділетсүйгіш жігіт-
тің тік мінезінен тартқаны да аз болмаған…
Қазақ пен орыс баспасөзінің шоқ-тығы биік деген он бес-жиырма шақты сайттарына күніге бір мәрте көз жүгіртіп өтіп, қағаз баспасөзді де құр қалдырмай отыратын басымыз сол жазбагерлердің арасынан облыстық «Дидар» газетінің шолушысы Серік журналистің қаламгер ретінде ылдидан шауып, төске озып бара жатқан әбжіл әрекетімен айрықшаланатынын айта кетуге тиіспіз. Журналистика саласына кештеу келсе де, шеберлік шыңына тек ерінбей ізденетін шын еңбеккер ғана шыға алатынына Секеңнің бүгінгі жазғандары куә. Ол, әрине, жеке әңгіме.
Семейлік көрермен ақынның оқыған өлең-жырларын, айтыстағы жылдардан айтқан қызықты баяндарын, орындаған ән-термелерін үш сағат бойы тапжылмай тыңдады. Осындай талай кештерден байқағанымыз: көрерменнің шыдамы ұзағанда екі сағатқа жетеді, одан әрі созылса, арлы-берлі сабылыс көбейіп, төзім таусылады. Ал Серіктің кешінде көрермен тағы бірер сағат отырудан қашпас еді. Кеш жүргізушісі уақытты шектеуге мәжбүр болды. Әттең, оқылмаған қаншама жыр қалды, айтылмаған қаншама баян, шырқалмай қанша ән қалды!
Қысқасы, дәл осындай қалғып бара жатқан көңілді бір селт еткізер ғажайып кештер халыққа қажет. Серік-достың мұндай кештері одан әрі де жалғасын табары шүбәсіз. Мұндай нағыз халықшыл, шынайы кештерге халық дәл бүгін зәру.

Сайлау Төлеуов

Семей.

Осы айдарда

Back to top button