Мәдениет

Сол сапардың әсері естен кетпейді

Сол сапардың әсері естен кетпейді


«Өткен күнде белгі жоқ» дейді қазақ. Бірақ осы нақылдың қапысыз айтылғандығына өз басым күмәндімін. Себебі, көрген-түйгені мол, айтары бар адам үшін өткен ғұмырының әр күні – тұнып тұрған тарих, естен кетпес естелік. Уақыттың қадіріне зейін қоя бермейтін кейінгі буын үшін аталарымыздың «күнім өтіп барады» деп жылайтыны қисынсыз да күлкілі жайт болып көрінетіні рас, дегенмен, сол оқымаған қарияларымыздың әр нәрсеге философиялық тұрғыдан баға беріп келгеніне дау айта алмаспыз.

Аудандағы алғашқы білімді де білікті спортшылардың бірі болып танылып, көптеген талапты жастарды күрес өнеріне баулыған ардагер ұстаз Нығмет Қисамбиннің есімі көпшілікке жақсы таныс. Өскемен пединститутының физика-математика факультетінде оқып жүріп, облыстық сайыстарда қарсылас шыдатпаған Нығмет ағамыз Ю.Гагарин атындағы Күршім орта мектебіне мұғалім болып келгенде оның «Еркін күрестен спорт шеберлігіне кандидат», «Қазақша күрестен спорт шебері» деген атақтары бар-тын. Сондай-ақ, парашют спортына белсене қатысқан оның 1500 метр биіктіктен бірнеше мәрте секіргенін растайтын құжаттары да толып жатыр. Спортпен қатар білім беруде де талай-талай үздік нәтижеге қол жеткізген айтулы ұстаздың әуел бастан-ақ көзге түсе бастағаны рас еді.

Біз бұл жолы Нығмет ағаны басқа қырынан танытып, сонау жас кезінде бастан кешкен бір қызықты сапарынан естеліктер тірілтуге ниет қылдық.

– 1966 жылдың жазы болатын, – деп еске алады ол кезеңді бүгінде сексенді алқымдап отырған Нығмет қария. – Бір күні мені аудандық халық ағарту бөлімінің басшылары шақыртып, 7-8 кластарды үздік бітірген бір топ баланы туристік сапармен сол кездегі еліміздің астанасы Мәскеуге апарып келуге ұсыныс жасады. Мен келістім. Бұрын үйден ұзап көрмеген жасөспірімдермен бірге мұндай ұзақ сапарға шығудың оңайға түспейтінін жан-тәніммен сезініп тұрсам да, «тәуекел» деп келісім бердім.

Сонымен, бүкіл аудан көлемінен жиналған 16 озат оқушыны бастап жолға шықтым. Құйғаннан сол кезде «Ракета» деп аталатын метеор кемеге отырып, облыс орталығына аттандық. Мұндай тамашаны бірінші рет көріп отырған балалардың қуанышында шек жоқ, Бұқтырма су қоймасы үстінде көрген қызықтар, су электр стансасының шлюзінен өткен шақтағы таңырқаған кездеріміз туралы әңгімелеп жатпай-ақ қояйын. Сөйтіп, Өскемендегі туристік орталыққа жетіп, ондағы қызметкерлер бізді Защита вокзалынан Риддер-Москва бағытындағы пойызға салып жіберді.

Үш тәулік бойы жол шегіп, Мәскеуге де жеттік. Қазан вокзалынан түскен бойда автобусқа отырып, әйгілі Қызыл алаңға дейін келдік. Сол маңдағы метроға отырғызып, жер асты жолымен өзімізге қажетті Карбышев аялдамасына дейін апаратын стансаны тауып алдық. Оның барлығын тиісті адамдар Өскеменде мұқият түсіндірген болатын. Баратын жеріміз 40 шақырым жерде екен, жүйрік жерасты поезы осы аралықты бес-он минутта жүріп өтетін көрінеді. Лездің арасында межелеген жерімізге жетіп, ол арада қарсы алғандар бізді оқушылары демалыста жүрген бір мектептің интернатына орналастырды. Тамақты сол маңдағы асханадан іштік.

Ал осы сапардың маңызы мынада еді: бұл саяхат Күршім ауданы аудан болғалы оның оқушылары түгіл мұғалімдерінің мемлекет астанасына жасаған тұңғыш экскурсиясы екен. Ал әлі оң-солын танып үлгермеген балалармен бірге жол жүрудің қаншалықты қиын, қаншалықты жауапты болатынын оны өз басынан кешкен жан ғана толық пайымдай алар. Нығмет Қисамбыұлы оқушылардан бір сәт көз жазбай, жандарынан бір елі ұзамай, барынша қырағы бақылау жасаумен жүрді.

– Соның өзінде біреуін жоғалтып алып, жаным мұрнымның ұшына келді емес пе, – деп күледі ол. – Бүкіл кеңес еліндегі ең үлкен дүкен – ГУМ-ды екі сағат бойы аралап, сыртқа беттегенімізде, арамыздағы Хайруллин Ақылбек деген бала жоқ болып шықты. Ал жүгір, ал безекте, құмырсқаның илеуіндей қайнап жатқан мың сан адамның ішінен жұдырықтай баланы қалай табарсың?! Бір жақсысы, Мәскеуге келген бойда жатын орнымызға қалай келуге болатынын сызып, жазып, әр балаға үлестіріп берген болатынмын. Содан үміттеніп интернатымызға жетсек, ол оралмапты. Балаларды орналастырған бойда қайтадан бағанағы аймаққа аттандым. Сол маңды шарлап, ондағы милиция бөлімшесіне барша жағдайды мәлімдеген едім, олар да жедел іздеуге кірісті. Күн кешкіре милиция қызметкерлеріне телефон, мекенжайымызды қалдырып, интернатқа оралдым. Келсем, Ақылбегім балалардың ортасында отыр, мен сызып берген бағытпен жүріп отырып, мекенімізді адаспай тауып келіпті.

Мәскеуде болған жеті күннің балғын шәкірттердің жадында мәңгі сақталып қалғаны даусыз. Олар арнайы бөлінген гид-басшының жетекшілігімен М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне барды, жоғарыда айтылғандай, ГУМ-ды аралады. Әлемге әйгілі Василий Блаженный соборын, Кремль маңын тамашалады. Бір күн бойы дайындалып жүріп Ленин мавзолейіне барып, революция көсемін көзбен көрді. Қазіргі жастар үшін ол таңсық дүние емес шығар, ал ол кезде мұның өзі ғаламат жетістік болып саналатын.

Қайтатын күн де жетіп, Н.Қисамбин билет алу үшін вокзалға барады. «Он алты балам бар, маған он жеті билет керек», – дегенде кассадағы әйелдер жап-жас жігіттің бұл сөзін қылжаққа балап, қырыла күліпті. Ақыры, туристік жолдаманы көрсетіп, он алты баланың өзінің оқушылары екендігін ұғындырғанда барып, әлгілер күлкілерін тыйса керек.

Қайтарда тағы да үш тәулік бойы жүріп, Защита стансасынан түскен жолаушылар келесі күні Аблакеткадан метеорға мініп, кештетіп Құйғанға да тұяқ іліктірген екен.

– Мен ешкімге хабар бермеп едім, бізді қарсы алған да жан болған жоқ, – дейді Нығмет Қисамбыұлы. – Құйғандық оқушылар ауылдарында қалды да, өзгеміз автобуспен Күршімге жеттік. «Енді әркім өз ауылына жол табатын шығар?», – деп едім, балалар ары қарай көмектің қажет емес екендігін айтып, үйлерін бетке алды.

Ертеңінде білім бөліміне барып, аман-есен оралғанымызды мәлімдедім. Бөлімнің сол кездегі басшысы Р.Суатбаев, басқа да қызметкерлер аң-таң болып, «хабарласқанда көлік жіберіп, күтіп алатын едік қой», – десіп жатты. «Оңымен аяқталған істің бәрі жақсы» дегендей, сәтті сапарымызға қуанулы басым ондай құрметтің болмағанына қынжыла қойған жоқпын.

Осылайша Нығмет ағамыз жиырма сегіз жасында ауданның талапты он алты түлегін КСРО-ның астанасы Мәскеуге апарып, өз өміріндегі айтулы бір сапарынан көңіліне естен кетпес мол естелік түйіп, аман-есен оралған еді. Ал осы жеткіншектердің көпшілігінің кейіннен айтулы маман атанып, аудан, облысқа танымал адамдар болғанын күршімдіктер жақсы біледі.

Хәсен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button