Мәдениет

Славян мәдениеті мен жазбасының күндері аталып өтті

  Славян мәдениеті мен жазбасының күндері аталып өтті

Өскемендегі «Жастар» саябағында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мен славян мәдениеті қоғамының ұйымдастыруымен «Славян жазбасы мен мәдениеті» күндері аталып өтті.
Бүгінде бұл шараны жыл сайын ұйымдастыру дәстүрге айналған. Биылғы шара барысында қаладағы мектеп оқушылары мен аулалық клубтардың мүшелерінен құралған бес команда өкілдері «Аз, буки, веди…», «Сергей Радонежскийдің туғанына 700 жыл», «Орыс үйі», «Жұмбақтар, мақал-мәтелдер мен жаңылтпаштар» және «Славян халқының ұлттық мерекелері» атты танымдық байқауларға қатысты. Сондай-ақ, саябақтың ауқымды алаңында ән-би ансамбльдерінің мерекелік концерті қойылды.
Салтанатты Ресей бас консулдығының Шығыс Қазақстандағы өкілі Сергей Шимко мен Православ шіркеуінің қызметкері арнайы тілек-сөзбен ашты. Одан кейін Өскеменнің № 11, № 17, № 30 орта мектептерінің, «Шабыт» өнер мектебі мен балалар шығармашылығы сарайының оқушылары славян жазбасының негізін құраушы Кирилл мен Мефодияның алфавиті бойынша әрбір әріптің тарихына арналған сайысқа түсті. Аталған саябақтағы этноауылда белгіленген бағыт бойынша жүріп өткен оқушыларға славян тарихы, орыстың тілі мен мәдениеті жайында деректер беріліп, балалар хорда ән айту және ұлттық ойындар ойнау бойынша білімдерін сарапқа салды, А.Пушкиннің мектеп бағдарламасы аясындағы шығармаларын білуден сайысқа түсті. Ал мерекеге жиналған қауым «Свято-Покровский храмы», «Улыбка», «Русский танец», «Бастеньки», «Украинский танец», «Вдохновение», «Русская песня», «Злато» сияқты ән-би ансамбльдерінің өнерін тамашалады.
Шара соңында өз біліктіліктерін көрсете білген командаларға облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма ұсынған бағалы сыйлықтар табыс етілді. Жүлдеге ие болғандар арасында №30 Қазақстан-Ресей мектеп-гимназиясы (І орын), «Шабыт» өнер мектебі мен №11 орта мектептің (ІІ және ІІІ орындар) командалары бар. Ал балалар шығармашылығы сарайы мен №17 орта мектептің командаларына ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button