ҚоғамТОП

Skills Enbek платформасына 44 тегін курс қосылды

Жыл басынан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен Skills Enbek платформасында тегін курстардың мазмұны кеңейтілді. Әртүрлі қызмет салалары мен дағдылары бойынша барлығы 44 жаңа курс қосылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша, әр курстың ұзақтығы 36 сағаттан асады. Онлайн оқыту белгілі бір кәсіптік салада дағдыларды немесе қосымша құзыреттерді алуға мүмкіндік береді.

Мәселен, құрылыс және өндіріс саласында «Жылу желілерінің жабдықтарына, құбырлары мен арматураларына қызмет көрсету және жөндеу», «Сумен жабдықтау және су бұру желілері мен құрылыстарын пайдалану», «Авариялық қалпына келтіру жұмыстарының слесарі», «Дәнекерлеу өндірісінің негіздері», «Токарьлық өңдеу негіздері» сияқты курстар қосылды.

Жеке қызметтер мен тамақтану бойынша ашылған қосымша курстар – «Тігуді басынан бастап үйреніңіз!», «Қызмет көрсету саласындағы әкімші», «Шаштараз өнері», «Аспаз», «Наубайхана негіздері», «Кондитерлік шеберхана», «Мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын қызметкер».

Бұдан бөлек, «Тиімді коммуникациялар және командалық жұмыс», «Сыни ойлау негіздері», «Уақытты басқару және басымдық беру», «Дизайн ойлау», «Бизнес-процестерді басқару», «Бизнестегі коммуникация мәдениеті», «Agile принципі бойынша жобаларды басқару», «Маркетингтік талдау (консалтинг)», «Microsoft Office-пен жұмыс» және «Экологиялық ойлау дағдыларын қалыптастыру» сияқты курстар да бар.

«Курстан өткенін растайтын сертификат Enbek.kz жұмысқа орналастыру порталында алынған барлық дағдыларды көрсете отырып, түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Сонымен қатар қазір Skills Enbek платформасында «Как выучить казахский язык с нуля» промо-курсы арқылы мемлекеттік тілді игеруге болады. Бүгінде осы платформада әртүрлі бағыттар бойынша барлығы 477 курс орналастырылған, оның ішінде 243-і тегін. Тіркелген пайдаланушылар саны 380 мың адамға жетті», – делінген хабарламада.

Платформада тіркелу және жұмыс істеуге қатысты барлық сұрақтар бойынша «ЕРДО» АҚ жауапты қызметкерлерінен анықтауға болады: 8 (7172) 95 43 17 (ішкі. 877, 878, 888).

Осы айдарда

Back to top button