Жаңалықтар

Әскерилер мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетті

Халықаралық балаларды қорғау күні еліміздің Ішкі істер министрлігінің Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының офицерлері әскери қызметкерлердің балаларын арнайы құттықтап, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетті.
– Олардың ішінде әсіресе, мүмкіндігі шектеулі балалар мен жалғызбасты аналар және тұрмысы төмен отбасылар бар. Біз шынымен қоғамнан әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға баса назар аударып, ондағы тәрбиеленіп жатқан балаларды мерекелерімен арнайы құттықтап, көмек қолын созуды жөн көрдік. Неге десеңіз, балалар біздің ертеңгі болашағымыз, – дейді Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының бастығы, полковник Мұхамед-Қали Қарсыбеков.
Әскери-тергеу басқармасының офицерлері Семей гарнизонына қарасты әскери бөлімдерде қызмет етіп жүрген 10 әскери қызметкердің отбасына көмек көрсетті.
Тәттілермен қоса, азық-түлікке толы балаларға арналған базарлықтар қорабы тек кішкентайларды ғана емес, олардың ата-аналарын да қуантып тастады. Полковник Мухамед-Кали Карсыбеков өз құттықтауында балаларға бақытты балалық шақ, ұмытылмас сәттер және зор денсаулық пен жарқын болашақ тіледі.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button