Өскеменнен театр ашсам деп едім…
Театр – синтездік өнер. Екі мың жыл бұрын Еуропада пайда болып, одан өзге елдерге, Ресейге, кейіннен бұрынғы кеңестік республикаларға бағыт алған әлемдік мәдениеттің ең биігі саналатын театр өнерінің қазақ топырағына келгеніне жүз жыл толды. Қазақ театры пайда болған күннен бастап өзінің өміршеңдігін көрсетіп келеді. Ұлттық театр сахнасында түрлі режиссерлердің қолтаңбасы қалыптасты. Сонау ХХ ғасырдың басында Ж.Аймауытов пен Ж.Шанин негізін қалап, шаңырағын көтеріп берген театр режиссурасының туын жықпай алға сүйреген аға буын өкілдері А.Тоқпанов, Ш.Айманов, Ә.Мәмбетов, М.Байсеркенұлы, Е.Обаев, Ж.Хаджиев, Ә.Рахимов, Б.Атабаев, Ә.Оразбеков, Б.Ұзақов, Н.Жақыпбай, тағы басқалар қазақ театрының әлемге танылуына өз үлестерін қосты. Аты аталған тұлғалардың ұстанымдарымен өсіп, өзіндік жолын тауып, жетіліп жатқан кейінгі буын режиссерлері де аз емес. Солардың ішінде санаулы ғұмырында өнерге деген өзгеше көзқарасымен, режиссерлік тың ойларымен ерекшеленген марқұм Рүстем Есдәулетовтің орны бөлек.
Режиссер, театр және кино актері, ақын, драматург Рүстем Есдәулетов 1978 жылы Зайсан ауданының, Үлкен Қаратал ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезден өнер, білімге құштар болып өскен ол оқу орнын тәмамдағаннан кейін Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының режиссура бөліміне оқуға түседі. Бұл оқу орнын 2002 жылы белді режиссер-драматург Маман Байсеркенұлының шеберханасынан бітіріп шықты. Оқу орнын тәмамдағаннан кейін Жамбыл атындағы Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында режиссерлік қызметті бастайды. Театрда қызмет атқарып жүріп өнердің қыры мен сырын ұғуға талпынған жас жігіт шығармашылық тәжірибе алмасу мақсатында Ресейдің (Санкт-Петербург) белгілі режиссері Лев Додиннің шеберханасында оқып келген болатын. Екі бірдей ұстаздан тәлім алған Р.Есдәулетовтің қазақ өнерін дамытуға деген тың ойлары біртіндеп іске аса бастады. Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясымен шымылдығын ашқан Өскемен қазақ театрының даму жолы он жылға жуық уақыт бойы Р.Есдәулетовтің жауапкершілігін, ізденісін арттырды.
Жас болса да бас бола білген ол Өскемен қаласындағы қазақ драма театрының сахнасында көптеген спектакльдер қойды. Осы бір ғимаратта өнер көрсетуге мәжбүр болған қазақ және орыс труппаларын басқара отырып, олардың бірігіп жұмыс жасауына, бір-бірімен тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасады. Одан бөлек, репертуар түзуде, актерлермен және рольмен жұмыс жасауда, тіпті театрдың ішкі-сыртқы жұмыстарында өзінің еңбексүйгіштігін, ұлы өнер – театрға деген ерекше сүйіспеншілігін байқатып отырды. Театрдың алғашқы қалыптасу уақытындағы репертуар тапшылығынан шығу үшін «Махаббат драмасы», «Мысықтар мафиясы», «Ақын», балаларға арналған «Ұр, тоқпақ», «Екі лақ» сынды пьесаларды жазып, сахналады. Одан бөлек, қазақ драматургиясынан Ғ.Байбатыровтың «Өңім бе, ойбай, түсім бе?», С.Жұматтың «Вампир күйеу», Т.Ахтановтың «Әке мен бала», Д.Исабековтің «Актриса», Т.Ахметжанның «Қараторғай», С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр», Н.Айтұлының «Кәмей ұшқан», Ғ.Байбатыров пен Р.Есдәулеттің «Отан үшін», т.б. пьесалары мен О.Бөкейдің «Бес тиын», Абай өлеңдері бойынша «Марионетка», «Атымды адам қойған соң…», Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» шығармаларының сахналық нұсқасы бойынша қойылған спектакльдері де бар. Ал аударма драматургиядан А.Чеховтың «Шағала», Ж.Өзубекованың «Толғақ», К.Кикутидің «Оралған әке», Ж.Құддыстың «Антұрған» пьесаларын сахналады. Психологиялық жағынан, моральдық қақтығыстар тұрғысынан күрделі болып табылатын мұндай шығармаларды таңдауының өзі режиссердің түрлі мәселелерді, жанрларды, кейіпкерлерді, түптеп келгенде, түрлі мәдениеттерді зерттеп, қамтуға әрекет еткенін көрсетеді. Осыдан-ақ, Р.Есдәулетовтің репертуарлық саясатқа деген көзқарасының айқын екендігін көреміз.
Жасындай жарқ еткен Рүстем Есдәулетовтің бағындырған биіктері мен жеңістері ауыз толтырып айтарлықтай. Қызылорда қаласында өткен Қ.Жандарбеков пен Қ.Байсейітовтің 100 жылдығына арналған ХІІІ Республикалық театрлар фестивалінде ол сахналаған Т.Ахтановтың «Әке мен бала» психологиялық драмасы үшін «Ең үздік эпизодтық роль» номинациясын иеленіп, Қырғызстанда өткен «Аземи-2006» Халықаралық театрлар фестивалінде премьерасы қырғыз тілінде болған «Толғақ» трагедиясы екі бірдей – «Ең үздік психологиялық спектакль» және «Замануи тақырыпқа ең үздік интерпретация үшін» номинацияларымен марапатталып, І-ші орын алды.
Сондай-ақ, 2003 жылы Орал қаласында қазақ халқының батыры әрі ақыны Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойына арналып өткізілген ХY Республикалық театрлар фестивалінде Иран-Ғайыптың «Махамбет» тарихи драмасын сәтті сахналанғаны үшін «Жас театр ұжымының дебюті» номинациясымен марапатталды. Ал «Атымды адам қойған соң…» спектаклі (суретте) 2009 жылы Қарағанды қаласында Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 175 жыл толуына арналып өткізілген ХVІІ Республикалық театрлар фестивалінде жүлделі үшінші орынды иеленсе, 2012 жылы Башқұртстан Республикасының астанасы Уфа қаласында өткен түркітілдес театрлардың «Туғанлық» атты халықаралық фестиваліне қатысып, «Ұлттық классиканың бірегей және көркем шешімі» номинациясын иеленді.
Қазақ көрермені үшін Рүстем Есдәулетов «Лаве» фильміне түскен актер ретінде және кинорежиссер ретінде де танымал. Оралхан Бөкейдің «Бес тиын» әңгімесінің желісі бойынша түсірілген фильмі 2007 жылы «Шәкен жұлдыздары» кино-фестивалінде арнайы марапатқа ие болды. Ал оның ақындық қыры бір төбе. «Бөрінама» жыр жинағының авторы екендігі, өлеңдері «XXI ғасыр ақындарының антологиясына» және басқа да ұжымдық жинақтарға енгені көпшілікке мәлім.
Қазіргі уақытта тәуелсіз жас мемлекеттің саясат, экономика, бизнес, білім мен ғылым салаларын дамыту бойынша қолға алған бағдарламаларының ішінде мәдениетке, бірлік пен ынтымаққа айрықша мән берілген. Аз өмір сүрсе де, ұрпағына мол мұра қалдырған, таңдаған мамандығын сүйген, құрметтеген және сол режиссураны бақыт деп санаған, өзі сахналаған жиырма беске жуық спектакльдері арқылы түрлі ой айтқан Рүстем Оразбайұлының аты, шығармашылығы өлмек емес. Оның үлкен армандарының бірі – облыс орталығында Оралхан Бөкей атындағы қазақ театрын ашу еді. Осы арманын өзінің «Аға» деп аталатын өлеңінде жазған:
…Бар жүрекке жылу шашып өлеңім,
Өскеменнен театр ашсам деп едім.
Қаламыздың қақ төрінен қазақтың
Сахнасын түсімде де көремін.
Иә, түсімде сұлу, әсем ғимарат,
Сарайында қаракөздер жиналад.
Фойесінде Оралханның мүсіні,
Спектакль көретіндей тұр қарап.
Арманына жете алмаса да, еңбегі сіңген қазақ театры мен шәкірттері оның атын өшірмек емес. Оның айқын дәлелі 23-25 қыркүйек күндері өзі армандаған Өскемен төріндегі жаңа ғимаратта өткелі отырған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, кино және театр актері, ақын, режиссер Рүстем Есдәулетов атындағы I Республикалық жастар және студенттер театры фестивалі. Қаламыздың тұрғындары Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау мен Семей қалаларынан келетін театр ұжымдарының қойылымдарынан бөлек фестивальден тыс көрсетілетін дарынды режиссер Р.Есдәулетовтің Абай өлеңдерінің негізінде сахналаған «Атымды адам қойған соң…» спектаклін тамашалай алады.
Ұлпан Тоқаева,
Шығыс Қазақстан облыстық Жастар драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі