Өскеменнің оқушылары жазда қайда демалады?

Балалар мен жасөспірімдердің жаз мезгілінде сауықтыру және демалысын ұйымдастыру – еліміздің мемлекеттік әлеуметтік саясатының басым міндеттерінің бірі. Өскемен қаласының оқушылары жазғы демалыс лагерімен қаншалықты қамтылған? Лагерьлер балаларды қабылдауға дайын ба? Көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына қандай жеңілдіктер қарастырылған? Осы мәселелер Өскемен қаласы әкімдігінің кезекті отырысында қаралды.
Жиында айтылғандай, Өскеменде биылғы оқу жылында балалар саны 35 мыңнан асады. Бұл былтырғы көрсеткіштен 1749 балаға көп.
– Сауықтыру, демалыс, туризм бағытындағы жазғы демалысты ұйымдастыру кезінде қоғамдық пайдалы істерге, спорттық-мәдени шараларға айрықша көңіл бөлінеді, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Айтпаева.
Биыл жазда 43 мектеп жанындағы лагерьде 1787 оқушы демалады. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер клубтары базасында 11 алаң жұмыс істейді. Бұл былтырғымен салыстырғанда бес алаңға көп. Алтай ауданындағы «Жігер» және Ұлан ауданындағы «Алые паруса» демалыс лагерьлерінің ашылуына да санаулы күндер қалды. Өскемен қаласының әкімдігіне қарасты аталған екі лагерьде 1300 бала демалады. Оның ішінде көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың 434 баласына тегін жолдама беріледі.
«Дара» қайырымдылық қорының қолдауымен қаладағы зағип балалар мен тірек-қимыл аппараты бұзылған мүмкіндігі шектеулі балалар үшін де демалыс ұйымдастырылады. Айталық, медициналық-әлеуметтік мекемелерде, интернаттар базасында, «Ғажайыптар елі», «Жарқын болашақ» қоғамдық ұйымдарында жазғы алаңдар құру жоспарланған. 600 бала психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттеріндегі жазғы алаңдарда уақыттарын тиімді өткізсе, 4750 бала ата-анасымен бірге демалыс базаларында және санаторийде демалады.
Жазғы үш айдың ішінде қаладағы барлық оқушылар үшін балалар мен жасөспірімдер клубтары арнайы кесте бойынша эстетикалық, спорттық және туристік-өлкетану сияқты түрлі бағыттағы 600-ден астам іс-шара өткізеді.
Жазғы демалысты қызықты өткізу үшін жаңа жобалар да енгізілді. Мәселен, оқушылардың шығармашылық үйінде «Шуақты жаз» алаңы ашылады. Аталған жоба 7-12 жас аралығындағы балаларға арналған.
Өскемен, Катонқарағай, Баянауыл қалаларының оқушылар тобымен алмасу жағы да қарастырылыпты. Ал 30 маусым – 3 шілде аралығында «Планета Жас ұлан» көшбасшылардың көшпелі мектебі «Жігер» демалыс лагеріне барады. Аталған іс-шараға 8-11 сыныптарда оқитын, «Жас ұлан» қалалық комитетінің өкілдерінен құралған жүз бала қатысады. Көшпелі мектеп Өскеменде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.
Балалардың жазғы демалысына қалалық бюджеттен 24 миллион 537 мың теңге бөлінген. Оның 11 миллион 739 мың теңгесі – мектеп жанындағы лагерьлерге, 12 миллион 798 мың теңге қаржысы – әлеуметтік осал топтағы (қамқорлыққа алынған және жетім балалар) балалардың демалысына арналған. Көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына биыл айрықша көңіл бөлінеді. Аталған санаттағы 5683 мектеп жасындағы бала «Жігер», «Алые паруса», «Дарын», «Зоя Космодемьянская», Алматыдағы «Бөбек» ұлттық оқу-сауықтыру орталығы, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру лагері, сонымен қатар Күршім, Зайсан, Үржар аудандарындағы қазақ және ағылшын тілдері бағытындағы лагерьлерде демалады. Сонымен қатар өздерінің шақыртуымен және күтіп алушылардың есебінен Италияның Чезенатико қаласындағы халықаралық лагерьге де демалыс ұйымдастырылады. Көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына жазғы лагерьлерге жолдама алып беретін меценаттар мен демеушілерді тарту жұмыстары да жүргізіліп жатыр.
Барлық лагерьде еріктілер қоғалысын дамытуға көңіл бөлінеді. Студенттер түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға, балалардың тіл үйренуіне көмектеседі.
Қала цифрланып жатыр
Жиын барысында алдағы жылыту маусымына дайындық шаралары туралы да сөз болды. Қала әкімі Жақсылық Омар мектептер мен балабақшалар бірінші қыркүйекте келесі жылыту маусымына дайын болуы үшін ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын қазірден бастау керектігін баса айтты. Отырыс соңында арнайы жұмыс тобы құрылып, лагерьлердің тазалығын, сумен қамту нысандарын залалсыздандыру, демалыс орындарының азық-түлікпен қамтылуын, кенеге қарсы шаралардың дұрыс ұйымдастырылуы мен санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын жіті қадағалайтын болды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Еркін Тұрарұлының айтуынша, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаланы цифрландыру бағытында көшелерге заманауи «ақылды шамдар» орнатылып, «Сергек» бейнетіркеу камералары жуықта толық іске қосылатындығын айтты. Қалада мекенжайды көрсететін адрестік аншлагтарды орнату жұмыстары да жалғасуда.
P.S. Қала басшысы Жақсылық Омар білім бөліміндегі атқарылып жатқан жұмыстар жайлы тек орыс тілінде баяндаған бөлім басшысы Жанат Айтпаеваны сынға алды. Онысы орынды да. Бұл сын мемлекеттік тілге немқұрайлы қарайтын өзге басқармалар мен бөлімдердің басшыларына да қатысты.
Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ