Қоғам

Өскеменнің маңайында тағы үш саябақ бой көтереді

Өскеменнің маңайында тағы үш саябақ бой көтереді

Алдағы жылдары Өскеменнің маңайында тағы үш саябақ пайда болады. Олардың барлығы Ертістің сол жағалауында орналаспақ. Атап айтар болсақ, 20-шағын ауданда, Самар тасжолы жақта және Қасым Қайсенов кентінде.
Болашақтағы бақтарды абаттандыру жұмыстарымен «Живая Земля» экологиялық қорының мамандары айналыспақшы екен. 20-шағын аудандағы «Бәйшешек» табиғи бағы 2012 жылдан бастап қолға алынған болатын, оның аяқталуына әлі кем дегенде екі жылдай уақыт қажет. Аумағы 11 гектарды құрайтын мәдени-демалыс орнында әртүрлі бағыттағы 6 демалыс аймағы бой көтермек. Баққа қарағай, қайың, шырша, алма соттарын қосқанда, екі мың түп ағаш отырғызылады.
Қасым Қайсенов кентіндегі саябақтың өзіндік ерекшеліктері бар. Ол жерде адамдар қыдырып, сәкілерде тыныстап отырумен қатар, ойындар ойнап, уақыттарын мағыналы өткізе алады. Концерт өтетін алаңқайлар да жасалады. Қыста мұз айдынына айналатын орындар қарастырылған.
Аталмыш қордың соңғы жобасы – Самар тасжолы бойындағы ет өңдеу зауытының маңы болмақ. Биыл белгіленген орындар тазаланып, қажетті қара топырақ төгілген. Жасыл аймақтың қандай болатынын дизайнерлер әзірге ойластырып жатқан көрінеді. «Живая Земля» қоры қолдау көрсетіп отырған «Айтас Групп» баспасөз қызметінің айтуынша, аталған саябақтар өскемендіктерге тегін қызмет көрсетеді.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button