Өскеменге «Мәңгүрт» келді

Еліміздегі балет өнері туралы сөз ете қалсақ, аузымызға ең алдымен жерлесіміз Болат Аюхановтың есімі ілігеді. Ұлттық балет өнерін үлкен белеске көтерген бишінің есімі бүгінде елімізге ғана емес, күллі әлемге әйгілі. Өткен аптада хореография мэтрі Болат Аюхановтың басқаруындағы Мемлекеттік академиялық би театры «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің мәдени бағдарламасы аясында ұйымдастырылған гастрольдік сапармен облысымызды аралап, шығысқазақстандықтарды өнерімен тәнті етті.
Атам заманнан адам баласының өзімен бірге жасап келе жатқан өнердің түрі бар болса, ол – би болар. Би – қуаныш пен қайғының, буырқанған сезімнің тілі. Біле білген адамға, биде де өмір, биде де қайнаған тіршілік бар. Осы орайда семейлік жерлесіміз, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Болат Аюханов басқаратын Мемлекеттік академиялық би театрының Шығысқа гастрольдік сапармен келуі өнерсүйер қауым үшін үлкен сый болғаны анық. Би болғанда анау-мынау емес, болмысы бөлек балет дейтін бекзат өнерді сахнадан тамашалаудың өзі бір ғанибет емес пе? Өткен аптада мұндай қуанышқа Курчатов, Семей, Өскемен қалаларының көрермендері кенеліп, бір рахаттанып қалды. Саф өнердің көрерменнің талғамын өсіретіні де рас. Сонымен қатар, көрермен қауым айтулы ұжымның өнерін тамашалау арқылы қазақ балетінің қол жеткізген бүгінгі биігін бағамдап, іштей ой түйді. Жалпы, Болат Аюханов басқаратын Мемлекеттік академиялық би театры 1967 жылы құрылған болатын. Елу жылдық тарихы бар өнер ұжымы бүгінде әлемдегі жетекші он театрдың бірінен саналады. «Балет» деген сөздің өзі итальян тілінен аударғанда «билеймін» деген мағынаны білдіреді екен. Осынау жарты ғасырға жуық уақыттың ішінде би театры қаншама дүниелерді сахналап, көрермен қауымның сүйіспеншілігіне бөленді.

Бұл жолы аталған ұжым Курчатов, Семей қалалары мен облыс орталығында өнер көрсетті. Тіпті Өскеменде бір емес, үш күн аялдап, шаһар тұрғындарына баға жетпес рухани азық сыйлады. Қарашаның 16-cы күні Өскемендегі Орталық Мәдениет сарайында басталған концерт қарашаның 18-19-ы күндері Металлургтердің Мәдениет сарайында жалғасын тапты. Өскемендіктер Сергей Прокофьевтің музыкасына жазылған «Сақтар. Оңтүстік түні», Ж.Бизенің музыкасына жазылған «Кармен – сюита», М.Булгаковтың «Мастер және Маргарита» романының желісі бойынша сахналанған «Маргаританың түсі» қойылымдары мен «Ер Тұран» балетін тамашалады. Десе де өскемендік көрермендерге өзбек композиторы Н.Закировтің музыкасына қойылған «Мәңгүрт» атты бір актілі қойылым ерекше әсер еткен сыңайлы. Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романының желісі бойынша сахналанған лирикалық трагедияны хореография мэтрі Болат Аюхановтың өзі қойған. Қойылымдағы басты рөл – Мәңгүртті театрдың болашағынан үлкен үміт күттіретін жас әрі талантты балет бишісі Марат Оралбаев сомдады.
Болат Ғазизұлы Мәңгүрт рөлін ұсынғанда, мен қатты қуандым. Өйткені бұл – менің жаныма бала кезімнен жақын рөл. Мәңгүрт туралы кішкентай кезімнен білемін. Анам мені үнемі М.Әуезов театрының жаңа қойылымдарына ертіп апаратын. Бірде театр қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» шығармасы бойынша жазылған қойылымды сахналады. Сонда осы Мәңгүрт образы маған қатты әсер еткен болатын. Сондықтан да бұл образды сомдау маған көп қиындық тудырған жоқ. Шынында да, мынау дүниеде ана мен бала арасындағы махаббаттан ұлы ештеңе жоқ, – дейді балет әртісі Марат Оралбаев.
Өкінішке қарай, бұл жолғы Шығыс өңіріндегі гастрольдік сапарға Болат Аюхановтың өзі келмепті. Театрдың әкімшісі Асхат Байназаровтың айтуынша, ол кісі қазір жаңа қойылымды дайындаудың қамымен жүрген көрінеді.
– Жалпы, біз ел арасына жиі шығуға тырысамыз. Осы жолы театрдың 26 адамнан тұратын құрамы Шығыс өңірін араладық. Курчатов, Семей қалаларындағы көрермендеріміз біздің өнерімізді өте жақсы қабылдады. Өскемендіктер де әр қойылымымызды үлкен қызығушылықпен тамашалап, ыстық ықыласын танытуда, – дейді Асхат Байназаров.

Әйгілі балетмейстер Болат Аюханов өзінің мемлекеттік академиялық театрын 1967 жылы құрған. Абай атындағы театрда өзбек композиторы Н. Зәкіровтың музыкасына жазылған «Мәңгүрт» атты бір актілі қойылымы Семей халқының назарына ұсынылды.
Қоюшысы әрине, Болат Аюханов. Балеттің қойылымына жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» шығармасы әсер еткен. Балет ұжымы қазір дайындық үстінде екен. Билерін ерекше сомдап, қанаттарын сахнада ұшуға ерекше қомдап жатқан жерінде жолықтық. Театр балетмейстері Гүлфида Ғафурқызының айтуынша, семейліктерге олар Радион Щедрин әзірлеген Жорж Бизенің музыкасына жазылған «Кармен сюитасын» да ұсынбақ.
-Біз Курчатов қаласынада да концерт қоямыз,-деді Гүлфида Ғафурқызы,-сіздерде бір күн болатындықтан «Мәңгүрт» қойылымын да ұсынуды жөн көрдік. Курчатовта «Сақтар. Оңтүстік түні» бір актілі балетін көрсетеміз. Музыкасы – Сергей Прокофьевтікі. Ұлттық «Ер Тұран» балетін де көпшілік назарына ұсынамыз. Болат Аюхановтың өзі келе алмады. Ол кісі қазір М.Бородиннің музыкасына жазылған «Княз Игорь» операсынан бір үзінді дайындап жатыр. Желтоқсан айында балетті халық назарына ұсынбақ.
Мейрамтай Иманғали
Раушан Нұғманбекова