Өскемендіктерді өзгеше талантымен таңғалдырды
Өскеменде тұңғыш рет облыстық «Мүмкіндіктер фестивалі» байқауы өтті. Бұл фестивальді әлемдік «Тalent show» немесе ресейлік «Минута славы» сияқты әйгілі тележобалардың баламасы деуге де болады. Мейлі сен әнші бол, биші бол, ең бастысы, қалың жұртшылықты өз өнеріңмен таңғалдыра алсаң болғаны. Өңіріміз өнерпаздардан кенде емес екен, қаладағы Металлургтердің мәдениет сарайының төрінде небір дүлдүлдер өнер көрсетті.
Ешқандай қазылар алқасы, ешқандай ұпай сандары болған жоқ. Сондықтан аталмыш фестивальді ерекше өнерлі жандардың гала-концерті деуге де болады.
Енді ең әсерлі деген нөмірлерге тоқталып өтейік. Үржардан келген өнерпаз Арайлым Қайраттың бойында ерекше құбылыс бар. Ол бала кезінен сөздерді, тіпті, сөйлемдерді ойланбай теріс оқи береді. Жүргізушімен жарыса сөйлеп, оның сөзін қолма-қол керісінше оқыған Арайлымның өнеріне таңғалмасқа шараң жоқ. Тыңдаған адамға мүлдем басқа тілде сөйлеп тұрғандай әсер береді екен. Арайлымның айтуынша, ол сөздерді керісінше аударып ойланып тұрмайды екен. Тұтас күрделі сөйлемдер оның миында автоматты түрде кері оқылып жатады, тек айтып үлгеріп тұрсаң болғаны.
Дәрмен болашақта «ұшамын» дейді
Сахнаға шыққан келесі өнерпаз – Семей медицина колледжінің студенті, сиқыршы Дәрмен Дәуренов. Оның көрсеткен өнерін тамашалаған көрермендер демдерін іштеріне тартумен ғана болды. Дәрмен көрсеткен нөмірлер шынымен де таңғаларлық. Ленталарды қиып тастап қайта бүтіндей салады, тұтас газетті түк қалдырмай жыртып, қайтадан қажетті дүние ету оған қиын емес. Бар затты жоқ қылып жіберу, жоқты бар қылу сияқты фокустарды ол жоғары дәрежеде орындады.
– Мен фокустардың көбін өзім ойлап табамын, әрине, интернет те көмектеседі. Алдағы уақытта жаңа күрделі трюктер орындауға дайындалып жүрмін. Ол – отпен орындалатын номерлер. Алдағы мақсатым – аспанға көтерілу. «Қалай ол?» деп тұрған шығарсыз, иә, тура мағынасында аспанға көтерілу, сиқыршылар тілінде левитация деп аталады, – дейді Дәрмен.
Күршімнен келген Жадыра Сманжина жұртты сурет салып таңғалдырды. Сурет болғанда да қызық сурет – желіммен және ұнмен салынатын сурет. Алдымен үлкен тақтаға ешқандай қылқалам немесе қарындаштың көмегінсіз құр алақан мен саусақтардың ғана көмегімен суреттің нобайы салынады, желіммен. Әрине, бұл жылдамдықты талап етеді. Үлкен сахнада, сыртыңнан қаншама көз не болар екен деп сұқтанып отырғанда сурет салу да оңай емес. Санаулы минуттардан кейін Жадыраның суреті дайын болды. Біз бірақ ештеңе түсінген жоқпыз. Әдетте суретшілер өз туындыларын ақ түсті кенепке немесе матаға салатын. Жадыраның материалы қара түсті. Қара матаға желім жағылды алайда ешқандай суреттің нобайы байқалмайды. Сөйтсек қызықтың бәрі алда екен. Ол өзі жаққан желімнің үстіне ұн бүркіген кезде қара матаның бетінде терек түбінде отырған қолаң шашты бойжеткеннің бейнесі жарқ ете түсті. Міне, ерекше өнер!
Шөлмектің үстінде шыр айналды
Семейден келген Сералы Мұхамеджановты осы байқаудың ең мықты өнерпаздарының бірі деуге болады. Оның көмейінен көне түркі әуендері төгілді. Шаңқобыздың дауысы мен көмей үні көрермендерді сонау ғасырлар қойнауына қарай жетелеп әкеткендей әсер қалдырады екен. Қайдан шыққаны белгісіз, кәдімгі кісінеген жылқы дауысы естіледі. Ол дауыстар да Сералының көмейінен шығып жатыр. Ал аягөздік Жұмат Жанмырзаевты буыны жоқ бала деуге болады. Жиналған жұрт тек қана қол шапалақтаумен болды. Ең соңында кәдімгі ішімдіктен босаған қалың шыны шөлмектің үстіне тігінен баспен тұрып, шыр айналған кезде айнала отырғандар еріксіз ризашылықпен бастарын шайқады. Бұдан басқа түрлі өнерпаздар, оның ішінде шағын қорапқа сиып кеткен қыз, көзді ашып-жұмғанша үстіндегі киімін ауыстырып жіберетіндер, әншілер мен бишілер өнер көрсетті.
Елуінде де спортты серік етіп жүр
Ердің жасы елуге келген тарбағатайлық Төлеген Қалимжанов байқауда арқасымен ұсақ шынының үстіне жатып, көпшілікті таңғалдырды.
Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылының тумасы Төлеген бала кезінде әлсіз, аурушаң болғанымен өсе келе спортқа ден қоя бастайды. Жиырма жылдан астам уақыт Ивановтың әдісімен күнде үстіне суық су құйынып, таңғы жаттығу жасайды. Өмірі дәрі-дәрмек қолданып, аурухана есігінен аттап көрмеген екен.
– Адамның жасы ұлғайған сайын ширақ қимыл азаяды. Ондайды болдырмау үшін спорттың жеңіл түрімен шұғылданған жөн. Сонда өзіңді сергек сезінесің, – дейді Төлеген Қалимжанов.
Он бес жасында әлсіз, әлжуаз болған бала, елу жасында көк темірді көкте ойнататын, күрескенді жер қаптыратын азамат болып шығады. Алматыдағы денешынықтыру институтын тәмәмдаған ол жас кезінде қазақша күрес, еркін күрес түрлерімен айналысып, көптеген жарыстарда топ жарған. Аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі белдесулерде талайдың белін қайыстырғаны бар. Қазіргі таңда Ақжар ауылында балаларды жаттықтырумен айналысады.
Қолаң шашы қылтасына түскен
Байқауға Курчатов қаласынан келген Зинат Құмар қылтасына түскен қою қара шашымен көрерменді таңғалдырды.
Қытайдың Шиху ауданында туған Зинат үш баланың анасы. Жұмыссыз. Үйінде балаларының тәрбиесімен айналысады. Қылтаға түсетін қолаң шашты 10 жасынан бастап өсірген екен. Үш күнде бір рет қымбат сабындармен жуатын көрінеді. Күнде тарап, өріп қояды. Зинаттың айтуынша, шаштың күтіміне де біраз уақыт кетеді екен. Бір қызығы, шаш күтіміне табиғи айран-сүт дегендерді мүлдем қолданбайды екен.
Дарын Нұрсапаров,
Мерей Қайнарұлы