Өскемендіктер «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмін тамашалады
Өскемендегі «Юбилейный» кинотеатрында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ туралы жаңа фильмнің тұсауы кесілді. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген «Жұлдыздар тоғысқанда» атты бұл көркем фильмді «Елбасы жолы» киноэпопеясының заңды жалғасы десе де болады. Кинотуындыны қалың көрерменмен бірге облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ те тамашалады.
Сәуірдің 28-інен бастап жалпыұлттық прокатқа шыққан фильмді тамашалауға халық көп жиналды. Олардың арасында Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлері, облыстық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, облыстық басқармалар мен департаменттің басшылары, студенттер мен оқушылар бар. Бұған дейін көрермен қауым тұңғыш Президентіміз жайындағы «Балалық шағымның аспаны», «От-өзен», «Теміртау», «Тығырықтан жол тапқан» атты фильмдерді тамашалаған болса, енді міне \”Жұлдыздар тоғысқанда\” (\”Так сложились звезды\”) атты бесінші фильмнің де тұсауы кесіліп отыр.
Бір атап айтарлығы, алдыңғы төрт фильмді де түсірген қазақстандық режиссер Рүстем Әбдірашев болса, бұл фильмнің режиссері Ресей Федерациясы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ресейдің Халық әртісі, «Брежнев», «Цветы календулы», «Женский романс», «Белая гвардия» секілді кинотуындыларымен көрермен қауымға есімі жақсы таныс режиссер әрі сценарист Сергей Снежкин көрінеді.
Жаңа туынды басталмас бұрын сахна төріне фильмде Дінмұхаммед Қонаевтың образын сомдаған Алдабек Шалбаев көтеріліп, өзінің бір ауыз лебізін білдірді.
– Тарихы терең киелі шығыс өлкесіне бүгін өзіміздің шығармамызды алып келіп отырмыз. Өнер халықтың бет-бейнесі дейді. Ендеше бүгінгі фильмнің тұсаукесеріне жиналып отырған барлықтарыңызға алғысымды айтамын. Бәріне халық сыншы. Туындыны тамашалаған соң, бағаларыңызды бересіздер деп ойлаймын, – деді ол.
Иә, сонымен көрермен тағатсыздана күткен фильм де басталды. Фильм желісі ағылшын журналисі Джереми Вильсонның Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВПЕН кездесуге қол жеткізуінен басталады. Ұлы дала елінің Көшбасшының өмірі мен қызметі туралы жазбақ болған ағылшын қаламгерінің жолы болады. Небәрі бір жарым, екі сағатқа белгіленген сұхбат қызықты саяхатқа ұласады. Сұхбат барысында Президент пен Вильсон кең-байтақ даладан қар басқан тауға, көпқабатты зәулім ғимараттан киіз үйге, 2015 жылдан 1950, 1986, 1989, 1991 жылдар аралығындағы тарихи оқиғаларға ауысып отырады. Ел картасындағы әрбір жер – Президент өмірбаянының айғағы. Келесі күні Президенттің Алматыға іс сапары және сұхбаты аяқталады. Президент өзі ант қабылдап, ел тәуелсіздігі үшін жауапкершілік алған залында Вильсонмен қоштасады.
Бір атап айтарлығы, Сергей Снежкин «Жұлдыздар тоғысқанда» кинокартинасының сценарийін Мемлекет басшысының шығармаларын негізге ала отырып жазыпты. Жұмыс барысында Елбасының жеке естеліктері де молынан пайдаланылған. Фильмді түсіру жұмыстары Қазақстан және Ресейде қатар жүргізіліпті. Негізгі бөлігі Алматы қаласы және Алматы облысында өтсе, ал қалғаны Астана, Қарағанды, Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында түсірілген көрінеді.
Түсірілімдерге Ресейдегі Кремль, «Националь» қонақ үйі, Қарағандыдағы кеншілердің мәдениет сарайы секілді, барлығы 70-тен астам нысан пайдаланылыпты.
Фильмде басты рөлді қазақстандық танымал актер Берік Айтжанов сомдаса, Дінмұхамед Қонаевты Алдабек Шалбаев, Михаил Горбачевті актер Игорь Угольников, әйелі Раиса Максимовнаны Дарья Мороз секілді өнер адамдары сомдайды.
Жалпы алғанда, картинаны жасауға он мыңға жуық адам жұмылдырылған көрінеді.
– Елбасымыз туралы жаңа кино маған ұнады. Оны алғашқылардың бірі болып тамашалағаным үшін өте бақыттымын. Елбасының бойындағы көшбасшылық және адами қасиеттер өз бойымнан да табылса деймін, – дейді қала тұрғыны Татьяна Кравченко.
Мейрамтай Иманғали