Білім

Өскемендік оқушы Венада марапатталды

Өскемендік оқушы Венада марапатталды

Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Айбек Түгелбаев «Feeling Good – Feelin Bad» анимациялық фильмдер мен бейнероликтердің халықаралық конкурсында жеңімпаз атанып, Вена қаласында 1-маусымда өткен марапаттау салтанатына қатысып қайтты.
«Пікір» атты мектепішілік телехабардың авторы әрі режиссері Айбек конкурс жарияланғаны туралы облыстық білім басқармасынан келген хаттан естіген бойда өмірлік маңызы бар бейнеролик түсіру жөнінде шешімге келеді. «Телестудия» үйірмесінің жетекшісі Айнұр Әубәкіровамен ақылдаса келе, олар бүгінгі күннің өзекті тақырыбын ойлап табады.
– Қазір ересектердің көбі ұялы байланыс мүмкіндіктеріне әуес. Олар көбінде телефон арқылы әңгімелеседі, хат жазысады, ғаламтор желісінен ақпарат іздейді. Былайша айтқанда, олар сол уақытта балаларының жанында болғанымен, олармен сөйлеспейді де, уақыттары жоқ. Осы іс-әрекеттерімен ең жақын адамдарын қаншалықты ренжіткендерін, балаларының жабырқағандарын түсіне де бермейді. Мен осы мәселені көрсетуге тырыстым, – дейді жас автор.
Бейнероликтегі басты кейіпкерлерді Айнұр Әубәкірова, география пәнінің мұғалімі Есбол Сансызбай мен Раиля, Батырхан және Данияр атты балалар сомдапты. Олар күнделікті өмірдің көрінісін көрсеткен. Содан кейін 30 секундтық роликті монтаждап, дыбыстық бейнелеу жасау ғана қалған еді. Айбек бұл үйреншікті жұмысын істеп болған соң, бейнероликті достары мен мектеп мұғалімдеріне көрсетеді.
– Мен жақсы пікірлер естідім, бұл менің жеңіске деген үмітімді қанаттандыра түсті, – деп жалғастырды сөзін жасөспірім.
Бірақ халықаралық байқаудың қазылар алқасының шешімі автордың күткенінен де асып түсті. Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселені көтерген жұмысы форматы мен сапасы жағынан I орынға лайық деп табылды. Жас авторға 2000 еуро көлеміндегі сыйлықты Австрияның Отбасы және жастар ісі жөніндегі федералды министрі Sophie Karmasin тапсырды.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button