Өскемендегі №3 мектеп-гимназия биыл да көш бастады
Әр түлектің өмірдегі кезекті сынағының бірі – ұлттық бірыңғай тестілеу де өтті. Біреудің төбесі көкке жетті, енді біреудің жанарына жас тұнды…
Биылғы оқу жылында облыс көлемінде барлығы 11234 түлек мектеп бітірсе, олардың 7839-ы тестілеу сынағына қатысып, 11 жыл бойы алған білімдерін сынға салды. Бұрындары хабарлағанымыздай, ҰБТ сынағы үш кезеңге бөлініп, жер-жердегі 14 пунктте өтті. Атап айтқанда, алғашқы күні 3783, екінші кезеңде 3468, ал соңғы, үшінші кезеңде 588 түлек сынақ тапсырса, оның 5166-сы мемлекеттік, ал 2673-і ресми тілде білім сынағынан өткен.
– Жалпы облысымыздың мектеп түлектері арасында ең жоғарғы – 125 балдық көрсеткішке жете алғандар болған жоқ. Дегенмен, одан сәл төмен балл жинап, мұғалімдері мен ата-аналарын қуантқан үш түлекті айта кеткім келеді. Олар: Жарма ауданындағы Маяковский орта мектебінен Мағжан Байғалиев, Семейдегі №22 орта мектептің екі түлегі – Айдана Бауыржанқызы мен Жарқын Бекенова. Ал мектеп бітірушілер арасында 992 оқушы бес пән бойынша белгіленген деңгейдегі балды жинай алмады, – деп атап өтті Өскемендегі талдау және болжау институтында өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасының басшысы Мәдениет Ахметова.
Облыстың бас мұғалімінің айтуынша, биылғы тестілеу сынағынан халықаралық олимпиадалар мен байқаулардың жүлдегері болған 67 түлек (өткен жылы 49) босатылған көрінеді. Негіздеп айтар болсақ, биылғы ҰБТ-ның орташа балы 72,4 балды көрсеткен. Ал тестілеуде қалалар бойынша ең жоғары көрсеткішті Өскемен (80,6) мен Семей (76) шаһарларының мектептерін тәмамдаған түлектер көрсетсе, аудандар арасында Күршім, Бородулиха, Катонқарағай және Үржар аудандары алдыңғы лектен көрінген. Облыс бойынша Алтын белгіден үміткер 402 оқушының 93-і, ал үздік аттестат бойынша 179 үміткер-түлектің 19-ы ғана өз білімдерін дәлелдей алған. Бір таңғаларлығы, былтырғы ҰБТ-да өте жақсы деңгейде екендіктерін байқатқан Риддер, Курчатов қалалары мен Көкпекті, Жарма және Бесқарағай аудандары биыл білім көшінен қалып қойған.
Осындай жетістіктер мен кемшіліктерді баяндап берген басшы биылғы тест сынағы кезінде тапсырушылар арасында үш келеңсіздік орын алғанын да жасырмады. Бұл Абай ауданында бір тест тапсырушының өзімен бірге сұрақ кітапшасын алып шыққаны үшін берген жауабы есептелмесе, күршімдік екі оқушы сынақ тапсыру сәтінде ұялы телефонды пайдаланғаны үшін аудиториядан шығарылуы еді.
– Бір ескерте кететін мәселе, біздің басқарма ҰБТ сынағына дайындық мәселесі мен оның өткізілуіне ғана жауап береді. Ал оның өткізілуінің сапасы мен талдау жасалуына білім саласын бақылау департаменті жауапты. Ол мекемедегілер де жақында нақты деректер беретін болар деп ойлаймын, – деген Мәдениет Ахметованың сөзін Өскемен қалалық білім бөлімінің басшысы Александр Кузнецов іліп әкетіп, төмендегідей деректерді көлденең тартты:
– Республика көлеміндегі ең озық білім беретін 100 мектептің қатарына кіретін Өскемендегі №3 мектеп-гимназиясы (99,83 балл) биыл да ерекше нәтиже көрсеткенін баса айтқым келеді. Одан кейінгі орындарда №38, №19, №2, №44 сынды мектептер мен гимназиялар болды.
Бұдан кейін балалардың жазғы демалысы туралы әңгіме өрбіді. Мысалы, өткен жазда облыстағы барлық оқушының 30 пайыздайы ғана демалу-сауықтыру лагерьлерінде болып қайтса, биыл ол 50 пайыздан асады деп күтілуде екен. Балалардың жазғы демалысын жүйелі ұйымдастыру турасында барлық аудандардың өз концепциясын жасауы үстіміздегі каникул кезеңі өте жоғары деңгейде өтеді деген үміт ұялатады. Сонымен қатар, биыл біздің облысқа Қытайдың, Түркияның және Ресейдің балалары келіп, енді ашылатын халықаралық «Балақай» лагерінде тынығатын болады. Бұған қоса Шемонайхадағы сияқты киіз үй лагерьлерін Бесқарағай, Аягөз, Абай аудандарында да ашу көзделуде. Туристік тұрғыдағы лагерьлер саны да көбеймек.