Білім

Өскеменде тағы бір қазақ мектебі ашылды

Білім күні Өскемендегі 19-шы тұрғын ауданында бір мың орындық қазақ мектебі есігін айқара ашты. №48 мектеп-қосымша білім беру орталығының салтанатты ашылуына облыс әкімі Даниал Ахметов қатысты.

– Құрметті ұстаздар, ата-аналар және оқушылар! Баршаңызды 1 қыркүйек – Білім күнімен, жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Сапалы білім – қарқынды дамудың, өркениеттің басты шарты, сол себепті ел Президенті мен Үкіметтің жүктеген міндеттерін жүзеге асырып, облыста білім жүйесі мен сапасына ерекше көңіл бөлінеді.  Өскемендегі 50 мектепте 38 мың оқушы жаңа оқу жылын бастап отыр. 4600 бала мектеп табалдырығын аттады. Сіздер үшін осы жыл ерекше болып, қарқынды өсіп келе жатқан 19-шы шағын ауданда, мінеки, мемлекеттік тілде оқытатын 1000 орындық жаңа мектеп есігін ашты. Бұл мектеп – бүгінгі уақыт талабына сай заманауи ерекше білім ордасы. Құрметті оқушылар, сабақты жақсы оқып, білімдеріңді тереңдетіңдер, ата-аналарыңның мақтанышы болыңдар! Жаңа білім ошағының ұжымына табыс пен сәттілік тілеймін! – деді құттықтау сөзінде облыс әкімі Даниал Ахметов.

Жаңа мектепте ата-аналар мен оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Жабдықталған жаңа оқу кабинеттері бар білім ошағында инженерлік-техникалық бағыттағы үйірмелер мен секциялар жұмыс істейтін болады. Мұнда жүзден астам  мұғалім сабақ береді. Бұл мектептің бірінші сыныбына биыл 150 бала қабылданыпты.

– Мектеп қолданысқа дер уақытында беріліп отыр, – деді №48 мектеп-қосымша білім беру орталығының директоры Шынар Мажинова. – Құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Кабинеттердің бәрі де заманауи құралдармен жабдықталған, түстен кейін қалып оқитын балаларға білім алуға мүмкіндік берілген. Әзірге барлық оқушымыз бір ауысымға сыйып отыр.

Сонымен қатар біз мұғалімдер құрамына да ерекше көңіл аударамыз. Атап айтсам, биыл жұмысқа қабылданған 80 мұғалімнің 18-і – жоғары білімді жас мамандар. Тамыз конференциясында мектебіміздің екі жас мұғаліміне өңір басшысы Даниал Ахметов пәтер кілтін табыс еткен болатын. Бұл жаңадан ашылған мектептің жас мұғалімдері үшін ерекше құрмет деп ойлаймын.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button