Білім

Өскеменде ұстаздар үйі ашылды

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өңір ұстаздары үшін қуанышты жаңалықтың куәсі болдық. Өскеменде «Ұстаздар үйі» ашылды. Жаңа ғимараттың лентасын қиған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев пен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының төрайымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Гүлнас Ахметова  Кенжетайқызы облыс ұстаздарына жылы лебізін білдіріп, «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық сайысының жеңімпаздарын марапаттады.

-Облыстың білім саласы аймақ басшысының басты назарында. Өңіріміз цифрландыру, көптілділікті енгізу және инклюзивті білім беру бойынша республикада көш бастап тұр. Барлық мектептер  жылдамдығы жоғары интернет желісіне қосылған, «Менің мектебім» жобасының аясында 227 мектеп, ең алдымен ауылдардағы шағын комплектілі мектептердегі пән кабинеттері мен роботтық техника кабинеттері заманауи құралдар-жабдықтармен қамтылды. Дегенмен, мұғалімнің әдістемелік шеберлігі, кәсібилігі мен шәкірттерге деген сүйіспеншілігі басты орында қалары сөзсіз,-деді Ерлан Аймұқашев. -«Өрлеу» институтының мұғалімдерді даярлау, курстар өткізу, әдістемелік көмек көрсетудегі еңбегі ұшан-теңіз. Осыны ескерген Білім және ғылым министрлігі қолдау көрсетіп, бірлесіп күш салудың нәтижесінде «Ұстаздар үйі» ашылып отыр. Гүлнас Кенжетайқызы, сізге және сала министрлігіне облыс ұстаздары атынан алғыс айтамын! Мұғалімдер қауымы осы білім ордасынан өскелең ұрпақты оқытып, тәрбиелейтіндей жаңа білімдерді меңгереді деген сенімдеміз.

Айта кету керек, «Өрлеу» ұлттық орталығының Шығыстағы филиалы 1948 жылы құрылғанда алдымен шағын бөлмеде, кейінірек жалдамалы орындарда жылдар бойы ауысып жүрген еді. Енді міне, білікті басшы Сәуле Байхонова басқарып отырған, жетпіс жылдық тарихы бар институттың зәулім ғимаратында мұғалімдер біліктілігін арттырып қана қоймай, өзара тәжірибе алмасып, педагогикалық инновациялардан хабардар болып отырады. Ол үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Жаңа ғимараттағы мұғалімдердің кәсіби өсуіне арналған  жұмыс шеберханасы, роботтық техника, Монтессори кабинеті, ақпараттық-әдістемелік орталық, видеостудия, институттың тарихи залы  заманауи техникамен, құралдармен толық жабдықталыпты. Жыл сайын филиалда  облыстың бес мыңнан астам мұғалімі біліктілігін арттырады.

«Ұстаздар үйінің» ашылу салтанаты  барысында «Өрлеу» ұлттық орталығының төрайымы Гүлнас Ахметова «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық сайысының жеңімпаздарын құттықтап, дипломдар мен ақшалай сертификаттар тапсырды. Мұғалімдердің сайысқа қатысу белсенділігі жылдан-жылға артып келеді. Бұл жаңа педагогикалық идеямен жұмыс істейтін шығармашыл ұстаздардың қатары өсіп келетіндігін байқатады.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button