Өскеменде ұлттық нақышта ойыншықтар шығарады
Сауда орындарында қызылды-жасылды ойыншықтардың мың түрінен көз тұнады, бірақ арасында ұлттық нақыштағы ойыншықтар жоқтың қасы. Әрі көпшілік сатып алып жүрген ойыншықтардың басым бөлігі Қытайдың сапасыз материалдарынан жасалғандықтан, қолқаны қабатын өткір иісі балалардың денсаулығына зиян екендігін мамандар аз айтып жүрген жоқ.
Өскеменде төл мәдениетімізді дәріптейтін, алуан түрлі табиғатымызды көрсететін ойыншықтар жасайтын цех ашылды. Ендеше, «Bala Boom» дамытушы ойыншықтар брендімен таныс болыңыз.
Керемет идея!
Өскеменнің іргесіндегі Ново-Явленка ауылында жергілікті кәсіпкер мектеп жасына дейінгі балаларға арналған 25 түрлі логикалық ойыншықтар өндірісін жолға қойды. Барлық ойындар қазақ және орыс тілдерінде.
Ұлттық колоритпен жасалған ойыншықтар еліміздің мәдениеті мен табиғатының сантүрлілігін көрсетеді.
Ерлі-зайыпты Михаил Осипов пен Наталья Саратова – үш баланың ата-анасы. Ең алғашқы идеяның пайда болуына да бүлдіршіндері себепкер болған екен.
– Тұңғыш қызымыз дүниеге келгенде, әр ата-ана сияқты біз де баламызға бар жақсыны бергіміз келді. Бала ес біліп, өсе бастағанда оның денсаулығына қауіпсіз, сапалы ойыншық іздей бастадым, – дейді «Sanaly urpaq» дамытушы ойыншықтар өндірушілерінің Ұлттық қауымдастығының президенті Наталья Саратова. – Бірақ, өкінішке қарай, маған ұнаған және талаптарыма сай келетін мардымды ештеңе таба алмадым. Сондықтан Ресей мен Еуропадан тапсырыс беріп алдыруға тура келді.
Әсіресе, еуропалық брендтегі ойыншықтар керемет сапасымен ғана емес, сонымен қатар баланың білімі мен танымын дамытуымен ерекшеленетіні белгілі. Сондықтан Наталья Саратова, алдымен, осы тауарлардың дистрибьюторы болды.
– Бұл ойыншықтар негізінен дамытушы бағытта болғандықтан, оларды балабақшаларға ұсынып көрдім. Ондағы мамандар балаларға дәл осындай ойыншықтар қажет екендігін айтты. Бірақ мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің бюджеті шектеулі болғандықтан, қанша қызыққанымен бұл ойыншықтарды аздан ғана алды, – дейді кәсіпкер. – Демек, сапалы ойыншықтар бәріне ұнайды, бірақ бағасы қымбат. Не істемек керек? Міне, осы сәтте «қазақстандықтар үшін қолжетімді болатындай осы ойыншықтарды неге өзіміз жасап көрмеске» деген ой туды.
Алғашқы қадам
Осылайша, кәсіпкер Наталья Саратова балаларға арналған логикалық ойындар өндірісін ашуды түпкілікті шешеді. Алдымен Өскемен қаласының басшылығына барып, мұндай өндіріс орнын өзімізде ашу мүмкін екендігін және әкімдік тарапынан қолдау қажеттігін айтады.
Дамытушы ойыншықтар өндірісін ашу идеясын бірден қолдай кеткен шаһар басшысы Жақсылық Омар қалада тұрғындардың әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаты үшін жұмыс орындары тапшы екендігін де тілге тиек етіпті. Егер кәсіпкер аталған санаттағы тұрғындарды жұмысқа қабылдайтын болса, қала әкімдігі отандық ойыншықтарды сатып алу үшін балабақшаларды мақсатты түрде қаржыландыру мүмкіндігін қарастыратындығын айтады.
Осылайша, үш мәселе сәтті шешіледі. Дамытушы ойыншықтарға зәру балабақшалар сапалы ойыншықтарға қол жеткізеді. Тұрғындардың әлеуметтік осал топтары жұмыс орындарымен қамтылып, лайықты еңбекақы алады. Ал кәсіпкер тауарларын өткізіп, өндірісін ары қарай дамытуға мүмкіндік алады.
Жаңа цех былтыр қыркүйек айында іске қосылды. Заманауи құрал-жабдықтар сатып алынып, жұмысшылардың штат кестесі бекітілді. Көпбалалы ана, жалғызбасты ана сияқты арнайы санаттағы жұмыскерлер үшін отбасылық жағдайына байланысты еркін жұмыс кестесі жасалыпты. Өйткені кей мамандардың үйінде мүмкіндігі шектеулі баласы бар болғандықтан, арасында барып, оның күтімін жасауы тиіс.
Шағын кәсіпорында негізінен Шығыс және Ново-Явленка ауылының тұрғындары еңбек етеді. Әлеуметтік кәсіпкерлікті қолға алған ерлі-зайыпты Михаил Осипов пен Наталья Саратова жобаны бірден қолдаған қала әкімі Жақсылық Омарға ризашылығын білдірді.
Кәсіпкерлер қазір білім бөлімімен келісе отырып жұмыс істейді. Мәселен, балабақшаларға нақты қандай ойыншықтар қажет екендігін ескереді.
– Бұл жобаның әдісі бойынша өндіруші бірден дайын тауарларды ұсынбайды. Керісінше, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің ұстаздары мен тәрбиешілері балаларға қандай ойын түрлері керек екендігін айтып тапсырыс береді. Менеджерлеріміз балабақшалармен тығыз байланыста. Тауарлар тізімінің ішінен өздеріне қажетін таңдаған соң, тапсырыстарды орындауға кірісеміз, – дейді Наталья Саратова.
Ойна да ойла!
Аз уақыт өтсе де, үлкен сұранысқа ие болған ойыншықтар тек қайың ағашынан, фанерадан және басқа да табиғи материалдардан жасалады. Жұмыс екі цехта қатар жүреді. Бірінде ағаштарды кесу, тегістеу, желімдеу жұмыстары жүргізілсе, екіншісінде ойыншықтар боялып, кептіріліп, дайын өнімдер қораптарға салынады. Бір ерекшелігі – бұл ойыншықтарды ойын мақсатында ғана емес, тақырыптық сабақтар барысында әдістемелік құрал ретінде де пайдалануға болады. Өйткені ойындардың көпшілігінде қазіргі жаңартылған білім беруде топтық сабақтар өткізуге арналған әдістемелік нұсқаулары да бар. Мәселен, геометриялық фигуралардан 3D киіз үй құрастыруға болады.
Ағаш ойыншықтардың көмегімен жауарлар әлеміне саяхат жасап қана қоймай, географияны, геометрия мен санау негіздерін, туған өлкеміздің табиғаты мен елімізде өмір сүріп жатқан түрлі ұлттар мен ұлыстар жайлы қызықты мәліметтер алуға болады. Сонымен қатар бұл ойыншықтар баланың есте сақтау, логикалық ойлау қабілетін арттырып, қол моторикасын дамытуға көмектеседі.
Дамытушы ойындардың бағыты да әртүрлі. Мәселен, «Қазақстан халқы» танымдық ойынында әртүрлі ұлттық киім киген ұл мен қыз бала бейнеленген. Қораптағы осындай 12 фигура үш бөлікке бөлініпті. Бала оның киіміне қарап, бөліктерді дұрыс құрастырып шығуы тиіс. Ал қораптағы карталарда әр ұлттың дұрыс киім үлгісі мен олардың тарихи отаны жайлы қызықты мәліметтер жазылған.
Ал «Нұр-Сұлтан» ойынында Ханшатыр, Ақорда, Бәйтерек, ЭКСПО, мешіт сияқты елордамыздың көрікті жерлері бейнеленіпті. Кубиктердің көмегімен балалар әуежайдан Президент резиденциясына дейінгі жолды жүріп өтуі қажет. Кім бірінші болып келеді, сол – жеңімпаз. Әр нысанның жанынан өткен сайын тәрбиеші немесе ата-ана карточкалар жинағының көмегімен әр ғимаратқа сипаттама беріп, ол туралы қызықты деректер келтіреді.
Мына бір пазл-ойыншықта тоғыз үй жануары төлдерімен бейнеленген. Түйе-бота, қой-қозы, бие-құлын, ит-күшік, сиыр-бұзау, мысық-марғау, тағы басқа. Бала әр жануардың жанына төлін дұрыс тауып қоюы тиіс. Осындай пазлдардың «Қазақстанның Қызыл кітабы», «Қазақстанның жануарлар әлемі» сияқты түрлері бар. Қызықты мәліметтерге толы бұл ойыншықтар арқылы балалар еліміздің оңтүстігінде варан мен жайра (дикобраз), қызғылт фламинго мекендейтінін біле алады. Сонымен қатар еліміздің орталығында, шығысы мен батысында, оңтүстігі мен солтүстік өңірлерінде мекендейтін жануарлар жайлы қызықты мәліметтерге қанық болады.
«Менің Қазақстаным», «Танграм», «Домино» сияқты дамытушы ойыншықтар да балалардың танымын, ойы мен қиялын дамытады, түстерді ажыратуға көмектесіп, келесі әрекетін жоспарлауға бейімдейді.
«Домино» логикалық ойынының әдісі классикалық доминоға ұқсас. Тек доминоның беткі жағында жеті үй жануары бейнеленген. Ал кері жағында кәдімгі домино нүктелері орналасқан.
Баланың есте сақтау қабілетін дамытатын «Мемори» ойынында елімізге байланысты түрлі тақырыптарға арналған карталар бар. Солардың ішінен тұрмыстық заттар, музыкалық аспаптар, көрші елдер сияқты жұп карталарды табу қажет.
Еліміздің картасы сияқты жасалған «Қызыл кітап. Жануарлар әлемі» танымдық ойынында Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген 14 жануар бейнеленген және олар туралы қызықты мәліметтер келтіріліпті.
Әрбір ойыншық авторлық құқықпен қорғалған. Өйткені оларды жасауда суретшілер мен дизайнерлер тобы жұмыс істейді. Шағын кәсіпорын бүгінде облыс орталығындағы 29 балабақшаны өз өнімдерімен қамтыды. Болашақ ұстаздарды оқытып жатқан педагогикалық колледж де бірнеше данасын алыпты.
Ойыншықты инстаграм әлеуметтік желісіндегі @kiddyboomkz. парақшасынан тапсырыс беріп алуға болады. Бағасы 2500-15 мың теңге аралығында.
Айжанат Бақытқызы