Экономика

Өскеменде фотоэлектрлі пластиналар шығаратын зауыт іске қосылды

Өскеменде фотоэлектрлі пластиналар шығаратын зауыт іске қосылды

Кеше Индустрияландыру күні аясында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жобаларының тұсаукесеріне арналған жалпыұлттық телекөпір болып өтті. Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен осы шараның барысында ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Өскемендегі фотоэлектрлі пластиналар шығару зауытын іске қосты.
«Қазақстан Солар Силикон» зауыты – «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы құрамындағы инновациялық, жоғары технологиялық кәсіпорын. Кешен әлемнің ең озық технологиясымен жабдықталған. Бұл жерде күн батареяларына қажетті, күн сәулесін энергияға айналдыратын фотоэлектрлі ұяшықтар жасалады. Кәсіпорынның қуаты 60 мегаваттан кем емес. Бұл бір жылда бір жылу электр станциясын салғанмен бірдей. Зауыт іске қосылғанда 440 жаңа жұмыс орны ашылады. Аталған өндіріске 23 миллиард теңге инвестиция салынды.
– Құрметті Президент мырза! Осы жылдың маусым айында Сіз біздің салынып жатқан зауытта болған едіңіз. Сол кездесуде Сіз құрылыс жұмыстарын жылдың соңына дейін бітіру жөнінде тапсырма берген болатынсыз. Бүгін біз Сізге және бүкіл қазақстандықтарға «Қазатомпром» компаниясы отандық күн батареялары өндірісінің циклін әзірлеп шыққанын қуана хабарлаймыз. «Қазақстанда шығарылған» деген жазуы бар күн батареялары толықтай дерлік елімізде ғана өндірілмек, яғни, кремний шикізатын игеруден бастап, дайын тауар жасауға дейінгі процестердің бәрі өзімізде іске асырылады. Біз жаңа өнім шығаруға дайынбыз. Жаңа өндірістің тұсауын кесуге рұқсат беруіңізді сұраймыз! – деді телекөпір арқылы елордамен тікелей байланысқа шыққан «Қазақстан Солар Силикон» ЖШС-нің бас директоры Василий Ли.
Президент бұл зауыттың еліміз үшін түбегейлі жаңа инновациялық кәсіпорын екенін атап өтті.
– Бұл расында да, инновациялық және жоғары технологиялық жоба. Жыл сайын аталмыш зауытта бүкіл бір электрстанция өндіретін қуат беруге қауқарлы өнім шығарылатын болады. Мен бұл кәсіпорынның жұмысын, оның даму қарқынын ерекше бақылауда ұстап отырмын. Осы жоба өзімізде өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесінің айрықша тауарлық бренді болады деген ойдамын. Мен осы қуанышпен сіздерді құттықтаймын! – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Бұл заманауи зауыт нарыққа әлемдік бәсекеге қабілетті дайын өнім шығарады.
«Жасыл экономика» бағдарламасы аясындағы жобаны жүзеге асырып жатқан аталмыш зауыттың құрылысы өткен жылдың көктемінде басталған-ды. Қазір мұнда Еуропа елдерінен жеткізілген ең озық үлгідегі күрделі қондырғылар орнатылған. Құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, француздың «ЕСМ» және «SEMCO» фирмалары шығарған негізгі технологиялық құрылғылар алғашқы сынақтан сәтті өткен.
Аталмыш зауытта еліміз үшін мүлдем жаңа өнім, яғни, күн батареяларының басты бөлшектері – фотоэлектрлі пластиналар шығарылады. Өндіріс Францияның дайын технологиясын тұтас көшіруге негізделген. Басты шикізат – Алматы облысының аумағынан қазылып алынатын таза кремний. Мұндай саф кремний әлемде екі-ақ жерде кездеседі, Аустралияда және Қазақстанда. Пластиналар осы жерден Астанадағы зауытқа жөнелтіледі, күн батареялары елордамызда құрастырылады.
Биыл жазда зауытта Елбасымыз болып, өндіріс орнының жұмыс істеу принципімен танысқан. Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелесіп, олар еңбек ететін зауыттың бірегей өндіріс орны екенін атап өткен-ді.
– Бұл – күн батареяларына арналған пластиналар жасайтын еліміздегі тұңғыш зауыт. Мұндай инновациялық кәсіпорын Қазақстанға аса қажет, ол біздегі баламалы энергетиканы кеңінен дамытуға мүмкіндік береді, – деген болатын Мемлекет басшысы зауыт ұжымы алдында.

Титан-магний комбинаты
«Парыз» конкурсының бас жүлдесін иеленді

Мемлекет басшысының қатысуымен «Парыз – 2013» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша конкурстың лауреаттарын салтанатты жағдайда марапаттау шарасы өтті.
Жыл сайынғы «Парыз» конкурсын 2008 жылғы қаңтарда Жезқазған қаласында өткен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша форумында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ алғаш рет құрды. Мақсаты – бизнестің жауапкершілік қағидасын, кәсіпкерлердің неғұрлым өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге қатысу.
«Өскемен титан-магний комбинаты» акционерлік қоғамы ел Президентінің «Гран ПРИ» лауреаты атанып, «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша республикалық конкурстың басты жүлдесінің иегері болып жарияланды. Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жоғарғы награда – Кубокты табыс етті.
Облыс Әкімімен жасалған өзара ынтымақтастық пен жекеменшік-мемлекеттік серіктестік туралы меморандум шеңберінде Өскемен қаласындағы Жаңа Согра кентінде медициналық орталық құрылысы бойынша кәсіпорынның жобасы іске асырылды.
Бүгінгі таңда медициналық орталықтың құрылысы аяқталып, медициналық жабдықтарды сатып алу және монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 1 016,9 миллион теңге. Нысанды қолданысқа беру келер жылдың алғашқы тоқсанына жоспарланып отыр.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бойынша «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымында «Парыз» сыйлығының қола жүлдегері болып Жарма ауданының «Жарма Құрылыс Газ» серіктестігі танылды.
Кәсіпорын жыл сайын ауданның тұрмысы төмен отбасыларына, мүмкіндігі шектеулі балаларына, ардагерлерге, сондай-ақ, білім, спорт ұйымдарына демеушілік көмек көрсетеді. Өз қаражаты есебінен қызметкерлері, оның ішінде жас мамандар үшін тұрғын үй құрылысымен айналысады.
Осы жылы іске асырылған қайырымдылық көмектің жалпы құны 28 миллион теңгеден асып, тұрғын үй құрылысына 22 миллион теңге жұмсалды.

Енді цифрлық теледидар көретін боламыз

Кеше еліміздің барлық облыс орталықтарымен бірге Өскемен қаласында да ұлттық цифрлық хабар тарату жүйесі ресми түрде іске қосылды. Шараға қатысқан облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев Қасым Қайсенов кентінің аумағындағы телемұнара қызметкерлерімен кездесіп, цифрлық хабар тарату жүйесінің артықшылықтарына қанықты.
Индустрияландыру күніне орай бүкіл қазақ даласын қамтыған бұл маңызды шараны елордада Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ресми түрде бастап берді. 2010 жылдан бері енгізіле бастаған цифрлық хабар тарату жүйесі бүгінде әрбір екінші қазақстандықты қамтып отыр деуге болады. Бұл күні Маңғыстау облысы серпінді жоба аясында цифрлық теледидармен 100 пайыз қамтылған. Ал өзімізге келер болсақ, жаңа эфир жүйесі Өскемен қаласымен қоса облыс орталығынан 50 шақырым қашықтықта жатқан 41 елді мекенге таратылды. Бұл – аймағымызда 119 мың отбасы «Отау ТВ» жүйесіндегі 23 отандық телеарнаны ақысыз көре алады деген сөз. Ол үшін тұрғындарға үйіндегі көк жәшігін цифрлық қабылдауышқа қосса болғаны. Бүгінде мұндай цифрлық қабылдауыштарды тұрмыстық электроника дүкендерінен 13 мың теңге көлеміндегі бағаға сатып алуға болады. Ал егер теледидарыңыз DVB-Т2 форматын қолдайтын болса, яғни, 2012 жылы шыққан LG, Samsung маркалы болса, арнайы САМ-модуль алу қажет. Бұл модульдердің бағасы – 8-8,5 мың теңге шамасында. Тараған сигналды тартуға қарапайым сыртқы антенналар да қауқарлы.
«Қазтелерадио» акционерлік қоғамының облыстағы филиалы технологиялық қондырғыларды жинақтау, цифрлық таралымдарды реттеу, таратылым сапасына мониторинг жүргізу жұмыстарын ұйымдастырып, соңғы бір айда қанатқақты тестілеуден өткізген. Осы атқарылған жұмыстарға оң бағасын берген облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев цифрлық форматтағы таратылымға көшу заман талабы екенін атап көрсетті.
– Жаңа жүйенің арқасында отандық телеарналардың көрермен саны артып, ақпаратқа қол жеткізушілердің мөлшері көбейеді. Келер жылы цифрлық хабар тарату жүйесі Семейді қамтиды. Бұл тұрғыда біздің облыс республика бойынша әрқашан көшбасшылар қатарынан көріне білген. Осы жолы да солай болып отыр. Бүгінгі жаңалықтың тағы бір жағымды тұсы – қосымша жұмыс орындарының ашылатынында. «Қазтелерадионың» біздегі филиалы өз қызметкерлерінің санын 100-ге жеткізуді жоспарлап отыр, – деді ол.
«Қазтелерадио» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Бақыт Қалиевтың айтуынша, өңірді цифрлық теледидармен қамтудың келесі кезеңі 2014 жылы басталмақ. Аталмыш кезеңде басымдық әуелі шекаралық аудандарға берілетін болады.
– Цифрлық жүйенің сапасымен қатар тиімділіктері де жетерлік. Бұған дейін негізгі деген бірнеше арнадан басқа хабар көздерін халық кабельдік және спутниктік жолмен көріп келді. Кабельдік көздерге ай сайын ақша төленсе, мұнда бір-ақ рет цифрлық қабылдауышты сатып аласыз. Одан кейін отандық 30 арнаны тегін тамашалай бересіз. Цифрлық теледидардың арқасында спутниктік жолмен таратылатын теріс пиғылды идеологияға да тосқауыл қойылатын болады. Ұлттық цифрлық теледидарға қосылу жолдары мен оған қажет құрылғыларды сататын орындар жайындағы ақпараттарды www.otautv.kz сайтынан білуге болады, – дейді Бақыт Қалиев.

Ержан Әбіш,
Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button