Өскеменде білікті дәрігерлер даярланады
Өскемен қаласында Семейдегі медицина университетінің филиалы ашылды. Бұл жерде студенттермен қатар дәрігерлер де білім алып, біліктіліктерін жетілдіретін болады.
Салтанатты жиында құттықтау сөз алған облыс әкімінің айтуынша, Өскемендегі білікті дәрігерлер жетіспеу мәселесі жуық арада шешілуі тиіс.
– Бұл – біздің аймағымыз үшін аса қажет дүние. Денсаулығы мықты елдің іргетасы да мықты болмақ. Сол себептен білікті медицина мамандарын даярлау мәселесі ешқашан назардан тыс қалған емес. Бұл біздің көптен бері жоспарлап жүрген ісіміз болатын. Енді Семейде дайындалатын дәрігерлер облыс орталығында да оқытылатын болды. Билік тарапынан дәрігерлерге деген барлық жағдай жасалып жатыр, олардың тұрмысы мен еңбек жағдайына деген ыңғайлылық қарастырылған. Барлықтарыңыздың еңбектеріңізге жеміс, бастаған істеріңізге табыс тілеймін, – деді оқу орнының ашылу салтанатына қатысқан облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Аймақ басшысы жаңа құрылып жатқан білім ордасына компьютерлік жабдық бөлмесіне арналған арнайы құрылғыларды сыйға тартты.
Университет қызметкерлерінің айтуынша, филиалда 15 штат ашылып отыр. Мұнда білім алатындар хирургия, педиатрия, гинекология, терапия, акушерлік мамандықтары бойынша интернатурадан өтеді.
Университет ректоры Төлебай Рақыпбековтің айтуынша, филиалдың ашылуына 90 млн. теңгеден астам қаржы салынып отыр.
– Облыс орталығында жетіспей жатқан 400-ден астам жоғары білікті мамандар мәселесін біз алдағы 3-4 жылдың ішінде шешеміз деген үміт бар. Филиалда студенттерді оқытумен қатар ауруханаларда еңбек етіп жүрген дәрігерлердің біліктілігін көтеру жұмыстары да жүргізілетін болады. Бұрын өскемендік мамандар Семейге келіп, біліктілікті көтеру курстарынан өтетін. Енді алысқа ұзамай-ақ облыс орталығында оқи беретін болады. Сонымен қатар, мұнда медицина ғылымының профессорлары келіп, тұрғындарды қабылдап, диагностика жасайды, – дейді Төлебай Рақыпбеков.
Биылғы жаңа оқу жылында Өскемендегі филиалға 83 студент қабылданды, ректордың айтуынша, алдағы уақытта филиал жылына 200 студент қабылдап отырады. Оларға 31 медицина ғылымының кандидаттары, 4 медицина докторы Семейден арнайы келіп, дәріс оқып, тәжірибе бөлісетін болады. Мұнда студенттерге арналған жатақхана мен оқытушыларға арналған қонақүй мәселесі де қарастырылған.