Әдебиет

Өскемен – мейірлі ана

Өскемен – мейірлі ана
Ұлы дала шығысында, асқақ Алтай бұрышында Өскемен деген қала бар. Ерке ертістің жағасынан, үкілі Үлбі сағасынан тұрақ тепкелі үш ғасырға жуықтады. Шығыстағы елдің қағбасындай болған қарт қаланың туған күні ертең.
Қаланың қақ маңдайына «Қазақстан» деп мөр басылып, көк аспанға еркелеп көк ту тұр. Қалаға батыстан кіретін ел Қабанбайға сәлем беріп кірсе, шығыстан сәп салып кірген адам Ізғұтты Айтықовпен жүздеседі. Өскеменнің жүрегінің төрінен Абай тұрақ тепкен. Қазақтың салт-дәстүрінен сыр шертетін этноауыл мен мешіт қаланың сыртында. Өнердің ошағы саналатын Театр олардан да арырақ.
Қазанында ырыс пен мырыш қайнаған өндіріс ошағының қашан көрсең буы бұрқырап тұрады. Есесіне ұлттық рухтың түтіні дәйім тік ұша бермейді. Асығы – бірде алшы, бірде тәйкі.
Оралханын оғылан етіп, Құмарбегі құмар болған, Ғабдуллині шынар болған, Ғалым жырмен тіліп өткен, Рүстемнің құны кеткен Өскемен бұл. Бірақ осы тұлғалардың бірде-бірінің есімімен аталатын көше жоқ, қазірге. Қалаға ауылдан келген елдің көбі Тәуелсіздік даңғылымен жүруге құштар. Бірақ қала тұрғындарының көбі Бажов, Ворошилов, Орджоникидзе көшелерімен жүргісі келіп тұрады. Шығыстағы руханияттың қара шаңырағы саналатын «Дидар» газетінде жұмыс істейтін менің әріптестерім Ушанов деген есіл ердің ескерткішін бір айналып жұмысқа келіп, шыр айналып үйіне қайтады. Біздің жол солай.
Алматы мен Астананы көбінде аруға теңеп жатамыз. Осы тұрғыдан қарағанда Өскемен маған үш ғасыр жасаған мейірлі анаға ұқсап тұрады. Сол мақтаулы қалалардың бірінде үш күннен артық тұрып қалсам Өскеменді сағынады өз басым. Мүмкін Алтайды, болмаса Ертісті аңсайтын шығармын. Жоқ, мұндағы адамдардың көбі басқалардай саудамен айналыспайды, өз алдына өндірісін өркендетіп жатқан алқоңыр халық. Ешқашан екі сөйлеу дегенді білмейді. Нән қалалардың халқындай қарбалас емес, жүрістері Ертістің ағысындай баяу, байсалды. Бірақ бәріне үлгіреді.
Алты ай бойы киген ақшағи көйлегін көктем келгенде бірақ ауыстыратын Өскемен ананың өзіндік мұң-наласы мен қуаныш шаттығы да жоқ емес. Қайғысы сол кеңестік кер заманның жаны мен тәніне салған жарасынан әлі күнге айыға алмай келеді. Батыстан соққан қызыл желдің өтінде тілін үсітіп алған, оны емдеуге әзірге «дәрігерлер» құлықсыз. Ғасырлар бойы қос өкпесін де құртып болғамыз. Күрк-күрк жөтелгенде қос танауынан бұрқ-бұрқ етіп көк түтін будақтайды.
Түркілер жортқан тұран даланың уран жұтып, мырыш кемірген қазыналы қаласына кімдер қызықпады, күні кешеге дейін көз салып келмеді ме?! Басынан асқан байлығы тұрғанда солай бола бермек. Қалай десек те, алашқа нәрін беріп, уын өзіне сіміріп жатқан мейірімді ананың ең үлкен бақыты басында тұрған Тәуелсіздігі.
Тілің де түзелер, өкпең де тазарар, тек басыңдағы бағың таймаса болғаны. Байлығыңмен барша әлемді тәнті етіп жасай бер мейірімді ана, жайнай бер мырыш қала, құрыш қала.

Мұратхан КЕНЖЕХАНҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button