Өскемен мен Семей «Жасыл қалалар» қатарына қосылады
Кеше облыс әкімі Даниал Ахметов және Еуропалық қайта құру және даму банкі ЕҚҚДБ-нің Лондондағы штаб-пәтерінде өзара әріптестік, өңірдің екі ірі қаласын «Жасыл қалалар» бағдарламасына қосу туралы меморандумды бекітті.
Іс-шараға сонымен қатар ЕҚҚДБ-нің бірінші вице-президенті Юрген Ригтеринк қатысты. Атап өтерлігі, Өскемен мен Семей қалалары есеп бойынша 38-ші және 39-шы болып халықаралық бағдарламаға қосылып отыр. Бағдарлама аясында Өскемен мен Семей экологиялық жағдайды жақсарту бойынша әрекеттердің жекелеген жоспарларын әзірлеуге қолдау алмақ. Бұл экологиялық басым проблемаларды анықтауға және оларды шешу үшін қажетті шараларды жүзеге асыруға, сонымен бірге инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
Өскемен және Семей қаласының 30 млн. еуродан (теңге баламасында) астам қаржы тарту жоспарланып отырған қанатқақты жобаларына 2020 жылдың мамыр айына дейін қол қойылмақ. Аталған жобалар тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Сонымен қатар өңірге грант тарту және жеңілдікпен қарызды қаржыландыру қалалық инженерлік инфрақұрылымның техникалық жағдайын жақсартуға, тұрғын үй-коммуналдық, көліктік және энергетикалық секторға «жасыл» инвестициялар енгізуге мүмкіндік береді.
Айта кетсек, қазіргі күнде «Жасыл қалалар» бағдарламасы әлемнің 20-дан астам қалаларында жүзеге асырылуда және 1 млрд. еуроға жуық көлемде қаржы тартуға мүмкіндік бердіы.
Мысалы, Молдавия Республикасының Кишинев қаласына 10 млн. еуро (балабақшалар, мектептер және ауруханаларды қосқанда 120 ғимаратты қайта жаңарту), Сербия Республикасының Белград қаласына 20 млн. еуро (трамвай жолдарын, тротуарды, көшелік жарықтандыру жүйесін, бағдаршамдар мен бақылау жүйесін жаңғыртуды қоса отырып, қаланың ең қозғалысы көп «Жасыл Бульвар» жолын қайта құру), Болгарияның Варна қаласына 10 млн. еуро (жолдарды, тұрақ аймақтарын және электромобильдер үшін қуаттау станцияларын жаңғырту) инвестиция тартылды.
Атап өтерлігі, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өңірдің инфрақұрылымына халықаралық және қаржылық ұйымдардың қаржысын тиімді тарту үшін 2015 жылдан бері Еуропалық қайта құру және даму банкімен белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
Аталған жұмыстар еліміздің гүлденуі мен тұрақты дамуына көмектесуге бағытталған Қазақстан Үкіметі мен ЕҚҚДБ арасындағы әріптестікті арттыру бойынша серіктестік туралы келісімнің аясында жүзеге асырылуда. 2015-2020 жылдар аралығында ЕҚҚДБ-мен іске асырылған инвестициялық жобалардың жалпы сомасы – 12 жоба бойынша 74,7 млрд. теңгені құрады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі