Мәдениет

Сивилия ән салғанда…

Классикалық музыканың теңдессіз шеберлері Шығыстың бас шаһарының құрметіне ән салды.

Иә, V «Ақ Ертіс» халықаралық музыка фестивалі Өскеменде өтті. Италия, Армения, Ресей және Кореядан келген әлемдік сахнаның саңлақтары шаһар күніне орайластырылған кеште шабыттана шырқады. Әлбетте, отандық өнер жұлдыздары да облыстық драма театрдың төрінен табылды.

Фестивальдың мінсіз өткендігіне сөз жоқ. Дегенмен кеш барысында жұртты елең еткізген екі жайт болды. Біріншісінен бастайық.

Сахна төріне елімізге еңбегі сіңген әртіс Шахмардан Әміров көтерілді. Тарланбоз әнші тамағын әнтек кеней берді. Тынған ел Әміровтен Әміренің үні естілердей елеңдеп отырды. «Кө-ө-ңіл құсы құйқылжыр шартарапқа…» Жоқ, Абайдың өлеңі естілді. Көпшілік таңдана да, тамсанып қарап қала берді. Хакімнің өлеңін аяқтап болған Шахмардан Әміров:

«Құрметті көрермен қауым! Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына орайластырылған жыр эстафетасын сіздер арқылы бүкіл Шығыс халқына жолдаймын» – деді.

Осыны айтты да, дана Абайдың тағы бір-екі өлеңін үдете оқып шықты. Содан кейін ғана қоңыр дауысымен тыңдарманының сусынын қандырып, сахна шымылдығына сіңіп кетті.

Жұрт екінші рет Сивилия ән салғанда елең етті. Сахнаға сән беріп тұрған кәріс қызы ортадағы микрофонды алып тастауға жұмсақ ғана бұйрық еткен. Енді елдің назары Сивилия Лиге шындап ауды. Бұдан әрі айтар жоқ. Дауысы қандай?! Табиғи тұма дауысқа қаталап жүрген қалың елді бірден  баурап алған  шебердің өнері қандай?

Сивилия Ли – өнерпаздар отбасында өмір есігін ашқан екен. Әкесі – виолончелист, анасы – пианинода ойнаған. Кішкентайынан әнші болуды армандаған Сивилия үлкен сахнаға алғаш Италияда қадам басыпты. Содан бері нелер классиктердің туындыларын орындап,  саф өнер жанашырларының қошеметіне бөленіп келеді.

Маған Өскемен қаласы қатты ұнады. Ертісті алғаш көрдім. Сезімімді айтып жеткізе алмаймын. Өзенге қарасам, жаным жылып, жайлылық табады. Мен тағы да келемін, – дейді кәріс қызы.

Сивиляны әуежайдан көрген ел қазақ қызы деп ойласа керек, әу баста қазақша сөйлесе бастаған екен. Қазақ халқын бірден жақын тартқан ол, айналасы бір-екі күнде қазақша амындық-саулық сұрасар деңгейге жетіпті.

Кәріс елінің қазаққа қандай да бір жақындығы жоқ па екен? Мүмкін шежірелі Алтайдың бір кіндігінен тарады ма?.. Сивилия ән салғанда осындай лебіздер ой елегімізден өтіп жатты.

Оразай Жеңісұлы

 

Осы айдарда

Back to top button