ТОП

Silkway Accelerator БАҒДАРЛАМАСЫ – СТАРТАПТАРДЫ ІСКЕ АСЫРАТЫН САРА ЖОЛ

Жерлесіміз Құлахметов Шыңғыс Зейнел Ғабиденұлы басшылық ететін «Med365» ЖШС Silkway Accelerator бағдарламасының екінші кезеңіне өтті. Бұл Astana Hub пен стартаптарға қолдау көрсететін Google-дың бірлескен жобасы. Ұйымдастырушылар 300- ден астам қатысушының ішінен 15 жобаны іріктеп алды. Заман талабына сай білімді де білікті жастардан  құралған компанияның жемісті жетісті. Қыркүйектің 2-ші жұлдызы бағдарлама ресми бастау алды.

Қатаң іріктеу, жан-жақты терең сараптаудан өткен әлеуеті мол 15 стартап Silkway Accelerator бағдарламасы бойынша өз жобасын дамыту мүмкіндігіне ие болды. Бағдарламаны Google for Startups компаниясы мен Astana Hub IT-стартаптардың халықаралық технопаркі бірлесіп жүзеге асыруда.

Бағдарламаға қатысу үшін Орталық Азия елдерінің, сондай-ақ Әзербайжан мен Моңғолияның технологиялық жобаларынан 330 өтінім жолданды. Іріктеу осы жылдың мамыр айында басталып, бірнеше кезеңнен тұрды. Жобаларды Орталық Азия елдерінің сарапшылары, сондай-ақ Google Developers өкілдерінен құралған арнайы комиссия бағалады.

Комиссия іріктеп алған 65 үздік жобаның ішінен бағдарламаға қатысу үшін ТОП-15 стартап таңдалды. Сондай-ақ 11 резервтік жобаның тізімі анықталды.

Іріктеу жеңімпаздары арасында Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Моңғолия және Тәжікстаннан ұсынылған жобалар  да бар.

Бағдарлама қатысушылары Google-дың үздік сарапшыларынан мастер-кластар мен тәлімгерлікке тегін қол жеткізіп, бизнес-процестерді тиімді құруды, масштабтауды, серіктестік байланыстарды орнатуды және инвестицияларға дайындалудың негіздерін егжей-тегжей үйренеді.

Google for Startups ең сәтті кейстерге өз платформасында және әлеуметтік желілерде PR қолдау көрсетеді. Өз кезегінде Astana Hub қатысушыларға технопарк аумағында тұратын пәтерлер, жұмыс кеңістігін, PR қолдауды, сондай-ақ Seed Money бағдарламасы шеңберінде 25 млн теңгеге дейінгі сомаға қаржыландыру алу мүмкіндігін ұсынады. Оқу Нұр-Сұлтан қаласында офлайн форматта өтіп, 3 айға созылады.

Google for Startups сияқты ірі компаниямен серіктестік жаһандық әлеуеті бар стартаптар үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Оларға әлемдік платформаларға қатысуға мүмкіндік береді. Astana Hub осымен бесінші жыл қатарынан стартаптарды акселерациялаумен айналысып келеді. Бұл жаңа деңгей. Алдағы уақытта үздік жоба деп танылған  он бес жоба иелері Google корпорациясымен ынтымақтастықта жұмыс жүргізе отырып әлемдік деңгейдегі мықты кәсіп иелері болады деген сөз.

Осы орайда Google for Startups – 2011 жылы Google корпорациясымен іске қосылған стартап-бағдарлама екенін де айтып өткен жөн. Ол 125 елдегі 50-ден астам коворкингтер мен акселераторлардан тұрады. Сондай-ақ ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге практикалық сабақтар ұсынады. Биыл Қазақстан бағдарламаның Орталық Азиядағы алғашқы серіктесі аталды.

Тәуелсіз мемлекетіміздің ұшқыр ойлы, кәсіп иелері өркендеп ел дамуына ауқымды үлес қоса берсін. Мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін арттырып жаңа деңгей, жарқын болашаққа жол алған жоба иелері арман асқарлары мен мақсат мұзарттарын бағындыра берулеріне тілектестік білдіреміз.

 Ермек Тұрсынұлы

 

Осы айдарда

Back to top button