Шығыстың шайыры сексенге толды

Биыл Шығыстың шайыры Серік Ғабдуллин 80 жасқа толып отыр. Өңір руханиятының өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан ақын тойын Өскемен қаласы Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапхана бастады.
Ғабдуллин оқулары осымен екінші мәрте өтті. Бұл игі дәстүрді аталмыш кітапхана өткен жылы қолға алған болатын. Көзі тірісінде ақын осы кітапханадағы шараларда жиі болатын. Себебі, өзі құрған «Шабыт» ақындар мектебі осы шаңырақта жұмысын жүргізген-ді. Енді міне, сол кездері Секеңмен қоян-қолтық жұмыс істеген кітапхана қызметкері Гүлбаршын Тілегенқызы мен «Шабыт» ақындар мектебінің қазіргі жетекшісі Қызырбек Дүргінбайұлы қаламгер шығармаларын ұрпақтар жадында мәңгі жаңғырту үшін жанын салып жұмыс жүргізуде. Артында жоқтаушысы бар Секең ұрпақтармен мәңгі бірге жасайды деп сенейік.
Ақынның тойын өткіземіз деп зыр жүгірген кітапхана қызметкерлерінің бұл ісін облыс бойынша грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Марат Мұзапаров және Ұлан ауданының әкімшілігі қолдапты. Сондай-ақ, бүгінде Ұлан өңірінде қызмет істеп жүрген айтыскер ақын Аслан Ғафуров пен Кереку өңіріндегі Айбек Оралхан бастаған ақынның шәкірттері де көмек қолдарын созған.
Мерейтой иесінің шығармашылық мұрасын сақтау, зерттеу және насихаттау мақсатындағы байқау «С.Ғабдуллиннің мұрасы» (зерттеу жұмыстары), «С.Ғабдуллиннің өлеңдерін аудару», «С.Ғабдуллинге арналған өлеңдер», «С.Ғабдуллиннің өлеңдеріне жазылған әндер», «С.Ғабдуллиннің өлеңдерін мәнерлеп оқу» сынды бес бөлім бойынша өткізілді. Байқауға 95 талапкер қатысқан. Олардың ішінде ғылыми-зерттеу жұмыстары және ақынға арналған өлең-жырлар шараға дейін жабық түрде қаралды. Сонымен бірге, мәнерлеп оқудан бақ сынаған үміткерлер тыңдалып, қазылар алқасы қатысушылардың өнерін, талабы мен талантын бағалап, тиісті қорытындыларын жасады.
«С. Ғабдуллиннің өлеңдерін мәнерлеп оқу» бағыты бойынша «Ең үздік мәнерлеп оқушы» аталымын С.Аманжолов атындағы ШҚМУ студенті Балауса Қожаева және №18 орта мектептің оқушысы Диана Әмірқанова иеленді. «С.Ғабдуллинге арналған өлеңдер» бойынша С.Аманжолов атындағы ШҚМУ студенті, жас ақын Данагүл Исағұлқызы мен №18 орта мектептің оқушысы Виктория Галимова топ жарды. Ақынға арналған отты жырларымен көзге түскен аталмыш университеттің студенттері Тасқын Болатұлы мен Оразай Жеңісұлы мүшәйраның екінші, үшінші орындарын бөліссе, ақынның туған ауылынан келген Ұлан аудандық балалар шығармашылық үйінің оқушысы Шынар Тойымбаева «Шабыт» ақындар мектебі атындағы, жас ақын Бағжан Елсінбекқызы мен Алтынғадыс Күнтуғанұлы шәкірттері тағайындаған Серік Ғабдуллин атындағы жүлдеге ие болды. Ғылыми-зерттеу жұмыстары аясында М.Әуезов атындағы №17 мектептің оқушысы Лейла Ахметова және №39 орта мектептің оқушысы Лаура Сыздықбаева бірінші орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, ақын өлеңдерін ағылшын тіліне аударған Жамбыл гимназиясы мен З.Ахметов атындағы №16 мектеп оқушыларының шығармашылықтары да аталып өтілді.
Белсенді қатысқан барлық үміткерлер алғыс хаттармен марапатталып, жүлделі орын алған қатысушылар сыйлықтар мен дипломдарға ие болды.
Осыдан кейін ақынның өз дауысымен жазылған өлеңі оқылып, кітапхана қызметкерлері Қызырбек Дүргінбайұлы мен Ермек Шестаев арнайы дайындаған бейнефильм көрсетілді. Өз кезектерінде туыстары мен ақын-жазушылар, оқырмандар естеліктерімен бөлісті. Жерлес сазгерлердің ақынның сөзіне жазылған әндерін орындаған композитор Арыстанбек Кәкеев, әнші Алматы Хавдслам, театр қызметкері Дархан Сәдібаев, Жамбыл гимназиясының оқушысы Дана Аубакирова көпшіліктің көңілін бір толқытты.
Осындай тебіреністі сәтке толы естеліктерден кейін С.Ғабдуллиннің туыстары қатысушыларға ақынның кітабын сыйға тартты. Және осыншама қатысушыға арнайы дипломдар мен марапат қағаздарын дайындап, жоғары деңгейде өтуіне түрткі болған аталмыш кітапхананың ұжымына алғыстарын айтты. Этнографиялық мұражай қызметкері Гүлжан Кашаку ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты материалдар мен өмірбаяндық фотосуреттері және жеке алғыс хаттары, дипломдары қойылған «Өміріне өлеңін өзек қылған…» атты көрмені көпшілік назарына ұсынды.
Кітапхана қызметкерлері алдағы уақытта дәстүрлі ІІ «Ғабдуллин оқуының» негізгі қорытындысы ретінде шағын кітапша шығарамыз деп отыр.
Мұратхан Кенжеханұлы