Шығыстағы ең дарынды бүлдіршінді таңдады

«Бала дауысы-2019» ұлттық балалар ән байқауы жыл сайын еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры мен Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді. Жобаның биылғы іріктеу кезеңі еліміздің 16 облысында және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында 29 наурыз – 22 мамыр аралығында өтіп жатыр. Өнер додасына 8-12 жас аралығындағы балалар қатысуда.
Өскеменде де байқаудың кезекті тыңдалымы өтті. Шығармашылық топтың алдында жүзден астам қатысушы өз бағын сынады. Металлургтер мәдениет сарайына өнерлі бүлдіршіндердің ата-аналары, музыкалық тәлімгерлері мен достары жиналды. Жас дарындарды қолдау үшін байқаудың алдыңғы жылғы финалисті Дарина Мағауина да келіп, көрермендерге өзінің орындауындағы әнін тарту етті.
Q-pop индустриясының жарық жұлдызы Ziruza және танымал музыкалық продюсер Фарида Ниязова өңіріміздегі дарынды балалардың вокалдық қабілеттерін бағалап, облыстағы ең керемет дауыс иесін анықтады. Нәтижесінде байқаудың ақтық кезеңіне өскемендік он жасар бүлдіршін Рамила Нұралдинова жолдама алды. Ол төрт жасынан ән салып, алты жасынан музыкалық мектептегі сольфеджио мен xореография сабақтарына қатысыпты. Шетелдік және отандық әншілердің шығармашылығынан шабыт алатын Рамила бұған дейін де түрлі байқауға қатысып, бірнеше мәрте бас жүлде иегері атанған. Рамила былтыр да «Бала дауысында» бақ сынаған екен. Бірақ ол кезде сәттілік оның вокалдағы сыныптасы Мәулен Аxметқалиевқа жолдас болыпты. Есесіне биыл жеңіске қол жеткізген Рамила финалда облыс атынан өнер көрсетеді.
Айта кетейік, аймақтың кезеңге қатысқан барлық балаға естелік сыйлықтар мен дипломдар тапсырылды.
Енді күзде Рамила Нұралдинова елімізің басқа аймақтарынан келген 16 финалиспен «Бөбек» ұлттық орталығының аумағында орналасқан «Жұлдызды Арман үйінде» кездеседі. Фарида Ниязованың айтуынша, ол жерде балалар байқаудың суперфиналына дайындалу мақсатында вокал, хореография және әртістік қабілеттерін шыңдайды. Ал қазанның 25-27 күндері балғын өнерпаздар жобаның телевизиялық бағдарламаларында өнер көрсетіп, байқауға арнайы жазылған жаңа әндерді орындайды.
Жалпы байқау өткізілген жылдары балаларға арналған 56 жаңа ән дүниеге келгендігін атап өткен жөн. Бұл әндердің барлығы еліміздегі мектептер мен балабақшаларға таратылған.
Гала-концертте финалистер жұлдызды тәлімгерімен бірге халыққа кеңінен танылған әйгілі әндерді шырқайды. Бағалау барысында балалардың дауысымен қатар актерлік және хореографиялық шеберліктері де ескеріледі.
Республикалық байқаудың жеңімпазы кәсіби қазылар алқасының бағалауымен және телекөрермендердің байқаудың ресми сайтында онлайн дауыс беруі арқылы анықталады.
«Бала дауысы-2019» байқауының жеңімпазына музыкалық оқу орнында білім алуға мүмкіндік беретін грант және «Сиқырлы Диснейленд» ертегілер әлеміне саяхат жолдамасы беріледі.
Айжанат Бақытқызы