Қоғам

Шығыстан бастау алған игі шара өзге өңірлерге де жетті

Шығыстан бастау алған игі шара өзге өңірлерге де жетті

Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен 2009 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Туған жерге – тағзым» акциясы бес жылдың көлемінде өзінің қажеттілігі мен тиімділігін дәлелдеп үлгерді.

Соңғы бес жыл ішінде облыстың белсенді азаматтары мен кәсіпкерлерінің, жергілікті меценаттардың тікелей араласуымен бюджеттен тыс 20 млрд. теңгеден астам қаржыға 3 мыңға жуық жоба іске асырылып, ел игілігіне берілді. Атап айтқанда, 100-ге жуық саябақ және балалар алаңы, 230 ескерткіш, мемориалдар мен стеллалар, 21 әлеуметтік нысан, 150 спорттық нысан, футбол алаңы және хоккей қорапшасы салынып, 380 іс-шара елді мекендерді абаттандыруға, жолдар мен көпірлерді салуға, көшелерді жарықтандыруға бағытталды. Сондай-ақ, тұрғындардың әлеуметтік тұрғыда аз қорғалған тобына 680-нен астам қайырымдылық шаралары жүзеге асырылды. 80 нысан мемлекет меншігіне қайтарылды.

Туған елдің шынайы жанашырларының есебінен, акция аясында шалғай жатқан ауыл мен тіршілігі қарқын алған қалалардың тынысы кеңейді, әлеуметтік инфрақұрылым жақсарып, елді мекендердің сәулеттік келбеті ажарланды, халқымыздың берекесі артты. Жүзеге асырылған жобалардың әрқайсысы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға өзіндік үлесін қосты. Мәселен, Үржар ауданының Ақжар ауылында салынған «Шапағат» сауықтыру орталығы мүмкіндігі шектеулі балаларға болашаққа деген сенім сыйлап, үміт отын жақты. Аягөз қаласында салынған бокс және күрес залдары бар спорт кешені, Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентіндегі «Ұлан» орталық стадионы жастарды салауатты өмір салтына баулып, жарқын болашақтарына жол ашты. Жарма ауданының Мұхтар Әуезов кентінде тұрғызылған «Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне мәңгілік естелік!» атты мемориал-ескерткіш ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, ел еңсесін еселей түсті. Биыл Жарма ауданының орталығы Қалбатауда және Абай ауданының Қарауыл ауылында халықаралық стандарттарға сай келетін зәулім спорт кешендері салынды.

Сонымен қатар, жаңадан мәдениет және спорт нысандары, балабақшалар мен ауылдық клубтар, демалыс орындары бой түзеп, ұзақ жылдар бойы пайдаланусыз қалған әлеуметтік нысандар қайта іске қосылды. Маңыздысы сол, шығысқазақстандықтар өздерінің ел тағдыры мен еншілес екендігін сезінді. Олардың белсенді азаматтық ұстанымдары жарқын көрініс тапты.

Туған жердің нәрін алып, кәсібін дамытып, нәсібін тауып жүрген жырақтағы жүрегі жомарт азаматтар мен туған елінің, өскен жерінің арасын жалғап жатқан алтын көпір іспеттес «Туған жерге – тағзым» акциясының орны ерекше. Ол – шұғылалы Шығыстан күн нұрындай күллі Қазақстанға үлгі болып тараған ердің ерлігін, елдің елдігін танытатын айтулы акция. Бүгінгі таңда осы бір игі істі Павлодар облысының Май ауданы өз жерінде жүзеге асырмақ. Жақсылықты жария етіп, өзгеге дарыту – ежелден қазақ халқына тән қылық. Осы бір ұлы қасиетті ұстана отырып, «Туған жерге – тағзым» акциясы бастау алған Шығыс елі осы бір игі істі өзге өңірлерде жүзеге асыру барысында әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсетуде.

Өзінің түлеп ұшқан туған жерін ешқашан ұмытпай, өскен еліне деген ыстық ықыласын аямау – әр адамның перзенттік парызы. Осы құндылықтарды басшылыққа алған әрбір азамат өзінің мүмкіндігіне қарай елі мен жерінің көркеюіне өз үлесін қосуы керек. Акцияның басты мақсаты да осыны көздейді. Бес жыл жалғасын тауып келе жатқан акция барысында туған жері үшін барымен бөлісуге әзір қарапайым жандардың да, атымтай-жомарт ауқатты азаматтардың да көп екендігі анықталды. Акцияға жергілікті тұрғындардан басқа өзге өңірлерде, алыс және жақын шетелдерде жүрген шығысқазақстандықтардың қатысып, қомақты үлес қосуы бұл игі іс-шараның мәні мен маңыздылығын арттыруға ықпал етті.

Жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың жарқын белгісіндей болған «Туған жерге – тағзым» акциясының туған өлке тіршілігі үшін берері, шығыстың шырайын арттыруға қосар үлесі әлі де мол.

Ең бастысы, әрбір азамат Қазақстанның болашағы үшін жауапты екендігін әсте естен шығармауы керек. Сонда ғана еліміздің бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ырыс-несібесі мол болмақ!..

Болатбек Өмірбекұлы

Осы айдарда

Back to top button