Шығысқа Оңтүстіктен хат
Мың сәлем шырайлы, әсем Шығысыма,
Келіп тұр көргендерім тіл ұшына.
Алтайға иек артып Тарбағатай,
Сендағы бауырыңа жылы ұшыра.
Айналып жұдырықтай Бозторғайға,
Қонсам ғой шырқап барып шың ұшына.
Күңіреніп қаңғыған оқ тимесе екен,
Жайылған Құлжасы мен Бұғысына.
Қанаты көбелектің дірілдейді,
Шынардың сырғасының сыбысына.
Шыңдалған шекарада ширақтық бар,
Жауапкер екі жақтың тынышына.
Шайқайды күміс суын Зайсан ару,
Қотарып кең пішілген ыдысына.
Бір сөзді, адамдардың жаны таза,
Жер таза, ауа таза, ырысы да.
Сақталып Мұздықтардай тұрған сынды,
Дақ түспей ізгіліктің шынысына.
Ырғызбай ата жатыр үйіп-төгіп,
Екі дүние қазынасын бұрышына.
Қос ғашық Қозы-Көрпеш, Баян сұлу,
Дұғамның құлақ түрді дыбысына.
Аягөз, Тарбағатай, Зайсандағы,
Мың алғыс көз көріскен ұлысыма.
Тілеймін Шығысымның амандығын,
Алланың шүкір еттім мұнысына.
Сіздерге деген жүрек ілтипатын,
Жібердім газетіңнің бұрышына.
Иншалла, тауық жылы табысты боп,
Жаңа жыл ырыс қоссын ырысыңа.
Әселхан Қалыбекова,
Қазақстанның халық ақыны
Шымкент.