Білім

«Шығыс ұландары» сыныбы ашылады

«Шығыс ұландары» сыныбы ашылады

Өскемендегі №4 орта мектебінде облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Жалпы білім беретін мектепте әскери-патриоттық тәрбие беру жүйесі» атты облыстық семинар өтті.
Аталмыш семинар барысында облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықова облыс аумағында орналасқан барлық мектептерде келер жылдан бастап «Шығыс ұландары» атты арнайы сыныптың ашылатынын айтты.
– Бұл сынып 12 бағыт бойынша жұмыс істейді. Атап айтсақ, жас құтқарушы, жас жол қозғалысының инспекторы, жас өрт сөндіруші, полицияның жас досы, әуе қорғаныс күштері, жас Отан қорғаушы, туризм, медицина, әскери-патриотизм мен саптық даярлық, атыс тактикасы, медициналық даярлық, әскери істің тарихы, топография негіздері бойынша оқитын болады. Оған оқушыларды әзірше 5-сыныптан бастап қабылдаймыз, – дейді басқарма басшысы.
Айта кетейік, «Шығыс ұландары» сыныбына оқушыларды қабылдау рәсімі ағымдағы жылдың мамыр айынан басталады. Облыс аумағында орналасқан 19 қала мен аудан мектептері осыдан бастап дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей интернатымен ынтымақтаса жұмыс істейді.
«Шығыс ұландары» сыныбында білім алатын оқушылардың өз әнұраны, туы, эмблемасы болады. Сонымен қатар, оларға арнап бірыңғай әскери форма тігіледі. Айжан Садықованың айтуынша, бұл сыныпта оқитын әр оқушыға айына 19 мың теңге бөлінеді. Бұл қаржы оқушының екі уақыт тамақтануына және алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімінің қосымша еңбекақы мөлшерлемесіне жұмсалады.
– Әскери форманың бағасы оқушының ата-анасының қалтасына салмақ түсірмеуі қажет. Сондықтан біз «Рауан» фабрикасына Өскемен көпсалалы колледжімен тығыз байланыс орнатуын сұрап отырмыз. Осы арқылы біз студенттерді де жұмыспен қамтуды ойластырып жатырмыз, – дейді Айжан Ерханқызы.
Облысымызда алғашқы кадет сыныбы 19 жыл бұрын Өскемендегі №4 орта мектепте ашылыпты. Семинар барысында аталған білім ордасының директоры Ольга Зюзь қатысушылардың назарына патриоттық тәрбие беру жүйесін таныстырып, «кадет» сыныбының жұмысына тоқталды.
«Дарын» орталығындағы инновациялық технологиялар бөлімінің меңгерушісі Клара Серікқызының айтуынша, бұл сыныптар «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы негізінде ашылуда.
– Бұл сыныптың ерекшелігі, мұнда қыздар да, ұлдар да оқитын болады. Оқушыларды алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері вариативтік композиция бойынша оқытады. Яғни, әр аудан 12 бағыттың ішінен бір бағытты таңдап, оқушыларды соған сәйкес дайындайды, – дейді Клара Серікқызы.
Семинар соңында облыстық білім басқармасы мен Қарулы Күштер және азаматтық қорғаныс мекемелері арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button