Шығыс кентінің балалары үш ауысымда оқып жүр

Бұл туралы Шәкәрім атындағы көпсалалы мектеп-гимназияда өткізілген «Инновациялық менеджмент – білім берудің сапасын арттыру негізі» атты облыстық семинарда Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко айтты.
Аталған семинарға облыстың әр түкпірінен білім беру бөлімдерінің өкілдері, мектептер мен мектепке дейінгі тәрбие беру орталықтарының мамандары қатысты.
– Осы жиында нағыз қажетті пікір алмасу алаңы құрылды. Мұнда білім беру мекемелерінің басшылары Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай өздерінің жұмыс барысындағы тәжірибелерімен бөлісе алды, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Байжанова.
Еліміз бүгінде өзінің білім саласын мейлінше жаңартып, өзгертіп жатыр. Сондықтан бұл мәселе Шығыс өңірінде де аса маңызды. Мәселен, үштілділік аясында оқушының білімін кеңейту, жергілікті облыстық жоғары оқу орындарының арасында өзара бәсекелестікті «Білікті маман» жобасы бойынша арттыру, шағын кешенді мектептерді дамыту, инклюзивті білім беру, «Менің мектебім» және тағы басқа жобалар күн сайын жетілдіріле түсуде.
Сонымен қатар шара барысында жекеменшік балабақшалар мен мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясындағы сәтті жұмыстар да көрсетілді. Семинарға қатысушылар жаңадан ашылған «Эрудит Kids» жекеменшік балабақшасының тыныс-тіршілігімен танысып, «Жұлдыз Ардақ» балабақшасының жұмысына қанықты.
– Семейде жыл сайын алты мың бала өмірге келеді, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко, – десек те, қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беру орталықтары немесе балабақшаларда кезекке тұру проблемасы мүлде жоқ. Семейде 56 балабақша жақсы жұмыс істеп тұр, оның 42-сі жекеменшік. Қалада жыл сайын мектепке дейінгі білім беру орталықтары ашылып жатыр. 2018 жылы Семейде осындай жеті балабақша ашылды. Бұның барлығы да мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында қолға алынған. Соған орай, өткен жылы бес балабақша сенімді басқару өкілінің қолына табысталды.
Кәсіпкерлер сенімді басқару өкілі атанғаннан кейін осы салаға өздерінің қаржысын салып жатыр. Өткен жылды қоса есептесек биыл жалпы салынатын инвестиция көлемі 290 миллион теңгеге жетеді. Бұл қаражатқа материалдық-техникалық база жаңартылып, заманауи білім беру стандарттары жасалады. Білім беру саласының ең үздік мамандары тартылады.
Иә, Семейде балабақша саны артып отыр, сондықтан да шағын орталықтарға деген сұраныс бәсеңдеді. Мектептерде орналасқан шағын орталықтардың саны осыған орай азайып келеді. Семейде соңғы жылы 33 шағын орталық жабылды.
– Қаланың кейбір мектептері екі емес, үш ауысымда бала оқып жатқандықтан бұл мәселе қатаң бақылауға алынып, жыл сайын жаңа мектептер салынуда, – деді білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко, – жақында ғана 1200 және 600 орындық екі мектеп салынып, пайдалануға берілді. Енді Степной ауылында 300 орындық мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Сол сияқты ауылдан көшіп келгендер көп қоныстанған Шығыс кентінде де 1200 орындық мектеп салынса деген үміт бар. Бұл жерде әлі де болса балалар үш ауысымда оқып жүр. Жаңадан мектеп салынса, бұл проблема шешіледі деп ойлаймын.
Наталия Фесенко семинарға қатысушылардың өтінішіне орай, қаладағы қосымша білім беру жүйесіне де тоқталып өтті. Облыстық семинарға қатысушылар №49 мектепте болды. Аталмыш білім ошағы өзінің өткен жылдағы жұмысының жетістіктерін таныстырды. Бұл жерде ата-аналарды мектеп өміріне тартуға орай «Асыл әже» атты әжелер кеңесі, «Шапағат» дейтін әкелер кеңесі, «Шамшырақ» ата-аналар клубы құрылып, жемісті жұмыс істеуде.
Раушан Нұғманбекова
Семей.