Білім

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА 8379 ТҮЛЕК ЖАҢА ӨМІРГЕ ЖОЛДАМА АЛДЫ

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА 8379 ТҮЛЕК ЖАҢА ӨМІРГЕ ЖОЛДАМА АЛДЫ

Уақыттан асқан жүйрік жоқ. Әне-міне дегенше тағы бір оқу жылы да артта қалып, аймақтағы барлық мектептерде соңғы қоңырау салтанаты болып өтті. Облыс бойынша мектепті тәмамдап, үлкен өмірге қанат қағып отырған 8 379 түлек үшін бұл қоңырау үні ерекше қымбат екені сөзсіз. Өскемендегі Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейінде өткен «Құлақтан үнің кетпестей, Сыңғырла соңғы қоңырау» атты мектеп бітіруші түлектердің мерекесіне облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
Бұл күні қаланың дәл ортасындағы мектеп-лицейге ағылған қауымның қарасы көп болды. Мектеп ауласы да түрлі-түсті шарлармен дәл мерекедегідей безендіріліпті. Ұстаздар мен ата-аналардың, мектеп бітіруші түлектердің жүзінен әлдебір қобалжуды, әлдебір қимастық сезімді оңай байқауға болады. Енді ше, он бір жыл бойы аялаған балапаның азамат болып есейіп, алтын ұя – мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қанат қағып жатса, қай ата-ана, қай ұстаз толқымасын. Жүректе мәңгі жатталып, көңіл түкпірінде қатталып қалар өмірдің қимас сәттері де осындай мезеттерден тұрса керек.

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА 8379 ТҮЛЕК ЖАҢА ӨМІРГЕ ЖОЛДАМА АЛДЫ

Өскемен қалалық білім бөлімінің басшысы Мәдениет Ахметованың айтуынша, биыл Өскемен қаласы бойынша 1275 оқушы мектеп бітіріп отырған көрінеді. Олардың 74-і «Алтын белгіден», 49-ы үздік аттестаттан үміткер. Қала мектептері бойынша «Алтын белгіден» үміткер сол 74 оқушының 8-і осы Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейінің түлектері. Мектеп-лицейдің директоры Жаңагүл Шаянбаева бұл үлкен көрсеткіш екенін айтады.
– Дәл қазір ерекше толқып тұрмын. Өйткені, он бір жыл бойы білім нәрімен сусындаған мектеппен қоштасу дегеніңіз өте қиын екен, – дейді аталған мектептің түлегі, «Алтын белгіден» үміткер Жұлдыз Жақыпбекқызы. Жұлдыз алдағы үлкен сын ҰБТ-дан сүрінбей өтетініне сенімді. Бәрі ойдағыдай болса, Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ студенті атанатын күн де алыс емес секілді. Ол мектепті он бір жыл бойы үздік оқып, ауыз толтырарлықтай жетістікке жету үшін ең алдымен аянбай еңбек ету және өзіңе-өзің сенімді болу керек деп санайды.
Сөйтіп, мектеп түлектері үшін ең бір қымбат, ең бір қимас, ұмытылмас сәт те келіп жетті.
Нұрлы үмітін арқалаған арқаға,
Жан сәулесін тарататын баршаға.
Шын пейілмен құрметімізді көрсетіп,
Түлектерді шақырайық ортаға – деп, түлектерді қошеметтеп ортаға шақырған жүргізуші 11 жыл бойы үлгілі білімімен, өнегелі тәрбиесімен биіктен көрініп, мектептің абыройын асқақтатқан әр түлекті жиналған жұртшылыққа жеке-жеке таныстыруды да ұмытқан жоқ. Бәрі де мақтауға лайық қыз-жігіттер. Мектеп бітіруші түлектердің мерекесіне арналған салтанатты жиында алғашқы сөз кезегі облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға берілген.
¬- Қадірменді ұстаздар, мектеп ұжымы, ата-аналар, оқушылар, жас түлектер! Бүгін сіздер мен біздер үшін өте қуанышты күн деп айтуымыз керек. Өйткені, үкілеген үміттерін арқалаған біздің жас түлектеріміз бүгін мектептің қабырғасынан ұшып, үлкен өмірге жолдама алып жатыр. Осынау салтанатты мерекеге ата-әжелеріміз келіп, көз қуанышына айналған немерелерінің қызығын бөлісейін деп отыр, ұстаздар өздерінің он бір жыл бойы төккен маңдай терінің, еткен еңбектерінің жемісін көріп отыр. Осының бәрі кез келген ата-ана үшін, кез келген отбасы үшін өмірдің мәнді кезеңі деп айтуға болады. Бүгін сіздер мектептің қабырғасынан түлеп ұшып Қазақстанның белсенді азаматы болмақсыздар, – деп сөзін бастаған облыс басшысының орынбасары биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы екенін, осы жиырма бес жылда еліміз экономикада, мәдениет пен спортта үлкен жетістіктерге жеткенін ерекше атап айта келіп:
– Бұрын сіздердің ата-аналарыңыз оқыған кезде, біздің буын оқыған кезде мектептер суық болатын, кітаптар жетіспейтін, мұғалімдер аз болатын. Қазір ең әуелі Президентіміздің таңдаған дұрыс жолының, мемлекеттің қолдауының арқасында мектептер жаңартылып, іші балаға толып, білім жүйесі жыл сайын өзгеріп, жаңарып, жаңғырып келе жатыр. Сендер Шығыс Қазақстан облысы деген қасиетті өңірдің тумаларысыңдар! Соны әрқашан естен шығармаңыздар! Шығыс Қазақстан облысы еліміздегі экономика, мәдениет, спорт, өндіріс, табиғи байлығы жағынан алдыңғы орыннан көрініп келе жатқан облыс, – деп сөзін жалғастырып, осы туған жердің артықшылықтарын да түлектердің құлағына құйып өтті. Сөзінің соңында Жақсылық Омар түлектердің алдағы ҰБТ дейтін үлкен сыннан сүрінбей өтіп, ұстаздар мен ата-аналардың сенімін ақтауына тілектестігін білдіре келіп:
– Сіздер тәуелсіз елдің тәуелсіз ұрпақтарысыздар. Сіздердің ойларыңыз да тәуелсіз, еркін, қабілеттеріңіз жоғары. Сіздер бұла болып өстіңіздер, ешкімнің бұғауын көрген жоқсыздар. Біз әрқашан да артымызға қарап тәубе қылған елміз. Сіздерге қарап білімді, қажырлы, жігерлі жастар келе жатыр деп қуанып жүрейік. Өздеріңе үлкен үміт артамыз, – деді.
Бұдан соң «Алтын белгіге» ұсынылып, болашағынан зор үміт күтіп отырған мектеп түлегі Томирис Агиянова да өзінің жүрекжарды лебізін тебірене жеткізді. Сондай-ақ, үлкен өмірге қанат қаққалы отырған түлектерге арнап бата берген Слямбек ақсақал мен ғасыр жасап, 106 жасқа жеткен Қайникамал әженің ақ батасы да ерекше әсерлі болды.
Ал соңғы қоңырау соғу құрметі 11-сынып түлектері Еркежан Жадықова мен Аслан Дәулетхановқа бұйырды.
Мектеп қабырғасында білім алған 11 жылдың ішінде 20 мыңнан аса қоңырау үнін естіген түлектер үшін бұл қоңыраудың үні ерекше. Әншейінде аса көп мән бермейтін қоңыраудың үні бүгін жүректерге қоңыр мұң сыйлағандай. Қоңырау үнінде де бір құдірет бар екенін олар енді ғана аңдағандай. Кейбіреулерінің жанарына мөлдір жас үйірілді.
Сиқырлы үнің сазды әуен,
Күмбірлеп ескен тағылым.
Сыңғырла соңғы қоңырау,
Өмірдің қағып дабылын.
Санама құйып сұлулық,
Өрлеттің білім шыңына.
Сыңғырла соңғы қоңырау,
Жол нұсқап болашағыма, – деген жүргізушінің саңқылдаған үні де әр түлектің сыр пернесін дөп басып жатқандай.
Бұл күні соңғы қоңырау салтанаты Өскемендегі №4 орта мектепте де cән-салтанатпен атап өтілді. Аталған мектеп әскери-патриоттық тәрбие бағытында жүргізілген 20 жылдық жұмыстың нәтижесін шығарды. Соңғы қоңырау салтанатына жиналған оқушылар мен ата-аналарды, ұстаздар қауымын облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары А. Нұрсейітова құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Біздің мектеп жалпы білім беретін қарапайым ғана білім ордасы. Мектеп табалдырығын аттаған барлық балаларды ешқандай іріктеусіз қабылдаймыз. Өзге мектептерге қарағанда ерекшелігіміз – біз оқушыларымызды өз Отанын сүюге, оның адал азаматы болуға үйретеміз. Осыдан 20 жыл бұрын осы мақсатта кадет сыныптарын ашқан болатынбыз, – дейді мектеп директоры Ольга Зюзь. Журналистерге берген шағын сұхбатында мектеп директоры түлектерінің 80 пайызы жыл сайын жоғары оқу орнына түсетінін, олардың тең жартысы грантқа ие болатынын да мақтанышпен жеткізді. Бұл мектептің түлектері негізінен еліміздегі жоғары оқу орнын таңдайды екен.
Осылайша тағы бір оқу жылы мәреге жетіп, қанаты қатайған тағы бір мектеп түлектері қияға қанат қақты. Өздері үшін соңғы рет соғылған бұл қоңыраудың үні олардың жанында мәңгілікке сақталатыны да сөзсіз.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button