Қоғам

Шығыс ауылында Наурыз мерекесі жалғасын тапты

Шығыс ауылында Наурыз мерекесі жалғасын тапты

Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылында дүркіреп өткен Наурыз мерекесін тамашалап, ата жұртына келіп алаңсыз тұрмыс құрып жатқан ағайындарды ұлық мейраммен құттықтады.

Қазақылықтың қаймағы сетінемеген бұл ауылда Ұлыстың ұлы күні жылда өз деңгейінде, өзгеше салтанатпен, ең бастысы, ұлттық нақышта аталып өтеді. Қаз-қатар тігілген аппақ киіз үйлердің есігі айқара ашылып, қоныс иелері құтты болсын айта келген меймандарды қабылдап, жайылған ақ дастарқаннан дәм таттырды. Қысқы соғымнан сақтаған сүрісін, қымыз-шұбатын, құрт-ірімшігін, бауырсағын және осы күннің ең негізгі тағамы – наурыз көжесін ұсынып мәз-мейрам. Төрге жайғасып алып, салиқалы әңгіменің тиегін ағытқан абыз ақсақалдар елдің тыныштығын іштей тілеп, Жаңа күнде Жаратқаннан жақсылық күткен ақ жаулықты әжелер саусақтары майыса меймандарына қымыз, көже құйған келіндер, ту сыртында айнала жүгіріп, асыр салған балалар… бәрі-бәрі бағзы замандарда атам қазақтың құт мекені болған жайлаудың жасыл барқыт шағын еске салғандай көрініс. Көзге ыстық, көңілге жақын.
Ал жан-жағынан қалың жұрт қаумалаған еңселі сахнада дауысын мың құбылта ән салған әншілер, шыбықтай бұралып билеген бишілер, домбыраның шанағынан күй төгілткен күйшілер мерекенің ажарын аша түскендей. Ауыл тұрғындарын ұлық күнмен шын жүректен құттықтаған аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ:
– Тамырын сонау бес мың жылдан алатын, кешегі кеңестік заманда аталмай қалған Наурыз мейрамымен тәуелсіздік алғалы бері қайта қауыштық. Биыл бұл күн сенбі, жексенбіге сәйкес келгендіктен ел аумағында Ұлыстың ұлы мерекесін бес күн қатарынан тойлаудамыз. Көктеммен қатар келетін осынау күнде жер-жаһан жаңарып, қайта тіріледі. Адамдар бір-біріне жақсы тілектерін айтып, жылы лебіздерін арнайды, өкпе-реніштері болса кешіреді. Сіздер де міне, бүгін береке-бірліктің, ынтымақ пен ырыстың, достықтың үлгісін паш етіп Наурызды тойлап жатырсыздар. Мұның бәрі әуелі егемендіктің, Мемлекет басшысы ұстанған сарабдал саясаттың, елдегі татулық пен тұрақтылықтың, экономиканың дамуының арқасы, – деп түйді.
Облыс Әкімінің құттықтау сөзінен кейін сахнаға көтерілген қазақ эстрадасының жұлдыздары, сонау Алатаудың бөктерінен арнайы ат терлетіп келген «Азия» тобының жігіттері «Мереке» әнімен шашу шашты. Белгілі дәстүрлі әнші Әділ Тұрғанбаев бастаған бірқатар жергілікті өнерпаздар да шет қалған жоқ. Бар өнерлерін ортаға салып бақты. Бір шетте спортсүйер көпшіліктің делебесін қоздырып, жанкүйерлердің қиқуымен қолпаштанған қол күрестіру, гіртасын көтеру, арқан тартыс сынды сайыстар білек күшіне сенген азаматтардың арасынан «кім мықтыны» анықтаса, енді бір шетте арзан өнімдермен сықаған жәрмеңке, көздің жауын алатын қолөнер шеберлерінің бұйымдары қойылған сауда-саттық Шығыстағы мейрамның шырайын ашты.
– Бұл күні біз қос мерекені қатар тойлаймыз. Әз-Наурызбен бірге ауылымыз Шығыстың туған күні де осы көктемнің шуақты шағымен қатар жетеді. Ең бірінші айтарым, тағдыр тауқыметімен әлемнің әр түкпірінде тарыдай шашылып жүрген қазақты тарихи Отанына қайтарып, бір қауым елге үлкен ауыл салып беріп, қолдау көрсеткен Президентімізге рақмет. Сосын үнемі қамқорлығына алып, жағдайымызды сұрап-біліп жүретін облыстың басшысына алғысымыз зор. Өстіп дүркіретіп той тойлауымыз, ештеңеге алаңсыз өмір сүруіміз сол басшылардың арқасы, – деп ағынан жарыла сөйлеген Шығыс ауылының тұрғыны Төлеген Құмарұлы ақсақал көктемнің келуімен қыруар шаруаның күтіп тұрғанын айтты.
Қарияның сөзіне қарағанда, самаладай жарқыраған үйлерді мемлекет салып бергенмен елді мекенді абаттандыру, аулаларға ағаш егу, көшені көгалдандыру, тазалықты сақтау – сол жерде тұратын ағайындардың міндеті. Сондықтан ауылдағы әрбір түтін жердің тоңы жіби сала көшеттер отырғызып, сенбіліктерге жұмыла атсалысуға тас түйін дайын. Оның «бісмілләсі» осы Наурыз мейрамынан басталып кетті.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button