Білім

Шыңғожадағы білім ошағына екі кабинет сыйлады

Шыңғожадағы білім ошағына екі кабинет сыйлады
Облыс әкімінің қолдауымен «Менің мектебім» акциясы аясында аудандағы мектептерде 35 кабинет модификациялық үлгіде жабдықталыпты. Оның 16 кабинеті Мамырсу ауылындағы С.Ғаббасов атындағы мектепке тиесілі екен.
Енді Шыңғожа батыр ауылындағы жалпы орта мектебінде екі бірдей кабинет жабдықталып, салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Нүкібаев пен аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрғали Әзімбаев, ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымы, ардагер ұстаздар қатысты.
Алғашқысы-Қазақ ұлттық техникалық университетінің аға оқытушысы Сандуғаш Киікбаеваның демеушілігімен жоғары санатты математика пәнінің мұғалімі Қарлығаш Киікбаеваның атындағы заманауи озық техникалармен жабдықталған робот техникасы кабинеті. Қарлығаш Абылайқызы – математика пәніне арналған әдістемелік кітапшаның авторы. Ол – 1982 жылдан бері аталмыш мектепте дәріс берген, облыс бойынша іс-тәжірибесі таратылған, халықаралық, республикалық, облыстық және ауданаралық олимпиадалар мен интеллектуалдық жарыстардың жүлдегерлерін дайындаған, талай шәкірт баулыған, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз болған.

Шыңғожадағы білім ошағына екі кабинет сыйлады

Екіншісі – ауданға танымал кәсіпкер, «Рысбек» шаруа қожалығының басшысы Қанат Оспановтың демеушілігімен «Қазақстан Республикасының Тәуелсізігіне 25 жыл» және Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медальдарының иегері, жұбайы Салтанат Қапанованың атындағы физика пәні кабинеті. Салтанат Орынбекқызы Шыңғожа батыр ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Өз құрбыларының арасынан дараланып шыққан, барлық қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысқан, мұқтаж жандарға қамқор болып, демеушілік жасаған кәсіпкер ретінде танылған еді.
1998 жылы алғашқылардың бірі болып «Қапанов» жеке кәсіпкерлігін ашып, Аягөзде халықтың игілігіне «Ұлытау мейрамханасын салып береді. 2013 жылы қараша айында Қарауыл ауылында жұбайы Оспанов Қанатпен бірге «Рысбек» шаруа қожалығын ашуға үлес қосқан. Ал 2015 жылы Аягөз ауданында сүт өндіру цехын ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтыған.
Салтанат Орынбекқызы Аягөз өңірінде өткен іс-шаралар мен басқосуларға, дүбірлі тойлар мен игілікті шараларға демеуші болып отырған. Ол 2009 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан Ауған соғысының қаһарманы, «Қызыл жұлдыз» медалінің иегері Оспанов Қайратты еске алуға арналған республикалық грек-рим күресінен жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі ашық турнирдің өтуіне атсалысып келген. .
Кабинеттердің салтанатты ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Нүкібаев Сандуғаш Абылайқызы мен Қанат Рысбекұлына аудан әкімнің Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтарын табыс етті. Сондай-ақ, Нұржан Құсатаев, Қайрат Ибрайшин, Самат Сепбосынов пен Мұрат Мейрамқұлов Қанаттың достары атынан мектеп ұжымына ноутбук пен принтер сыйға тартты.
– Кабинеттер соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен, интерактивті тақтамен, компьютермен және жаңа жиһаздармен толық жабдықталған екен, – дейді ардагер ұстаз Айтқазы Исатаев. – Бұл – балалардың терең білім алып, заманауи техникаларды игеруіне жол ашады. Осындай игі іс жасап отырған туыстарына, кәсіпкерлерге алғысымыз шексіз.
Кабинеттерді ашу салтанаты ардагер ұстаздар Әбдіқадыр Оспанов, Айтқазы Исатаев пен Гүлсімхан Жамантаеваға бұйырды. Мектеп оқушыларының дайындаған әдеби-музыкалық бағдарламасын тамашалаған жұрт мектеп оқушысы Жанерке Қазырбекованың орындауындағы «Ұстазым» әні шырқалғанда орындарынан тік тұрып қол шапалақтады. Ұстаздар көздеріне жас алды.
Мереке соңында Шыңғожа ауылында Қарлығаш Абылайқызы мен Салтанат Орынбекқызының рухтарына құран бағышталып, қатым түсірілді.

Тілеукен ТІЛЕУБЕРДІҰЛЫ
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button