Мәдениет

Шыңғожа облыстағы ең үздік ауыл атанды

Шыңғожа облыстағы ең үздік ауыл атанды

Шыңғожа облыстағы ең үздік ауыл атанды

«Үздік шағын қала», «Үздік аудан» және «Үздік ауыл» аталымдары бойынша облыстық байқаудың көшпелі комиссиясы өз жұмысын аяқтады. Үздік атағына үміткер 15 ауыл мен кенттен, 2 шағын қаладан және 15 ауданнан комиссия инфрақұрылымы дамыған, барынша көгалдандырылған, абаттандырылған елді мекендерді таңдап алды.
Облыс әкімінің өкілімен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында облыста 15 шілдеден 30 қыркүйекке дейін елді мекендер арасында конкурс өтті.
– Байқаудың бастапқы кезеңінде өтінімдер жиналып, үміткерлер тізімі қалыптастырылды. Бұдан соң 14 тамыздан 8 қыркүйекке дейін конкурстық комиссия мүшелері таңдалып алынған елдімекендерге шықты, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ринат Болатқан.
Комиссия жетекшісі облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов болды. Оның құрамына облыстық басқармалардың, «Нұр Отан» партиясы филиалының өкілдері және облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері енді.
Іс-шара жергілікті өзін-өзі басқару органдарының абаттандырудағы белсенділігін арттыру, үздік нәтижеге жеткен шағын қалаларды, ауылдарды анықтау, жергілікті атқарушы органдар арасында жүлдегерлер мен қатысушылардың оң тәжірибелерін зерделеу және тарату мақсатында өткен-ді.
Елдімекендер ғимараттардың, көше шамдарының, асфальт жабындысының, қоршаулардың, архитектуралық формалардың, балалар алаңдарының, тұрмыстық қалдық алаңшаларының, жеке үйлердің жағдайы, жасыл желек саны және тағы басқалар бойынша бағаланды.
Қорытынды жұмыс тобы сапарының нәтижесі және өлшемдерді салыстыру бойынша шығарылған. Ең көп ұпай жинаған аудан, қала, ауыл үздік деп танылыпты.
Сонымен, «Үздік шағын қала» аталымында 1 орынды Аягөз, екінші орынды Шемонайха иеленді. «Үздік аудан» номинациясы бойынша 1 орынды Зайсан ауданы алды, 2 және 3 орындар тиісінше Үржар мен Катонқарағай аудандарына бұйырды. «Үздік ауыл» болып Аягөз ауданындағы Шыңғожа ауылы танылды. Ал келесі орындарға Шемонайха ауданының Камышенка және Тарбағатай ауданының Ақжар ауылдары табан тіреген.
Әр аталымдағы конкурс жеңімпаздарына абаттандыру мақсатындағы гранттар табысталатын болады.

Ержан ӘБІШ

Осы айдарда

Back to top button