Мәдениет

Шымқорадан шыққан «Қос бұрым»

Шымқорадан шыққан «Қос бұрым»


«Ат аунаған жерде түк қалар» деген екен бабамыз. Шығыстың Шымқорасы – ежелден ақын-жазушы мен ғалымдарға бай өңір. Солардың соңынан еріп, саналы ұрпақтың туары – заңдылық, ата жолын қуары – ақиқат екеніне көзіміз жетті бүгін. Киелі топырақта қос бірдей ақынның жыр-жинағының тұсауы кесілді.

Марғұлан Бекболатқызы мен Шынар Тоимбаева – Шымқора ауылы С.Аманжолов атындағы орта мектептің оқушылары. Қос ақын бойларына тұмса табиғат дарытқан дарын ұшқынын Ұлан аудандық балалар шығармашылық үйіндегі «Жас қаламгер» үйірмесінде алау еткен. Үйірме жетекшісі – Құмар Зиятқанұлы. Ақын-ұстаздың табанды еңбегі мен шәкірттердің талабы бүгінгідей әдеби сазды кештің куәсі етіп отыр. «Қос бұрым» атты әдеби-сазды кештің шымылдығын қос ақынның өлеңдеріне сахналық қойылым жасаған аталмыш үйірменің бүлдіршін шәкірттері ашты. Мұнан әрі ән әнге, жыр жырға ұласты. Бірқатар құрметті қонақтар жас ақындарға баталарын беріп, игілікті іске мұрындық болған үйірме жетекшісіне алғыстарын білдірді.

– Егер осы ақын қыздарымыздың өлеңдері өткір болса, ол – ұстаз рухының биіктігі. Адам бойындағы қандай да бір қасиеттің ұшталуы ұстаздан, – дейді кештің құрметті қонағы, режиссер, актер Әскербек Қайырханов.

Өз кезегінде кеш иелерінің ата-аналары да лебіздерін білдірді.

– Әуел баста қыздарымыз «Жас қаламгер» үйірмесіне барамыз дегенде, босқа уақыт жоғалтар, одан да сабақтарына дайындалса игі еді дегенбіз, рас. Алайда бүгін балаларымыздың үлкен өнердің қақпасын ашқанына көзіміз жетіп отыр. Ұстаздарына мың алғыс, – деп ағынан жарылды Шынардың анасы Самал Құрманова.

Қызырбек Дүргінбайұлының жетекшілігіндегі, өңірге белгілі «Шабыт» ақындар клубының жас ақындары арттарынан ерген қос қарлығашқа жырдан шашу шашып, кеш көрігін қыздырды.

«…Шығармашы қазақ қызы есіңнен,
Қыздың ары – ұлттың ары екенін…»

Қос бұрым осылай жырлайды. Ақындардың бәрінде кездесе бермейтін асқақтық. Ел ертеңіне екі жастың біріне келмесе де елеңдейтіндей. Осыған сенгіміз келді. Сендік. Поэзия аламанына келіп қосылған ақын қыздарға ақ жол тіледік!

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button