ҚоғамТОП

Шығыста рекордтық аяз: -60 градус қай елді мекенде?

Алтайды аяз буып тұр. Бір жұма бұрын ақ түтек боранның соңы үскірік аязға ұласқан еді. Енді шыңылтыр аяз шығыс жұртшылығын шындап қыса түсті. Бүгін таңертең облыс орталығында ауа температурасы -39 градус болды. Ал редакцияға хабарласқан ауылдықтар сынап бағанасы алпыс градустан төмен болды деп жатыр. Бұл Глубокое ауданындағы Малоубинка ауылының тұрғындары еді.

– Кеше кешке, шамамен, сағат тоғыздан бастап термометрді сәт сайын суретке түсіріп отырдым. Түн ортасы ауғанда аяз күшейе түсті. Таңға жуық алпыс градустан төмендеп кетіпті. Тіпті, бейнежазбаға түсіруге мұрша болмады, – дейді ауыл тұрғыны Жолдыбек Жұмабай.

Рекордтық аяз осыдан алты жыл бұрын да Шығыс Қазақстан облысында тіркелген. Ол кезде Бородулиха ауданындағы Новопоровка ауылында термометр бағамы -48 градусқа дейін төмендеп, әлем рекордын жаңартуға шақ қалған. Әлемдегі ең суық қала деп танылған Сібірдегі Оймякон аймағында 1926 жылы  – 50 градус температура тіркеліпті. Осы оқиғаға байланысты, тіпті, мемориал тақта да қойылған.

Алайда Шығыстың бас шаһарынан жетпіс шақырым қашықта орналасқан Малоубинка ауылында адам айтса сенгісіз жағдай болып тұр. Тұрғындардың дәлел ретінде жіберген фотосуреттері мен бейнежазбаларын ұсынамыз.

Осы айдарда

Back to top button