Шығыста егістік алқаптың көлемі ұлғайды
ШҚО-да биыл көктемгі дала жұмыстары сапалы жүргізіліп, жоспар көзделген агротехникалық мерзімде орындалды.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңы 653 мың гектардан асып, өткен жылғы деңгейден 10,7 мың гектарға артты, деп хабарлайды Didar ақпарат.
ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратына сүйенсек, облыс бойынша егіс егу көрсеткіші былтырғымен салыстырғанда барлық дақыл түрі бойынша артқан немесе сол деңгейде қалған. Атап айтсақ, дәнді дақылдар өткен жылмен салыстырғанда 2 мың гектарға, майлы дақылдар 4,6 мың гектарға, жемшөп дақылдары 3,1 мың гектарға, картоп жүз гектарға, бақша дақылдары 900 гектарға ұлғайса, көкөніс дақылдарының көрсеткіші өткен жылғы деңгейде қалып отыр.
– Ағымдағы жылы көктемгі егіс көлемі 546,1 мың гектар болып, көрсеткіш жоспарланған көлемнің 102,2 пайызын құрады. Егіс алқаптарының жоспарланған құрылымы егіншіліктің ғылыми негізделген жүйесіне сәйкес келеді, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағандықов.
Көктемгі дала жұмыстарын іске асыру барысына жүргізілген талдау жалпы жоспарланған бірқатар жұмыстың сапалы әрі тиісті агротехникалық мерзімде орындалғанын көрсеткен.