Шығыстың отыз полицейі баспаналы болды
Жыл сайын 23 маусымда елімізде ерекше кәсіби мереке – Полиция күні аталып өтіледі. Сонау 1992 жылы Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі ішкі істер органдары туралы заң қабылдаған-ды. Бұл – Қазақстан полициясының міндеттерін айқындайтын ел тәуелсіздігі жарияланғаннан кейінгі алғашқы құқықтық акт. 2007 жылы 23 маусым ресми түрде «Полиция күні» болып бекітілді. Биыл Қазақстан полициясына 30 жыл толып отыр.
Өскемендегі мерекелік іс-шараға облыс әкімі Даниал Ахметов, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, сала ардагерлері, жұмыс барысында қаза тапқан қызметкерлердің отбасылары, полиция департаментінің жеке құрамы қатысты. Іс-шара басында мемлекеттік Әнұран шырқалып, Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Марат Ахметжановтың бейнеқұттықтауы көрсетілді.
– Бұл – біздің өмірімізді, денсаулығымыз бен дүние-мүлкімізді қорғап, күн сайын тәртіп пен заңдылықты сақтайтын адамдардың кәсіби мерекесі. Біздің полицейлер батылдықтың, шыдамдылық пен қайсарлықтың ерен үлгісін танытып келеді. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан полициясы күрделі даму кезеңдерінен өтіп, кемелдене түсті. Сіздердің қоғамдық тәртіпті, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға қосып жүрген үлестеріңіз өлшеусіз. Біздің полицейлер қоғам мен мемлекеттің мүддесін, ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғай отырып, өздерінің азаматтық және қызметтік борыштарын алдағы уақытта да абыроймен атқара береріне сенімім мол, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов өзінің құттықтау сөзінде.
Аймақ басшысы барлық полицейлерге қызметтері үшін шынайы алғысын білдіріп, тәртіп сақшыларына мықты денсаулық, ауыр еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық тіледі. Сондай-ақ облыс әкімі 30 полицейге Өскеменнің жаңа тұрғын үй кешенінен пәтер кілттерін табыс етті.
Бұдан соң облыстық полиция департаментінің бастығы, полковник Серік Жүнісбеков жеке құрамды мерекемен құттықтап, Ішкі істер министрі атынан облыс әкімі Даниал Ахметов пен облыс прокуроры Алмат Байшолақовқа «Қазақстан полициясына – 30 жыл» мерейтойлық медальдарын табыстады.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда ғана мінсіз қызметтері үшін 60 полицейді мемлекеттік наградалармен марапаттады, оның ішінде Шығыстың екі полицейі де бар екенін атап өткім келеді, – деді Серік Жүнісбеков.
Сонымен қатар ішкі істер министрінің бұйрығымен жоғары нәтижелерге қол жеткізген 50 қызметкер мерейтойлық медальдарға ие болды.
«Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен Күршім полиция бөлімінің бастығы, полковник Серік Манапов, «Ішкі істер органдарының үздігі» бірінші дәрежелі төсбелгісімен Зайсан полиция бөлімінің бастығы, подполковник Дидар Қамзин марапатталды. Ал криминалдық полиция басқармасының бастығы Қайрат Әбдіғалиевке мерзімінен бұрын полковник шені берілді. Аягөз полиция бөлімінің бастығы Қуаныш Әбішев подполковник погонын тақты.