ҚоғамТОП

Шығысқа туристерді қалай тартамыз?

Былтырғы қаңтар мен қыркүйек айлары аралығында Шығыс Қазақстандағы орналастыру орындары, былайша айтқанда, туристік нысандар 4,7 миллиард теңгенің қызметін көрсеткен. Өңірге 15 мыңға жуық шетелдік турист келіп, салаға құйылған инвестициялар көлемі де біршама ұлғайған.

 

Шетелдіктерге не қызық?

 

Әдеттегідей, келушілердің дені демалыс орны ретінде Бұқтырма су қоймасы мен Сібе көлдерінің жағалауын таңдап, осы арқылы өңірдегі жағажай туризмінің дамуына айтарлықтай үлесін қосқан. Ал қыс мезгілінде қонақтарымыздың таңдауы көбінесе Глубокое ауданы мен Риддер қаласына түсетіні заңдылық. Өйткені аталмыш екі өңірде тау шаңғысы туризмі барынша дамыған. Облыста пантотерапия, ауылдық және мәдени-танымдық туризм сияқты бағыттар да сұранысқа ие. Экологиялық туризмнің де болашағы зор, бүгінде бұл бағытқа ел Үкіметі де ерекше көңіл бөлуде. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Марат Қабақов мәлім етті.

Оның айтуынша, облыста жалпыұлттық маңызға ие 24 табиғат қорғау аумағы бар болса, оның ішінде, сөзсіз, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Марқакөл табиғи қорығы мен Батыс Алтай қорығының орны бөлек. Бүгінде бұл аумақтардың жалпы ауданы 1,7 миллион гектардан асады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда барлығы 21 туристік соқпақ бар. Алдағы уақытта Финляндия, Швеция, Канада, АҚШ сияқты мемлекеттердегідей біздің елде де, оның ішінде Шығыс Қазақстанда да осы бір әлеуеті зор бағытқа, яғни, экологиялық туризмге басымдық беру жоспарланып отыр.

Жалпы, экотуризм дегеніміз не? Халықаралық экологиялық туризм қоғамы экотуризмді қоршаған ортаны сақтауға, жергілікті халықтың әл-ауқатын қолдап, арттыруға бағытталған, сондай-ақ экскурсиялық-ағартушылық қызмет пен білім беруді көздейтін табиғи аумақтарға саяхат ретінде қарастырады.

Бүгінде экологиялық туризм – туристік индустрияның ең жылдам дамып келе жатқан секторы, оның үлесіне әлемдік туризмнің 25 пайызы тиесілі. Дүниежүзілік туристік ұйымның дерегіне сенсек, жыл сайын әлемдегі экотуристер саны 20 пайызға артып келеді екен.

Ал таза әрі еш бүлінбеген табиғи объектіге бай біздің мемлекет үшін бұл тіптен ең негізгі туристік бағытқа айналуы мүмкін. Иә, еліміз экотуризмді дамыту үшін зор әлеуетке ие. Этномәдени туризммен үйлескен қызықты табиғи ландшафттар, бірегей экологиялық соқпақтар ең талғампаз туристердің өзін бейжай қалдырмасы анық. Алайда мұның бәрі әзірге сөз жүзінде ғана қалып отыр.

– Біздің облысқа келген шетелдік туристерді негізінен осы экотуризм мен этнотуризмнің қызықтыратыны рас. Үлкен қала өмірінен әбден шаршаған еуропалықтар тіпті жағажайға да барғысы келмейді, оларға қарапайым ауыл өмірі, тамылжыған табиғат, ну орман, сылдырап аққан су мен тау-тастың өзі қызық. Бір атап өтерлігі, бұл туристердің бәрі қалталы азаматтар. Демек, облыста экотуризм мен этнотуризмге жағдай жасалса, бұдан әжептәуір табыс табуға болады. Сол себепті, елімізде қазір осы бір мәселеге айрықша көңіл бөліне бастады. Шығыс Қазақстанда да солай, – деп мәлім етті М.Қабақов.

 

Барлық жағынан алға басушылық бар

 

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, 2023 жылдың тоғыз айында Шығыс Қазақстанға келіп-қайтқан шетелдік туристер саны біршама артқан. Үш тоқсан қорытындысы бойынша шетелден келген туристер саны 15 мыңға дейін жеткен, өсім – 17 пайыз.

Сол сияқты аймақтағы туристік нысандардың қызметіне еліміздің 281 мың азаматы жүгінгенін айту керек. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, көрсеткіш 14 пайызға өскен.

Жоғарыда жазғанымыздай, былтырғы қаңтар мен қыркүйек айлары аралығында облыстың туристік нысандары 4,7 миллиард теңгенің қызметін көрсеткен. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24 пайызға жоғары.

  • Жалпы, Шығыс Қазақстан облысы туристік көрсеткіштерін сенімді түрде арттыруды жалғастыруда және бұл нақты сандармен расталады, – дейді М.Қабақов.

Оның айтуынша, өңірдегі туристік индустрияның оң нәтижелер көрсетуінің басты факторы негізгі капиталға тартылатын инвестициялар мәселесіне жіті көңіл бөліне бастауы болған-ды. Мәселен, 2023 жылы салаға құйылған инвестициялар көлемі 12,5 миллиард теңге болған, бұл 2022 жылғы көрсеткішпен (10,8 миллиард теңге) салыстырғанда 12 пайызға артық.

– Шығыс Қазақстан туристік нысандардың алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Бізде қысқы да, жазғы да туризмді дамытуға болады. Аймақта үш шипажай, 19 пантотерапия, төрт тау шаңғысы курорты, 84 қонақ үй мен 230 демалыс базасы, барлығы 20 051 төсек-орынға шақталған 340 туристік нысан бар. 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 103,4 пайыз болды, – дейді Марат Қабақов.

 

Жол азабын тартпайды

 

Биыл Зайсан ауданындағы «Майқапшағай» бақылау-өткізу бекеті арқылы елімізге бір миллион қытайлық турист келіп қайтуы мүмкін.

– Ағымдағы жыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған байланысты, облыста бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Әсіресе экологиялық және ауыл туризм бағыттарына басымдық берілмек. Шығыстағы көршіміздің Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданының үкіметі бір жыл көлемінде «Майқапшағай» бақылау-өткізу бекеті арқылы елімізге бір миллион туристі жіберуге дайын екенін жеткізді, – деп хабарлады басқарма басшысының орынбасары.

Мұның өзі облыста бірнеше инфрақұрылымдық жобаны жеделдетіп жүзеге асыруға мүмкіндік бермек. Бұл бірінші кезекте жолға қатысты.

– Өңірдің туризм саласын дамытуға инвестиция тартуды жалғастырамыз. Әрине, сала үшін ең маңызды мәселенің бірі – логистика. Аймақ басшылығының бастамасымен 2024 жыл Шығыс Қазақстандағы Жол жылы болып жарияланғанын білесіз. Осыған байланысты ағымдағы жылға арналған жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу жоспары әзірленді. Жалпы сомасы 28,5 миллиард теңге болатын жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 600 шақырым жолды қамтымақ. Оның ішінде туристік нысандарға апаратын маршруттар бойынша 4,1 миллиард теңгеге 121 шақырым жолды қалпына келтіру жоспарланып отыр, – дейді М.Қабақов.

Тағы бір атап өтерлік жайт, аймақта жол бойындағы дәретханалар мәселесі де біртіндеп шешіле бастайды. Облыс аумағындағы негізгі автомобиль трассаларының бойында талапқа сай санитарлық-гигиеналық торабы бар 14 сервистік нысан пайда болады.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасынан хабарлағандай, өңірде туризм саласын дамыту мақсатында бірқатар ауқымды жоба қолға алынуда. Солардың бірі – облысымыздың туристік аймақтарына апаратын жолдардың бойында санитарлық-гигиеналық тораптар салу жобасы.

– Облыстың негізгі жолдарында санитарлық-гигиеналық тораптары бар сервис нысандарын орналастыру үшін 14 нүкте белгіленді. Олар жалпы ұзындығы 800 шақырымнан асатын жолдардың бойында орналасып, арлы-берлі өткен жолаушыларға қызмет көрсететін болады. Сонымен қатар туристер үшін логистиканы жақсарту мақсатында инвесторды тарта отырып, Катонқарағай ауданындағы әуежайды қайта құру мәселесі пысықталуда. Өзара түсіністік туралы меморандум келісу сатысында тұр. Ауданмен әуе қатынасы туристердің жолға кететін уақытын барынша қысқартуға мүмкіндік береді, – деген М.Қабақов ұшақпен ұшатын демалушылар уақытты сегіз сағатқа дейін үнемдейтінін жеткізді.

Басқарма басшысы орынбасарының сөзіне сенсек, биыл өңірге турист тарту мақсатында «Қызылтас тауына шығу» (сәуір айы), «Bukhtarmafest» (қыркүйек) және дәстүрлі бүркітшілер фестивалі (қараша) сияқты хайкинг-іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Осы айдарда

Back to top button