Шығармалары Шығыстың өмірінен сыр шертеді

А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада белгілі кинодокументалист Анатолий Лаптевтің 75 жылдық мерейтойына орай шығармашылық кездесу өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова бастаған өңірдің бірқатар атқа мінер азаматтары қатысты.
Өскемен қаласының Құрметті азаматы, еліміздің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Президенті сыйлығының лауреаты Анатолий Лаптев – 32 деректі фильм мен көптеген сюжет, репортаж, очерктің авторы. Оның жарты ғасырдан астам уақыт түсірген әрбір туындысы шырайлы Шығыстың ғажайып табиғаты мен адамдарының қилы тағдырынан бүкпесіз сыр шертеді.
Аталған кеш автордың «Седьмой континент» кітабының жарыққа шығуы мен 75 жылдық мерейтойына арналды. Кеш қонақтары ең әуелі Анатолий Лаптевтің танымал кеңес киносының актері Иннокентий Смоктуновскиймен сұхбатын тамашалады.
Кездесуде А.Лаптев фильмдері мен репортаждарынан үзінділер көрсетіліп, Предгорный селосынан «Товарки» ансамблінің орындауында ол кісінің сөзіне жазылған «Родина предков», «Рахмановские тёплые ключи» әндері шырқалды.
Кеш тізгінін Өскемендегі «Мой город» қоғамдық қорының директоры, Ресей Жазушылар одағының мүшесі Геннадий Пуссеп пен аталмыш кітапхананың маманы Жанна Сақпанова ұстады
Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова мен облыстық мәслихат хатшысы В.Головатюк, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің облыс бойынша консулы Совет Қапанұлы мерейтой иесін құттықтап, оған облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыстады. Сондай-ақ, Жұмаділ Әділбаев, Геннадий Обухов, Борис Щербаков сияқты әріптес-жолдастары құттықтап, өткен күннен естерінде қалған ерекше естеліктерімен бөлісті.
«Либриус» ЖШС-нің директоры Хайдар Рахметуллин кездесу қарсаңында жарық көрген «Седьмой континент» кітабының үш данасын авторға ұсынды. Анатолий Павлович бұл кітаптарды кешін ұйымдастырған кітапханаға сыйға тартты.
Досы әрі әріптесі Геннадий Пуссеп мерейтой иесіне Анатолий Лаптевтің «Мадонны таежного края» деген атпен жаңадан басылып шыққан өлеңдер жинағын сыйлады. Сондай ақ, Анатолий Павловичті құттықтап ақын, танымал қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов және КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов өз бейне-құттықтауларын жолдады.
Арман Марқа