Руханият

Шындығатайдағы шекарашыларға кітап сыйлады

Өскен орта, туған жерге тарту жасаудың түрі көп. Ең кәделі сый тұғырлы туған жердің руханиятына үлес қосу болса керек-ті. Қазіргі таңда мұндай үрдісті үзбей жалғап келе жатқан қаламгерлердің қатары көп. Солардың бірі –  Алтайынан ой арқалап қайтып, кітап арқалап келетін жазушы Әлібек Асқаров.

Жуықта жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров жинаған кітаптарының бір бөлігін еліміздің ең шығысындағы «Шыңғыстай» шекара бөлімшесіне сыйға тартты. Мұндай құптарлық істің астарында мынадай екі мәселе бары бірден ойға оралды. Дін ғұламаларының пікіріне жүгінсек: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі күнәсіне өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз; екіншісі Отанды қорғап шекара күзеткен көз», – дейді. Сондықтан алғашқысы әлбетте, Отан қорғаушыларға, соның ішінде шекара күзетінде жүрген жауынгерлерге рух беру ниеті. Екінші ойы – осыдан жиырма алты жыл бұрын тәжік-ауған шекарасында қаныпезер жаумен болған қақтығыста ерлікпен қаза болған шекарашы жерлес інісі Раджан Батырхановтың рухына тағзым ету екен.

Өйткені бұл шекара бөлімшесі сол Отан үшін отқа түскен жас батырдың есімімен аталады. Ұлы Отан соғысының зардабы туралы талай шығарма жазған қаламгер сап құрып, тік тұрып қарсы алған жас жауынгерлер алдында сөз сөйледі. Қанды қырғын салған жан жарасының қаншалықты ауыр болатынын жақсы біледі ғой, өмір бойы ағасын аңсап сағынып өткен кейіпкері көпшіліктің есінде.

–  Бұл менің кітапханамнан ойып тұрып орын алған қимас қазына. Бұл кітаптарда жазылған әрбір әріптің адамды ізгілікке үндеп, жақсылыққа жетелейтіні белгілі. Бұлардың ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен «Қазақ поэзиясының інжу маржаны» сериясымен жарық көрген жыр кітаптары, өр Алтайдың тарихы мен танымдық мақалалар жинақталған кітаптар, қазіргі қазақ жазушылары мен ақындарының шығармалары бар. Менің де бірқатар туындым бар, – деді жазушы Әлібек Асқаров.

Қаламгер осыған дейін Берел қорық мұражайы кітапханасының қорына мыңға жуық кітап  пен альбом сыйлаған болатын. Бұндай үрдісті әр адам жалғаса әр өңірде рухани құндылық қанатын кеңге жаймақ.

Қатонқарағай ауданы. Ләззат Аймұхамбетова

Осы айдарда

Back to top button