Аймақтар аухалы

Шыңғыстайға ауыз су келеді

Іргесінде тайдай тулаған Бұқтырма жазда ауыл үстінен қырық бұлақ болып ағып, көшелеріне жайылып жатса да, таза ауызсуға шөлдеп, қарсысындағы Аққайнар мен төбелеріндегі Өрел ауылдарының тұрғындарының өркениетіне қызыға қарап, ауыздарының суы құрып отырған шыңғыстайлықтардың да айлары оңынан туатын болды.

Бұдан бірнеше жыл бұрын республикамызда қабылданған «Ақбұлақ» бағдарламасының шапағаты Шыңғыстайға да тиіп, жалпы сметалық құны 680 миллион болатын су құрылысының жұмысы өткен күзде басталған болатын. Қыс түсіп, жер қатқанға дейін мемлекеттен бөлінген  алғашқы  соманы игерген мердігер «НКО» ЖШС күн жылынған соң Шыңғыстайға қайтып оралып, су құбырларын  салу жұмыстарын жалғастыруға кірісті.

Учаске бастығы Жасұлан Кәкеновтің айтуынша, мердігер компанияның алдында он мың тоғыз жүз жетпіс метр жерге 110 милиметрлік, 4700 метр жерге 20 милиметрлік полиэтилен трубалармен су құбырларын жүргізу, екі су сорғыш станциясын, 480 текше метрлік бір таза су резервуарын салу керек. Жоба бойынша ауылдағы әрбір үйдің ауласына дейін су құбыры салынады. Ары қарайғы шаруа тұрғындардың өз қалауында. Әрине, үрейлендірген індет қаржылық қиындықтар тудырмаса, құрылыс жұмыстары биылғы жылдың соңына дейін аяқталмақ.

Жәнібек Қызыр

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button