Шуақты шаңыраққа айналған
Өмір бойы ауылда тұрып, ғұмыры мал соңында өтіп келе жатқан бір ақсақал бірде сырқаттанып, аудандық ауруханадан бір-ақ шығады. Аурухананың аппақ жайма төселген төсегін, ішіндегі ыстық-суық суын, таңғы асқа берген тіске жұмсақ тоқаш пен ботқасын көрген жарықтық ауылдағы қоңырқай тірлігімен салыстырса керек, «паһ, шіркін, мынау нағыз кәрілер жататын жер екен ғой» деп тамсаныпты. Первомай арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тыныс-тіршілігімен танысқанда, сол қарияның айтқаны еріксіз еске түскені.
Қоңыр күз болса да, орталықтың атшаптырым ауласындағы сан алуан гүлдер, сұңғақ аққайындар мен шыршалар жаздың аптап ыстығында тұрғындарына сая болғаны көрініп тұр. Соңғы жайма-шуақ күндерді бос жібергісі келмеген қариялар есік алдында серуендеп жүр, ана-мына жерде шүйіркелесіп отыр. Первомай арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Ерболат Ошақбаевтың сөзіне қарағанда, мекемеде 105 қызмет алушы тіркелген. Кейбіреуі өз өтініштерімен келсе, тағы біреулерін туыстары, балалары әкеліпті. Туғандары Ресейге, Германияға, басқа да алыс шет елдерге көшіп кеткендер де бар араларында. Осы жерде туып-өскен, өмір бойы Қазақстанда тұрып келе жатқан жандарға жастары жер ортасынан асқанда бөтен жерге қоныс аудару оңай емес. Қартайған шағында немере-шөбере сүйіп, бала-шағасының ортасында жүргенге не жетсін?! Алайда тағдырдың жазуымен жұртта жалғыз қалған жүрегі жаралы жандар үшін әлеуметтік орталық жай ғана тұратын жер емес, қара шаңырақ десе де болғандай. Олар осы жерде белсенді өмір сүреді, өздерінің сүйікті істерімен айналысады. Мекемеде барынша қолайлы жағдайлар жасалған, медицина мамандарының бақылауында, төрт уақыт тамақпен қамтылған.
Бұл – біздің үйіміз
Мекеменің ең байырғы тұрғындарының бірі – жасы бүгінде жетпістен асқан Петр Бобров осы жерге елу екі жасында келіпті. Ертіс химия-металлургия зауытында слесарь болып жұмыс істеген. 1974 жылы үйленіп, екі баланың әкесі атанып, ел қатарлы өмір сүріп жатады. Кейін жол апатына түскен Петр Иванович бір аяғынан айырылып, мүгедек болып қалған. 90-шы жылдары Ресейге алдымен балалары, кейін жұбайы тұрақты қоныс аударғанда, ол туған жерін қимай, жападан-жалғыз қалады. Ауылды жерде мүмкіндігі шектеулі жанға жалғыз тұру оңай емес, сондықтан өз өтінішімен осында орналасыпты.
Орталықта жастары тоқсаннан асқан қариялар да бар. 1928 жылы дүниеге келген Полина Макарова – Украинаның тумасы. Қазақстанға 1947 жылы көшіп келген Полина әжейдің барлық ғұмыры Убинка ауылында өткен. Колхозда жұмыс істей жүріп, төрт бала сүйіп, жеткізген еңбек ардагері он бес жылдан бері осында тұрады. Айтысына қарағанда, балаларына масыл болғысы келмепті.
Тағы бір тұрғын – В. есімді әжейдің тағдыры тіпті аянышты. Жетпіс бес жастағы қария облыстың бас онкологы Гүлмира Сагидуллинаның тікелей араласуының арқасында осы жерден пана тауыпты. Бұрын қатерлі ісікке ота жасатқан қария пандемия кезінде онкологиялық орталыққа ем-дом алу үшін қайта түседі. Әңгіме арасында онкологтар әжейдің стационардан шыққан соң барар жері жоқ екенін анықтайды. Ертеректе баспанасынан айырылып қалған қария бірнеше жылдан бері өзі сияқты жалғызбасты егде таныс әйелдің үйін паналап жүріпті. Алайда соңғы уақытта ол кісі де науқастанып, ауруханаға түсіп қалады да, енді барар жері болмайды. Науқастың басындағы қиындықтан хабардар болған Гүлмира Сагидуллина оның жаңа отбасын табуына бар күшін салады.
– Біз облыстағы әлеуметтік мекемелерге хат жазып, жағдайды түсіндірдік. Первомай арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Ерболат Құмарханұлының бірден қол ұшын беруге келіскеніне қуаныштымыз. Барлық құжаттар дайын болғанша бір айдай уақыт кетті. Қазір біздің науқасымызға жеке бөлме беріліпті, өзінің баспанасы бар, – дейді облыстық онкология және хирургия орталығының директоры Гүлмира Габдулқызы.
Мекемеге арнайы келген сапар барысында бас онколог науқасты қарап, ары қарай қабылдайтын ем-домын тағайындау үшін Шемонайхадағы аудандық онкологқа жіберу туралы нұсқау берді. Қазір әжей жаңа ортаға үйренісіп қалыпты.
Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында он бес отбасы тұрып жатыр. Жалғызбасты жандар осы жерде табысып, шаңырақ көтеріпті.
– Біз төртінші қабатты отбасылы қарттарымызға бердік. Олардың есік алдында жеке жер учаскелері де бар. Өздері гүл егіп, көкөніс өсіріп, шаруаларын дөңгелетіп отыр, – дейді орталық директоры.
Анатолий Чертовской мен Татьяна Гуляеваның екі кісілік жинақы бөлмесінде отбасына қажетті жиһаздың барлығы сыйып тұр. Ең кереметі – вазаларда иісі аңқыған раушан гүлдері. Бұлар нағыз шығармашыл отбасы болып шықты. Отағасы гүл өсірумен айналысса, Татьяна Ивановна өлең жазады. Кез келген тақырыпты поэзия тілімен жеткізуге шебер. Шалының алдымен қызыл раушан гүлдерін еккенін, кейін ақ гүлдерді де өсіргенін мақтан етіп айтып берген Татьяна Ивановна бау-бақшаларын да жырға қосқанын жасырмады. Қатерлі ісікке шалдыққан Анатолий Денисовичті онколог-хирург Ербол Құсайынов қарап, болашақта қабылдайтын ем-домын тағайындап берді.
Мекеме ғимаратының екінші қабатында шаштараз, стоматологиялық кабинет, емдік жаттығу бөлмесі, релаксация бөлмесі, кітапхана орналасқан. Бұдан басқа наурыз, Құрбан айт сияқты мерекелерді өткізуге арналған бөлме де бар. Еңбек терапиясы бөлмесінде қариялар моншақтан әртүрлі сувенирлер тоқиды. Бөлменің қабырғасына қариялардың қолынан шыққан суреттер мен бұйымдардың көрмесі ілініпті.
Онколог-дәрігерлердің сыйға тартқан кітаптарын қабылдап жатып, бір әжей: «Бізде дарынды суретшілер көп. Бізге қағаз бен бояулар керек», – деген тапсырысын беріп те үлгерді.
Ерболат Құмарханұлы онкологиялық орталықтан басқа облыстық көздің микрохирургия клиникасымен, облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың уролог, гастроэнтеролог мамандарымен, Шемонайха аудандық ауруханасымен тығыз байланыс орнатылғанын айтады. Тұрғындарының басым бөлігі егде жастан асқандар болғандықтан медициналық бақылау – бірінші кезектегі міндеттері. Пандемия кезінде қызмет алушыларды COVID-ке тесттен өткізіп, үнемі тексеріп отырған. Карантиндік шектеулер кезінде орталықтың мамандары осы жерден шықпай, ауысыммен жұмыс істеген көрінеді. Қызметкерлердің жұмысына басшылық ғана емес, қарттар да риза.
– Карантин кезінде өз отбасыларын, бала-шағасын тастап, көктемде бау-бақшаларына да қарамай, біздің қасымызда болды. Бізді балаша мәпелеп, көңілімізді аулауға тырысады. Жалғызілікті жандардың көңіл-күйлері бірде былай, бірде алай. Қылтың-сылтың қылықтарымызды да көтереді, – дейді тұрғындар.
Қызмет көрсету аясын кеңейтеді
Орталық директорының қариялардың тұрмысын жақсарта түсуге бағытталған жоспарлары аз емес. Биыл подвалдың желдету жүйесі толық жөндеуден өткізілді. Жазда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының шеңберінде 64 балконды шынылаудың реті келіпті. Нәтижесінде әр бөлмеде қосымша пайдалы аумақтар пайда болғанына тұрғындар да мәз. Енді қысқа дайындаған тұздалған көкөністерін сақтайтын орын табылды.
Мекемеде төрт уақыт тамақ берілгенімен, директор бір күнге тамаққа бөлінген ақшаның аз екенін айтады.
– Жиырма жыл бұрын қарттар үйі ретінде ашылған мекеме кейін статусын арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ретінде өзгерткенде, бұл мәселе заң тұрғысында шешілмей қалған. Кісі саны бізбен бірдей басқа орталықтарға күніне тамаққа 1100 теңге бөлінсе, бізде 789 теңге қарастырылған. Бұл проблеманы көтердік. Шешімін тауып жатса, қарияларымыздың ауқаттануы одан сайын жақсара түсер еді. Тұрғындар үшін төртінші қабатта асхана, үшінші қабатта буфет жұмыс істейді. Оларға өздерінің қалаған тағамдарын пісіріп ішуге де жағдай жасалған. Қазір төртінші қабаттағы асхананы толық кафельдеп, жаңартып жатырмыз, – деді Ерболат Ошақбаев.
Орталық ұжымының басқа да жобалары бар екен.
– Болашақта қарттарымызға көрсетілетін қызметтің аясын кеңейтуге бағытталған бірнеше әлеуметтік жобамыз бар. Жапон Үкіметінің «Корни травы» жобасы аясында 40 миллион теңгенің жобасын жасадық. Оның 14 миллион теңгесіне мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдауға арналған қолайлы көлік алмақшымыз. Қалған 26 миллион теңгеге физиоемдеу кешенін жабдықтамақпыз. Екінші қабаттағы бес бөлмені біріктіріп, үлкен физиоемдеу кешенін ашқымыз келеді. Мұндай бастамалар қолдау табуы керек деп ойлаймын, – деп атап өтті мекеме басшысы. Бұдан бөлек емдік денешынықтыру бөлмесін жабдықтауға он миллион теңгеге бюджеттік өтініш беріліпті.
Әлеуметтік орталыққа демеушілер де қол ұшын созып тұрады. Биыл біреулері тоңазытқыш сыйласа, 75 мың теңгеге көк шөпті қырқатын құрал, 100 мың теңгеге баққа орнататын шағын архитектуралық фигуралар сатып алынған. Изолятор бөлмесіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп беріпті. Пандемия кезінде бетперде мен қолғаптар сияқты жеке қорғаныс құралдарымен, қандағы оттегінің деңгейін анықтайтын пульсоксиметр аспаптарымен көмектескендер аз болмапты.
– Өткен жылы көрпе-жастықтарымызды жаңалап алдық. Енді төсектерді, матрастар мен төсеніштерді, фойелердегі жиһаздарымызды да жаңаласақ, – деп армандайды орталықтың директоры.
Айна Ескенқызы