Экономика

Штирия үкіметінің өкілдерімен кездесті

Штирия үкіметінің өкілдерімен кездесті

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев бастаған шығысқазақстандық делегация жұмыс сапарымен Австрияның Штирия федералды жерінде болып, екі аймақ арасында ынтымақтастық байланыс орнату мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді.
Шығысқазақстандық делегация Штирия экономикалық палатасының басшылығымен, сондай-ақ, Штирия үкіметінің өкілдерімен кездесіп, аймақтар арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын анықтау жолдарын қарастырды.
Кездесулер барысында австриялықтарға Шығыс Қазақстанға инвестиция тарту мүмкіндіктері таныстырылып, облыстағы инвестициялық жобалар шеңберінде ынтымақтастық орнатуға ұсыныс жасалды. Бұған қоса, облыс әкімдігі мен Штирия федералды жерінің үкіметі арасында экономика, туризм, ғылыми зерттеулер, технологиялар, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау сияқты салаларда әріптестік қарым-қатынастар орнатуды қарастыратын меморандум жобасы талқыланды. Тараптар бірқатар сала бойынша бірлескен жол картасын құру жөнінде шешім қабылдады. Кездесуде сонымен қатар, «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ мен Семей қаласы әкімдігінің инвестициялық жобалары таныстырылды.
Екіжақты келіссөздер барысында келесі жылы Штирия федералды жерінің ресми делегациясы облысымызға жауапты сапармен келетіні белгілі болды. Австриялықтардың сапары аясында тараптар аталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қояды деп күтілуде.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button