Білім

ШҚО оқушылары 19 медаль иеленді

О

Сәуір айының соңында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың  қорытынды кезеңі өткен болатын. Олимпиадада оза шауып, бәйге алған оқушылармен еліміздің білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов онлайн кездесу өткізіп, жылы лебізін білдірді.

– Әрине, біздің елімізде  дарынды балаларды, жалпы білім саласын дамыту үшін үлкен жұмыс істеліп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, егемендік алғаннан бастап мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Дарын» орталықтары құрылды. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды балаларды қолдау, олимпиадалық қозғалысты әрі қарай дамыту үшін алдымызға үлкен-үлкен  мақсат-міндеттер қойып отыр. Сондықтан да осы міндеттерді абыроймен орындауымыз керек, – деген министр бір жарым жылдан бері дүниені әлемтапырық еткен пандемия бүкіл әлем жұртына үлкен сабақ болғанын, пандемия жағдайында әр мемлекеттің, қоғамның дамуының негізгі көрсеткіші білім-ғылым екені тағы бір дәлелденгенін, сондықтан бәсекеге қабілетті ел боламыз десек білім саласын дамытуға баса назар аудару қажет екенін айтты.

Ведомство басшысы кейде салаға қатысты сын-пікірлердің де көп айтылатынын жасырмады.

Кездесуге шығысқазақстандық оқушылар да қатысып, министрге сауалдарын қойып, емен-жарқын сұхбаттасты.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиада «Ustudy» тестілеу орталықтарының базасында  алғаш рет «бір қатысушы – бір компьютер – бір камера» қағидаты бойынша прокторинг жүйесін қолдана отырып, жаңа форматта өтті. Осынау білім додасына облыс атынан қатысқан оқушылар жоғары нәтиже көрсетіп, 19 медальды қанжығалады. Оның біреуі алтын, үшеуі күміс және 15-і қола медаль.

Семей қаласындағы дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы Мұхаметкәрім Қаныш алтын медальмен және І дәрежелі дипломмен марапатталса (информатика), Өскемен және Семей қалаларындағы «Білім-Инновация» лицейінің оқушылары Дінмұхаммед Оралханов, Бекболат Мамырбеков және Нұртөре Төреханұлы химия, биология және информатика пәндері бойынша күміс медальға ие болды.

Соныман қатар Өскемен мен Семейдегі «Білім-Инновация» лицейінің, Алтай ауданындағы Зубовка орта мектебінің, Жарма ауданындағы Ақтайлақ би атындағы орта мектебінің, Абай ауданындағы Шәкәрім орта мектебінің, Өскемендегі №12 мектеп-гимназиясы мен математика, физика, информатика саласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-лицейінің, Зайсан ауданындағы Мукарама орта мектебінің, №3 Күршім гимназиясының оқушылары қола медальға ие болды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова да аймақ басшысының бастамасымен оқушыларды олимпиадаға дайындауға, олардың дарынын ұштауда көптеген жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады.

– Мен өзімнің жеңіске жететініме сендім. Өйткені мен 7- сыныптан бастап информатика пәніне ерекше мән беріп, қызығушылықпен оқып келемін. Республикалық, халықаралық сайыстарға қатысып, бақ сынап жүрмін. Сондықтан да болар осы олимпиадаға қатысарда түк те қобалжыған жоқпын, жүлделі болатыныма сендім, – дейді Семейдегі дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы, олимпиаданың алтын медаль иегері Мұхамедкәрім Қаныш.

Мұхамедкәрім журналистермен әңгіме барысында алдағы уақытта осы бағытта еңбектеніп, болашақта мықты IT маманы болуды армандайтынын ақтарыла айтты.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде үздік шыққан оқушыларды Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Жақыпов  құттықтап, грамоталар мен дипломдар табыс етті.

Мейрамтай Иманғали

 

Осы айдарда

Back to top button